РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ — БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

18 қазан – Рухани келісім күні

Үстіміздегі жылы Қазақстан егемен, зайырлы және демократиялық мемлекет ретінде алғашқы қадам жасағалы Рухани келісім күнін 22 мәрте атап өтпекші. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын.

Бұл күні адамзат тарихында тұңғыш рет барлық дін өкілдері, қоғамдық діни ұйымдардың өкілдері, дін мәселесі жөнінде ой-пікір таластырып жүрген белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бір үстел басында жиналды. Конгрессте қабылданған манифесте оның қатысушылары 18 қазан күнін жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий, адамдар арасында өзара түсіністік, рақымшылық және жақыныңа көмек көрсету күні деп жариялауға шақырды. Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресінің бастамасымен қазақстандық күнтізбеге қоғамдық маңызы бар күн – Рухани келісім күні енгізілді. Содан бері ұлтаралық татулық пен рухани келісім біздің басты темірқазығымыз болып табылуда.

Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті діттейді. Сондықтан біздің де көздегеніміз дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу. Алла тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді” деген (Мумтахина сүресі, 7-аят). Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Бұл ретте көп этносты, көп дінді елімізде өзара келісім, руханият пен ынтымақтастықты нығайтудағы осы атаулы мерекенің орны ерекше.

Жалпы “Ислам” сөзі “амандық, есендік, бағыну, берілу” ұғымын білдіреді. Яғни, ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл жайында: “Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік” (Әнбия-107), – деп, сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін “сәлам” сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені, Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса насихаттайды.

Адам саналы жаратылыс иесі болғандықтан, еріксіз түрде: “Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Бұл дүниеге не үшін келдім? Жаратушы бар ма?” – деген сұрақтар қояды. Осындай сұрақтардың жауабын беру үшін Алла тағала пайғамбарлар арқылы дін және заңдылықтар топтамасынан тұратын қағидалар жіберді. Міне, сол қағидалар мен заңдылықтар тек ауызекі ғана емес, жазбаша түрде қасиетті кітаптармен де расталып отырды. Адамзатқа қанша елші және кітап түскенімен, сан ғасырға созылған тарихында әр алуан наным-сенім пайда болды. Жер бетіндегі діндердің ешбірі бөлінушілікке жол бермегенімен, адамдардың ойлау мен түсінік деңгейіне ешқашан да тосқауыл бола алмайды. Себебі, жоғарыда айтылған сұрақтарды әрбір діни сенімдегілер өзінше түсініп, түсіндіруге тырысады және мұның ақыры түрлі секталардың пайда болуына әкеп соқтырады. Ислам бойынша діндер негізінен екіге бөлінеді: Алла тарапынан жіберілген діндер (иудаизм, христиан, ислам); Алла тарапынан жіберілмеген діндер (буддизм, индуизм, сихизм, т.б.).

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі, Алла тағала Құранда: “Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі” (“Хужурат” сүресі, 13-аят), – деп бұйырса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да былай дейді: “Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің – діндар болғандарың”.

Жаратқан Иемізге мың да бір шүкір, Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Аллa тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, исламда зорлық жоқ. “Бақара” сүресінің 256-аятында: “Дінде зорлық жоқ”, – деп Алла тағала анық түрде баян еткен соң әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Соңғы уақытта дінаралық диалог, үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Алайда, бұл үнқатысуды Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Құранда Алла тағала кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді: “Ей, Мұхаммед! Оларға айт: Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса, куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман болдық, деңдер” (Әли Имран сүресі, 64-аят).

Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: “Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар” (“Анкабут” сүресі, 46-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мәдина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ Убәй Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен, Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті, мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ Убәй Сәлул қайтыс болмастан бұрын баласын Хз. Пайғамбарға (с.ғ.с.) жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы – Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан (с.ғ.с.) тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни, қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді.

Біздің түсінігіміздегі барлық діндер өзінің жақынын сүю, қиналғанға көмектесу, кедей-көпшікті аяу, мәңгілік парыздарға мойынсыну деген бүкіл адамзат үшін түсінікті және қарапайым ортақ ұстанымға негізделген. Рухтың осы кеңістігі адамдарды біріктіретін жалпыға бірдей орта болып табылады.

Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.

 

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

“ҚЫЗЫЛЖАР” орталық мешітінің бас имамы.

Return to Top ▲Return to Top ▲