«Байлыққа қол жеткізу үшін
жағымпаздық жасаған адам
иманының үштен екісін жоғалтады»
(Хадис).
Ислам діні қоғамда кездесетін кез келген дерттер мен кемшіліктерді емдейтін тағылым екені даусыз. Өзгенің ақысына қол сүғу, ұрлық, тонау, құмар сынды адамға зиян келтіретін және қоғамның дамуына кедергі болатын күнәларды ислам діні айыптайды және олармен күреседі. Жағымпаздық біреуді асыра мақтау, адам мінезіндегі ұнамсыз сипат болып саналады. Жағымпаз адам айналасындағы адамдарға, өзінен қызмет жағдайында жоғары тұратын кісілерге жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болуға тырысады. Қөбінесе, бұл сипат өз қабілетіне өзі сенбейтін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік-мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдардың бойында кездеседі. Жағымпаздықтың әлеуметтік ортаға, қоғамға тигізетін зияны көп. Жағымпаздық орын алған әлеуметтік ортада адамгершілік принциптері мен шынайы құндылықтар рөлі төмендеп, адамдар қарым-қатынасында жалған өлшемдер белең алады. Сондықтан халық қашанда жағымпаздықты ащы күлкімен шенеп отырған.
Жағымпаздық көбіне –мұнапықтыққа жақын іс-әрекет. Тіпті кәпірге жағымпаздану күпірлік саналуы мүмкін. Бұл жайында Құран кәрімде «Олар сенің өз сеніміңнен баз кешіп, өздеріне жағынғаныңды қалайды, сөйтіп, өздері де саған жағынбақ»-делінген. (Қалам сүресі 9-аят). Абдулла ибн Аббас бұл аятты, олар сенің күпірлік келтіруіңді қалайды, өздері де күпірлік танытады деп, түсіндіреді. (Жамиғ, әл Баян, Табарани, 29/56)
Әлсіз, әлжуаз, өз қабілетіне сенбейтін, өзін дамытып биіктерге жетуге құлшынбайтын пенделердің бойында міндетті түрде жағымпаздық орын алады. Өйткені өмір сүру қажеттілігі ондай пендені, күшті өз пікірі мен ұстанымы бар және өзін жетілдіріп биіктерге құлшынатын , сондай биіктерге жетіп, шыңдарды бағындырып жүретін жігерлі адамдардың қолтығының астын паналап, соларды пайдалануға, солар арқылы биіктерге жетуге ынталандырады. Әлжуаз адамда одан басқа амал да болмайды.
Егер сіз табиғатқа зер салып қарасаңыз, Жаратқан тіршілік иелерін бір-бірімен септесіп тірлік етуге бұйырғанын аңғарар едіңіз. Мәселен кене деген кішкентай жәндік бар. Басқа жәндіктердің қанымен қоректенетін кененің қол аяғы бар, жүреді, бірақ өткір тырнағы бар, тісі бар жыртқыш емес, елік, бөкен сияқты қатты жүгіруге жарайтын мықты тұяғы да жоқ, сұңқар сияқты биіктерге самқайтын қатты қанаты жоқ. Ендеше кене қалай күн көрмек? Ол үшін Жаратқан оған өзінен әлдеқайда үлкен қой, сиыр, жылқы сияқты жануарлардың денесіне жабысып алып, қанын емін-еркін соруына мүмкіндік жасаған. Кіп-кішкентай кене үлкен жануарға жабысып алып, қанын сорғаннан соң, бір аптаның ішінде тырсиып семіріп, қанға мелдектей тояды. Оны жануардың денесінен жұлып алу да оңай емес.
Жағымпаз пенделер де сол сияқты. Олар өз күштерімен, ақыл-ой, қабілеттерімен ешқашан биік мансапқа жете алмайды. Өйткені бойларында ондай қабілет те, ерік-жігер, білім де жоқ, ең өкініштісі, сондай білім мен білікті игерейін деген ынта-ықылас та жоқ. Әдетте жағымпаз адамдардың бәрі жалқау болып келеді. Дегенмен олардың бойында, кене сияқты өздерінің қоректеріне тастай жабысып, соны пайдаланып, барлық мақсаттарына жеткізетін бір қасиет бар, ол-жағымпздық. Мақсатына жету үшін жағымпаз ештеңеден тайынбайды: олар қажет болғанда әнші де, биші де, сайқымазақ та бола алады.
Хакім Абай: «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғамын қырындап» -деген екен.
Әрине бүгінгі басшылардың бәрі данышпан емес. Олардың көбі өздерін еш себепсіз мақтап, асты-үстіне түсіп «ағалайтын» жағымпаздардың ойында не бар екенін мүлдем сезбейді. Содан кейін ақ, мұндайлар жағымпаздар құрған қақпанға оңай түсіп қалады. Содан кейін жағымпаз әлгінің сеніміне кіріп алып, ең жақын адамына айналады, билікке қолы жетіп, басшыны өз мұддесіне пайдаланады. Мұндайлардың әрекетін жоғарыда айтылған кенемен салыстыруға болады. Қадалған жерінен қан алатын жағымпаздар да, өз бойларында жоқ қасиеттері бар басшылардың қанын сорып, топтай болып семіреді. Олардың бар арман-мақсттары осы.
