Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Насихат және қоғаммен байланыс бөліміне қарасты Жастар ісі секторының жылдық қорытынды жиналысы болып өтті. Өңірлерден келген өкілдіктер осы жылы атқарған іс-шараларының есебін берді.
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы:
– Жастар ісі секторының есебін тыңдай отырып, біздің қоғамымыздағы әсіресе, жас буынның осы дінімізге бет бұрып келе жатқан ортаны, жан-жақты, діни білімді, сауатты, мәдениетті, мынау өркениеттің барлық игіліктерін жақсы меңгерген азаматтарды тәрбиелеуде соларменен жұмыс негіздері бір сарапталып өтті деп айтуға болады.
Айта кетсек, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында Жастар ісі бөлімі ашылған болатын. Осы жылы сектор ретінде қайта жаңарып, өз жұмысын тұрақты түрде қолға алып келеді.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы:
– Ханафи мәзһабы бойынша барынша дін сабағын, имамдықты үйренгісі келген жастарымызға кеңірек ақпарат беру мәселесі қаралып, осы мәселелер төңірегінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Аллаға шүкір, уақыт өте келе жастардың да жұмысы бір ізге қойылып келе жатыр. Алла Таға осы қызмет жасап жатқан өңірдегі мамандарымызға жар болсын! Еліміздің жастары аман болып, түзу жолда болуды нәсіп етсін!
Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде Жастар ісі секторының өкілдіктері қызмет атқарады. Олар жылдың басында түзілген жоспар мен бағыттар бойынша жұмыс істейді. Сосын орталықта бас қосып, атқарылған істердің нәтижелері таныстырылады.
Алтынбек Ұтысханұлы, ҚМДБ, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі:
– Жалпы біз төрт бағыт бойынша жұмыс жасауды тапсырған едік. Яғни, үгіт-насихат, тәрбиелік, қайырымдылық және де спорт бағытында. Кейбір жастарымыздың жұмысын қарап отырсақ, жат ағыммен де өте жіті жұмыс істеген. Кейбіреулерін қайтарған. Сондықтан жалпы жастар секторының маңыздылығы ерекше деген баға беріп отырмыз.
Жұмысқа деген ынта мен жігерді күшейту мақсатында арнайы бәйге жарияланып, Оңтүстік Қазақстан Облысының өкілдігі арнайы жүлдеге ие болды. Ол Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы тағайындаған Умра қажылығының сертификаты. Мақсат жақсылықта жарысу арқылы көбірек нәтижелерге қол жеткізу.
ҚМДБ баспасөз қызметі