Мешіт ашылса – елге құт. Құлшылық үйі – береке мен бірліктің бастауы, адамдарды имандылыққа шақыратын орын. Алла үйінде жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселенеді. Мешіт салдырудың да сауабы теңдесіз. Пайғамбарымыз (с.а.а) бір Хадисінде «Кімде-кім Алла разылығы үшін мешіт салса, оған жәннаттан бір ғимарат тұрғызып береді», деген.
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында дінге жанашыр адамдар тарапынан бірнеше мешіт бой көтерді. Бүгінгі күні ресми түрде тіркелген 66 мешіт бар. Жақын күндері олардың қатары тағы да жаңа мешіттермен көбеймек. Себебі, Айыртау ауданының Қарасай батыр ауылындағы былтыр ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі қазығын қаққан мешіттің құрылысы жақын күндері тәмамдалмақ. Демалыс күндері облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы осы ауданға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Мешіт салумен көкшетаулық құрылыс фирмасы айналысуда. Жүзден артық отбасы тұратын ауылда бұған дейін мешіт болмапты. Жалпы құрылысқа 70 миллион теңге қаржы жұмсалуда.
ҚМДБ-ның өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Айыртау ауданына сапары барысында Кирилловка ауылындағы жаңа мешіттің де қазығын қақты. Астаналық кәсіпкер Алмас Сағындықов ауылдастарына өз қаржысына 150 орындық Алла үйін салып бермекші.
СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі.