Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы биылғы жылды «Ислам және отбасы» жылы деп жариялаған болатын. Осындай игі бастаманың негізінде 18 сәуір күні облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен мешітте «Келін қайын ененің топырағынан» атты рухани-мәдени өтті. Рухани кешке қалалық әр мектептен (9,10,11 сыныптар аралығында) қыз балалар қатысты. Оларға СҚМУ-де «Серпін» бағдарламасымен келген намазхан шәкірттерімізбен апаларымыз бірнеше қойылымдар көрсетті.
Әйел жамағаты жиылған рухани шарада әжелер мектебінің төрайымы Ырысжамал қажы Аленова «Ислам және отбасы» жылының аясында ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды насихаттап, қоғамымыздағы отбасылық тәрбие сағаттарын көптеп ұйымдастыру керектігін және де рухани кешке қатысушыларға өзінің ізгі тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ аталмыш шараға осы өңірге қадірлі қарт анамыз Сапура қажы қатысып қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ене мен келіннің арасындағы отбасылық тәрбие беру мақсатында өткізіліп отырған іс-шараның маңызына тоқталып, әйел затының асыл мұратының бірі отбасында тәрбиелі қыз, әдепті келін, аяулы ана, бауырмал ене болу екенін баса айтты.
Іс-шара соңында сұрақ-жауапқа қатысқандарға сыйлықтар беріліп, қонақтарға дастархан жайылды.