«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

СҚО-да «Қызылжар» орталық және қалалық мешіттермен қатар, «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастырумен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізілді. Игі іс-шара барысында 60-қа жуық әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғызілікті аналардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтары бар сөмкелер үлестірілді.

Кезекті жазғы демалыс уақыты аяқталып, санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Биыл оқушылар оффлайн, яғни дәстүрлі форматта білім алатын болады. Былтыр мешіт өкілдері балаларға ноутбук сыйласа, биыл «Зекет және қайырымдылық» қоры оларға мектепке қажетті құралдарын тарту етіп жатыр. Ұйымдастырушылар қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға ризашылығын білдірді.

-500 мың теңгедей қаражат жиналды. Қаражатты берген азаматтарға, баршаларына Алла разы болсын дейміз. Қазіргі уақытта 60-қа жуық оқушыларға арнайы бастауыш мектептерінен бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін сөмке және де ішіндегі керекті қажетті заттармен барлығымен бәрімен алдық. Бұл іс-шара тек бір қалада емес, біздің өзіміздің аудандық мешіттерінде де ұйымдастырылып жатыр. Жалпы республикалық бұл үлкен іс-шара- деді Сқо бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі Қасымхан Абдуллаұлы.

Петропавл қаласының тұрғыны Майгүл Жүсіпованың 2 баласы мектепте  оқыса, бір баласы жоғары оқу орнында білім алып келеді. Сондықтан мынандай мектепке қажетті құралдарды, сөмкені сатып алуға көмекке мұқтаж жанның қалтасы көтермейді. Келіншек көмек көрсеткен мешіт қызметкерлері мен жомарт жандарға ризашылығын білдіріп, алғысын жаударды.

-Біз көмекке жәрдем болып есептелгендіктен осы тізімге қосылып отырмыз. Мешітке мынау жасап жатқан іс-шараның ұйымдастырушыларына көп-көп рахмет айтамыз. Бұл да бізге үлкен көмек болып есептеледі. Елімізде жақсылық болсын. Осындай көмектер бізге жиі қолданылып тұрады. Кей кезде тамақпен көмек береді- деді Петропавл қаласының тұрғыны Майгүл Жүсіпова.

Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 200-ге жуық отбасыға көмек көрсетілді.

Return to Top ▲Return to Top ▲