Ауа-райының суық болғанына қарамастан қызылжарлықтардың жас-кәрісі орталық мешітке қарай ағылды. Құрбан айтқа жиналған адам мешітке сыймай кетті. Бұл күні бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері кездесіп-көрісіп, ұлық болған Құрбан айт мерекесінде игі тілектерін айтып, ниеттерін білдірді.
Күн шығысымен мешіттің ұстазы Хамзат Әділбеков халыққа мерекелік уағызын бастады. Уағыздан кейін мешіт бас имамының уақытша міндетін атқарушысы Алыпқашев Аян имам жиналған мұсылман бауырларды Құрбан айтпен құттықтап, сөз тізгінін қала жұртшылығын арнайы құттықтауға келген облыс әкімі Самат Сапарбекұлы Ескендіровке берді. Өңір басшысы жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. «Бұл мейрамның тарихи тамыры сонау тереңде жатыр, оны қазіргі күні барша мұсылман қауымы атап өтуде. Құрбан айт мерекесі қазақ еліндегі барша ұлттар мен ұлыстарға ортақ мереке», – деп атап өтті өңір басшысы. Сонымен қатар әкім жиналған жамағатты жетімдер мен жесірлерге, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, денсаулығы нашар адамдарға көмек қолын созуға шақырды, ол үшін әр мұсылман азаматы сауапқа ие болатынын атап өтті. Сөз соңында облыс әкімі Самат Сапарбекұлы жерлестерін құттықтай келе, оларға зор денсаулық, бейбітшілік пен қайыр-шарапат тіледі.
Айт намазы өңіріміздің барлық мешіттерінде сағат 08.30-да басталды. Мерекелік намазға жат жерлік мұсылмандар да қатысты. Намаздан кейін жиналған жұрт бір-бірін құшақтап, Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Намаздан кейін мешіт жанында облыс әкімі Самат Сапарбекұлы құрбандық шалды. Осы ірі қараның еті түгелдей жетімдер үйіне берілетіндігі айтылды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі