ИСТИҒАЗАНЫҢ ТӘПСІРІ

Қазақ дәстүріндегі тектілік ұғымы

        Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген. Тектілікпен тіркесе құралған әрбір сөзге баса назар аударып, жаман ат келуінен қатты сақтанған. Текті адам – жаман аты шықпаған, қадірлі, әділ жағымды адам. Текті адам –  атасынан алған ақылын арнаға салып арлы, сабырлы болған, жақсы жолдан жиектемей ортада орынды жүрген ойлы адам. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстанымы бар, ұл-қыз өсірген атамыз бізді арғы аталарымызбен кішкентайымыздан таныстырған. Бабаларымыздың асыл қасиетін, ел алды абыройын айтып, сондай беделді, намысты, жақсы болып өсуімізді қалаған. Жеті атамызды жаттатып, санап сұраған. Жеті атадан аспай, қыз алып, қыз беріспеу керегін қатаң ескерткен. Медицина ғылымында да жақын туыстар арасындағы некенің дұрыс еместігі айтылады. Жақын туыстардың некелесуі отбасындағы тұқым қуалайтын аурудың бала бойында арта түсуіне апаратыны анық. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) жақын туысқандарына үйленуді әдетке айналдырған Бәни Сәибтерге: «Аурушаң (кем-кетік туылу) болып, ұсақталып кеттіңдер. Алыстан (қызды жат руға беріп, жат рудан алыңдар) некелесіңдер» деп әмір еткен кезі бар. Ал Ислам шариғатының шеңберінде жүрген мұсылман халық мұны ұмытқан емес. Қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді. Ұлы ер жетіп, отау иесі бола алатындай шаққа жеткенде ата-анасы баласын үйлендіруді ниет етеді. Келін болуға лайықты, текті елдің қызын іздейді. «Текті елдің қызы екен» деген сөзді есту үлкен мәртебе. Әзірет Омар «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар. Себебі оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. Текті, көргенді жердің қызын алыңдар. Себебі ол нағашыларына тартқан салихалы ұрпақ дүниеге әкеледі» деген. Егер тәрбие-танымы болмаса, бейәдеп, бетімен кеткен бала болса, «көргенсіз» дейді, яки тексіз дегені. Мұндай сөзді есті қазақ баласы естігісі келмейді. Өлімнен ұят күшті. Абай атамыз:

                       Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

                       Кедей қызы арзан деп құмарланба.

                       Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

                Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деген. Бұл өскелең ұрпаққа арнап жазған өсиетінің бірі, тектілікті сақтауды талап еткен өлеңі. Егер тектілік сақталса, ұлттылық сақталады деген сөз. Ал тектілікті сақтау сіз бен біздің қолымызда. Егер нәпсіге еріп неше түрлі бәлеге ұрынып, ішкілікке салынып кетсеңіз, жамандыққа малынып кеткеніңіз. Текті атаның баласы бұлай қылса, тексіздіктің бастауы болды деген сөз. Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз; жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз деген. Сондықтан түзу жолдан тайып кетпей, тең ұстап, тәрбиеге маңыз берген абзал.

               Тектіліктің түбірін түсінген сіз үшін басқа ұлттардың да құндылығы қызық шығар. Олар үшін тектілік деген не?! Жеті ата сақтау дәстүрі басқа ұлтта бар ма? Мысалы, түрік халқында қазақ халқында сақталған жеті ата сақтау дәстүрі болмаса да, шариғатта айтылғандай қызды алыстан алады. Ал кейбірі жақын болған туыстарының қыздарын ала береді. Сонымен қатар сүт аналары бір болмағандармен бас қосады. Түрік халқында асыл қасиетті бойына жиған, беделді, көркем мінезді, сөзі өтімді, әділ адамдарды ағасындай ардақтап, ақсақал, абе деп атайды. Осылай аталған адамды көрсеңіз сый-құрметке лайық адам деп тани берсеңіз болады екен.

               Иә, тектілік – құдіретті, қадірлі ұғым. Тектілік кездейсоқ бола қалмайды. Текті адамға тектілік ата-анасынан келеді. Балаға ата-анасының парасаттылығы, жақсы қасиеттері, рухани байлығы айтарлықтай ықпал етеді.  

Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа осылай жалғаса береді. Ендеше ұрпағымыз ұғымтал, ұнамды азамат болсын десек, әуелі өзімізден бастағанымыз жөн болар. «Ата-ана – баланың айнасы» деп бекер айтылмаса керек. Жақсының жанында, мейірім бағында жүргенге не жетсін.

«ХРИСТИАНДАР БІР ӘЙЕЛМЕН АРАДА ЖЕТІ НЕ ОДАН КӨП АТА ӨТПЕЙ ҮЙЛЕНБЕЙДІ. ЯҺУДИЛЕРДЕ ТУҒАН АҒА-ІНІСІНІҢ ҚЫЗЫН ЖӘНЕ ТУҒАН ӘПКЕ-ҚАРЫНДАСЫНЫҢ ҚЫЗЫН ӘЙЕЛДІККЕ АЛА БЕРЕДІ. АЛАЙДА, ОЛАРДАН КЕЙІН ОСЫ КӘМІЛ ӘРІ ТАЗА ШАРИҒАТ КЕЛДІ ДЕ, ХРИСТИАНДАРДЫҢ ШАМАДАН ТЫС КЕТУІН (ИФРАТ) ЖОЙЫП, НЕМЕРЕ КӨКЕСІ МЕН НЕМЕРЕ ӘПКЕСІНІҢ (ӘКЕСІНІҢ АҒА-ІНІЛЕРІ МЕН ӘПКЕ-ҚАРЫНДАСТАРЫНЫҢ) ҚЫЗДАРЫН ЖӘНЕ НАҒАШЫ АҒАСЫ МЕН НАҒАШЫ ӘПКЕСІНІҢ ҚЫЗДАРЫН АЛУДЫ РҰҚСАТ ЕТТІ. СОНДАЙ-АҚ, БІРГЕ ТУҒАН ҰЛ МЕН БІРГЕ ТУҒАН ҚЫЗ ТУЫСТЫҢ ҚЫЗДАРЫН АЛУДЫ РҰҚСАТ ДЕЙТІН ЯҺУДИ ДІНІНДЕГІЛЕРДІҢ ШЕКТЕН ШЫҒУШЫЛЫҚТАРЫН ДА (ТӘФРЫЙТ) ИСЛАМ ХАРАМ  ЕТТІ…»

Return to Top ▲Return to Top ▲