Мұсылмандық бесінші парызды өтеген Берік қажымен сұхбат

Биыл елімізден қажылық парызын өтеуге 4 мыңнан аса адам аттанған болатын. Бүгін сол бақытты жандардың бірі, өңіріміздің  құрметті азаматы Мұқанғалиев Берік Ағыбайұлымен кездесіп, қажылық сапары туралы сұхбат алдық.

Сұрақ: Берік аға, қажылығыңызды Алла тағала қабыл етсін, тілеген дұға, тілек, мінажаттарыңыз қабыл болсын. Осы қажылық сапарынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

Берік қажы: Әмин, рахмет. Қажылық сапарынан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын әрине. Бірақ тырысып көрейін. Аллаһ тағала адамзат баласына исламның парыздарын Өзінің  даналығымен бөліп берген. Яғни намаз, ораза құлшылықтарын белгілі бір уақытқа, зекетті – байлыққа, мал-мүлікке, ал қажылықты белгілі бір орынға байлаған. Аллаға шүкір, намазға жығылдық, ораза тұтамыз, зекет береміз. Ендігі менің арманым қажылықты өтеу болатын. Және бұны Алла тағалам маған нәсіп етті.

Жалпы қажылыққа баруды бала кезімнен армандап едім. Мектепте  оқып жүргенде, әкем «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдарды үйге әкелетін. Сонда журналдардың ең соңғы бетінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері бар болатын. Әкем сол беттерді қиып, жинап қоятын. Мен хадистерді қызығып оқитынмын… Балалық арманыма кеш жеткеніме еш өкінбеймін, бұның бәрі де Аллның жазғаны ғой, сондықтан тек қана Аллға шүкір айтам.

Алматыдан ұшақпен Шаржы қаласына барып, сонда қажылықтың бірінші парызы болып саналатын ихрам байладық. Кейін Жидда қаласына аман-есен қондық. «Тәлбия» дұғасын айтып, қасиетті Мекке жеріне келгенімізді де білмей қалдық…

Барлық мұсылмандар үшін қасиетті Қағба – Алланың пенделерге берген кереметі. Бұл жай ғана тас болса да, оны көргенде жүрегің елжіреп, көзіңнен жас бұлдырлап, сөзбен жеткізе алмайтын бір күйге енесің. Ішіңнен : «Я, Алла, Сен сондай Құдіретті де Күштісің. Бәрін де жаратқан Сен. Сенен кешірім сұраймын. Я, Аллаһ, күнәларымызды кешіре гөр», – деп, дұға қылып, Жаратушы Аллаға жалбарынасың. Бұл жер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрған киелі мекен, ардақты сахабалардың туып-өскен елі, осы қасиетті топырақты басып, бал тамған зәмзәм бұлағынан су ішіп, тіл үйіретін құрмаларды жеген біз шексіз қуанышқа кенелдік.

Сұрақ: Берік аға, сіз солтүстік өңірінің тумасысыз, о жақтың ыстығына шыдай алдыңыз ба?

Берік қажы: О жақ ыстық, бірақ Аллаһ тағалаға деген махаббат, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік сезімі, Жаратқанның парыз дегенін орындау және сауап алу  одан да ыстық.  Менің бір байқағаным – жаз, ыстық болғанда елде жүріп шөлдейсің де, су, салқындатылған сусын ішесің…бірақ сусының бәрібір қанбайды. Ал Меккеде жүргенде күн қандай ыстық болса да, сусыныңды қандыруға бір жұтым замзам суы жеткілікті болады. Бұл бір Алланың біздерге берген мейірімі мен рахымы.

Сұрақ: Қажылықтың рәсімдерін атқару барысында қандай да бір қиыншылыққа немесе кедергілерге тап болдыңыз ма?

Берік қажы: Ондай айтарлықтай қиыншылық болған жоқ. Қасиетті Мекке-Мәдинада қажылық ғибадатын өтеуге адамдардың өте көп жиналатыны соншалықты, ұшы-қиыры көрінбейді. Осындай көпшілікте байқаусызда біреуді қағып кетесің, сені қағып кетеді, қысып жіберед… бірақ ешбір адам дауысын көтеріп, не болмаса ренжіп, жаман сөз айтқанын көрмедім. Бәрінде тек қана сабыр, дұға, құлшылық. Ол жерде ренжісу, ұрысу, дүние, ел, жер дегеннің бәрін ұмытасың. Тек қана Алланың қажылық парызды өтеуге нәсіп еткені үшін риза болып, дұға жасайсың.

Сондай-ақ қиыншылықтарды болдырмау себептерінің бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен  қажылықтағы әрбір топқа бекітілген арнайы мамандардың уағыз-насихат жүргізуі, автобустар да лек-легімен жүріп, біздерді керекті жерлерге жеткізіп отырды. Ниет еткен мұсылмандардың қажылық сапарын өтеуге барлық жағдайлар жасалынды деп айтсам, артық айтқандық емес. Сонымен қатар биыл қажылық сапарында Солтүстік Қазақстан өңірінен облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажыны бізбен бірге сапарлас болды. Сол кісінің болғаны бізге үлкен қуаныш пен жеңілдік болды. Өйткені Кенжетай қажы ілімі бар кісі, бізге әрдайым уағыз айтып, демеу көрсетіп отырды. Тіпті бізді балаша қолымыздан жетектеп, қажылықтың парыздарымен қоса уәжіп, сүннет амалдарын да орындатқаны есімде. Сол кісіге айтар алғысым шексіз.

Қорыта келгенде айтарым, қажылықты ықыласпен орындаған құлдардың күнәлары кешірілетіні жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтып өткендей: «Кімде-кім жаман істерден аулақ болып, және күнә істеместен қажылық жасайтын болса, анасынан жаңа туғандай күнәларынан арылып қайтады», – деп. Мен де бұл ғибадатымнан иманым күшейіп, жүрегім тазарып қайттым. Қажылық сапарымнан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сияқты. Әлі күнге дейін Қағбаны түсімде көремін. Және сіздерге де қажылық парызын өтеуге тілектеспін.

Тілші: Әмин, аға. Келіп, ойыңызбен бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

 

 

«Облыстық Қызылжар орталық»

мешітінің баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