Облыстық «Қызылжар» орталық мешіті ұжымының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай мешітте игі шара өткізілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, шәкірт апалар, жергілікті намазхандар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен мешіт асханасында наурыз-көже пісіріліп, келген жамағатқа тегін таратылып отырды. Шын ниетпен дайындалған көженің ерекше дәміне тамсанған халық ризашылықтарын білдіріп, Ұлыстың ұлы күнімен бір-бірін құттықтап жатты.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағанын ескерсек, аталмыш шараның дінмен біте қайнасып кеткен ұлттық дәстүрімізді насихаттауда алатын орны зор.
Шара барысында Бас мүфтидің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабы мешітке келген жамағатқа таратылды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі