Қызылжар аудандық «Кәусар» мешіті әз-Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Халықымыздың көңілі мен жүрегінен ерекше орын алатын бұл күні көпшілік мешіт тарапынан дайындалған арнайы ақ дастарқаннан дәм татты. Бұл шарада тілектер айтылып, бауырсақ, наурыз көже, ет, ұлттық тағамдар ұсынылды. Бұл дастархан басына Бескөл ауылдық еңбек ардагерлері, мешіт жамағаты арнайы қатысып, көпшілікпен бірге болды. Ал қариялар елдің тыныштығын, ауызбірлігін тілеп, қазақы салтпен бата берді. Сондай ақ мешіт қызметкерлері, ауыл молдалары және арнайы келген жамағаттың қатысуымен гір көтеру жарысы ұйымдастырылып, озып шыққандарға сыйлықтар табысталды.
«Кәусар» мешітінің Бас имамы Қадырбек Шарипов бұл іс-шаралар жастарымыздың ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін арттыру үшін ұйымдастырылып отырғанын айта келе: «Жастарымыз әз Наурызды жан-жүрегімен түйсініп, табиғаттың ерекше сипатқа еніп, жаңарып-көгеретін алғашқы күнін сауапты амалдармен қарсы алып үйренуіне жол ашу, бағыт сілтеу басты мақсатымыз болмақ», -деді Қадырбек Қуанышұлы.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі