Биылғы Рамазан айы маусым мен шілденің шіліңгір ыстығына дөп келгеніне қарамастан, ораза ұстаушылар саны біздің өңірімізде де әжептәуір. “Қызылжар” орталық мешіті жамағаттың, әсіресе, жастардың дінге ықылас-ниеттерін арттыру үшін Рамазан айының алғашқы күндерінде арнайы буклеттер, кітапшалар таратып, құттықтау баннерлерін дайындады. Ауыз бекіткендер үшін мешіт ауласына да киіз үй тігілді. Мешітте күн сайын 100-ден астам адамға ауызашар берілуде. Облыстың бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының басшылығымен өңіріміздегі мұсылман диаспоралары, қайырымды адамдар бір кісідей жұмылып, ауызашар дастарқанын жаюда. Рамазан айы басталғаннан бері Тарауық намазына жиналған жамағаттан былтырғыға қарағанда ауыз бекітушілердің саны екі есе көп екені аңғарылады. Бізге Түркиядан арнайы келген Кемал Гул мен республикалық қарилар байқауына қатысып қайтқан 15 жасар Омар Құран оқуда, олар Қадір түні, Алла қаласа, хатым түсіретін болады.