Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Күні кеше мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы жарияланды. Осы жігерлі жолдау аясында қуатты мемлекет өлшеміне айналып келе жатқан қауіпсіздік ахуалына да тоқталды.
Өзгелерге бейбітшілік символын үлгі етіп отырған дана елбасымыз өз сөзінде: «Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.»деп, адамзат алдында тұрған тыныштық пен тұрақтылық жағдайына да баса назар аударған. Осы тұрғыда біз діни бірлестіктер өкілдері өз қызметімізде білек сыбанып, мемлекет пен дін арасына сына қаққысы келетін, мейірімділік пен адамзат құндылығына бағыттайтын асыл дінімізді бетперде етіп ұстанатын радикалдық топтарға өз саламыз бойынша күрес жүргізуге тиіспіз. Ол үшін ең алдымен толеранттылыққа тұнып тұрған Ислам қағидаларына үңіле отырып, оны ұрпақ игілігіне жұмсаймыз. Қасиетті асыл дініміз Исламда басшыға құрмет көрсетіп, бағыну мәселесі маңызды рөл атқарады. Әлемдік бейбітшілік пен рухани тыныштыққа негізделіп, күллі адамзатқа бірлік пен татулықтың әрі ізгі достық ниеттің кілтін ұсынған ұлағатты дініміз мемлекет істеріне де қатысты мәселелерді Құран Кәрім мен өміршең хадистерде тамаша көрсеткен. Ниса сүресінің 59-аятында: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де.» және пайғамбар хадисінде «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», – дейді. Алла Елшісі (ﷺ.) былай деген: «Алла сендерге үш нәрсемен разы болады: Аллаға ғибадат етіп, Оған ешкімді серік қоспауларыңа; барлығың Алланың жібінен мықтап ұстап, бөлінбеулеріңе және сендердің үстеріңе Алла билік берген басшыларға адалдық танытқандарыңа» (Муслим). Бұл насихаттар қоғамдағы әрбір мұсылманның басшылыққа ала отырып, тіршілігінде ұстанатын ережесі болып табылады. Халқымыз ұйымдасқан түрде ортақ Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігіне бағытталған істерде табандылық танытса, тыныштық туы астындағы елдің баяндылығын мұрат тұтса, ең әуелі басшымызға бағына отырып жолдауды даңғыл жолға айналдырса деймін. Жаратушы иеміз мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып бара жатқан елімізге қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатын күш қуат пен ынталы ықылас берсін баршамызға.
ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Ө.Қ.Бекқожа