Крыловтың «түлкі мен қарға» туралы аңызын еске түсіріп көрелік. Ауызында ірімшігі бар, бағана басында отырған қарғаны көрген түлкі, оны жөн-жосықсыз мақтай береді, тіпті бұлбұлға теңеп, одан да өткен әншісің деп соғып жібереді. Мақтауға еліккен сорлы, оның айтқанына сеніп, түлкінің қалауымен ән салмақ болады. Сөйтіп «қарқ» еткенде ірімшігі жерге салп ете түседі. Ірімшікті қағып алған түлкі, арманы орындалған соң, қарғаны жайына қалдырып, табанын жалтыратады.
Жағымпаздар да солай, қолында билігі бар адамдарды «ағалап» жағалайды, қажетін алып, оны әбден пайдаланған соң, әлгі адамның қолынан билігі мен байлығы кеткен кезде, жалт бұрылып табанын жалтыратады. Кеше ғана «ағалап» асты-үстіне түсіп жүрген бауырмал адам, бейнесін күрт өзгертіп, қатыгезденіп, дөрекіленіп шыға келеді.
Ислам діні жағымпаздық танытуды құптамайды. Хадистерде, «жағымпаздық мұсылманға жат», «шындық үшін жәбір көру, тәкаппарлық танытудан жақсы»-деп айтылған.
Дүниелік игілік үшін байлардың алдында жағымпаздық таныту өте қауіпті. Бұл туралы хадисте; « Дүние игілігі үшін ықпалды адамның алдында төмендейтін адам, мейірімнен алыс болады», « Байлыққа қол жеткізу үшін жағымпаздық танытатын адам, иманының үштен екісін жоғалтады»,-делінген.
Тегінде жағымпаздық адам бойындағы ең бір жағымсыз, жексұрын мінез. Оның өзгелерге әкелер зияны ұшан-теңіз. Бір адамды мақтап, көпшік қойып, көпе-көрнеу қолпаштау арқылы ол өзінің ішкі есебін жүргізуді көздейді. Әрине жағымпаздық өзінен әлсіз, өзінен төмен тұрғандарға емес, өзінен биік тұрғандарға, қолында билігі бар мықтыларға, лауазымы жоғарыларға көрсетіледі.
Ал сол қолпаштауды үнсіз қабылдайтын, мақтау-мадақтау жанына майдай жағатын адамның да жағымпаздан асып кеткен жері жоқ. Керісінше соған жол бергені үшін, жағымпаздан да әлдеқайда қауіпті. Әсіресе ол, мемлекеттік жоғары лауазым иесі болса. Өйткені ол қолтығына кіріп алған жағымпаздардың бас пайдасы үшін, ертеңгі күні қылмысқа итергенін аңғармай қалады. Оның зияны қоғамдағы көпшілікке тиеді. Үнемі орынды-орынсыз мақтау естіген адам, кәдімгідей сол қолпаштауға сеніп, өзін өзгелерден артық санап, өзін шынында да данышпан, теңдессіз адамға балай бастайды. Ондайлар, өзінен кейінгілердің тарапына кішкене сын айтылса, шыныдай шытынап, көтере алмайтын жағдайға жетеді. Өйткені өзін данышпан санағандықтан, өзгелердің жол сілтегенін жақтырмайды,ақылды тек өзі ғана айтуға тиісті болып көрінеді.
Ертеде дамыған бір мемлекеттің ақылды патшасы өзінің уәзірлері мен кеңесшілерін жинап алып: «Пиғылы жат, мына көрші ел бізді жер-көкке тигізбей мақтап жатыр, біз қай жерден кемшілік жібердік, соны қарастырып табыңдар!» -деп бұйрық берген екен. Бұл нені көрсетеді? Қуатты мемлекетті күшпен ала алмасын білген көршісі қулыққа көшіп, мақтаумен, әзәзіл айламен әлсірететін бағыт ұстанғанын ақылды патша бірден түсініп, қауіптің алдын алғанын байқатады. Бұл ертегі, аңыз болғанымен өмірлік сабақ алар мысал.
Бұл туралы Хакім Абай:
Сенбе жүртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз бен мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап, сағым қуған бойыңа еп пе?-дейді.
Ауызын айға білеген Александр Зұлқарнайын (Македонский) бөшке ішінде ойланып жатқан Диогенге келіп, ұлы философқа;
- Диоген, тілегіңді айт, бәрін мүлтіксіз орындаймын, деген ғой менменсіп. Сонда қайран данышпан грек:
- Көлеңкеңді түсірмей, күннің көзінен былай тұршы, деген екен. Диоген осы ісімен, жеке басын сыйлаудың, мәртебесі биік патшамен өзін тең тұтудың үлгісін көрсетті.
Расында да, қарапайым пендеге жарық күн, тұнық ауа, өзінің күрделі ойларымен жеке қалудан артық бақыт жоқ. Шынында да азат адам ғана, өзгеге жағымпаз болмайтыны, адамзат тарихында талай рет дәлелденген, яғни жағымпаздық нағыз құлдыққа әкелетін баспалдақ. Әсіресе жағымпаздық адамдар бойындағы құлдық психологиялық ең сорақы көрінісі және рухани азаттық, іштей еркіндіктен мақұрым ортада жәреуке жағымпаздық қоғамдық өмірдің барлық саласын шырмап, азат, тәуелсіз ой мен сананы әрдайым шідерлеп, бұғауда ұстайтынын адамзаттың аузы дуалы барша кемеңгерлері де баса айтып өткен-ді.
ҚМБД рухани тәрбие негізі кітабынан