Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша өкiл имамы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай Петропавл қалалық «Нұр» мешiтiнiң қызметкерi Қанат Қасымовты зейнет жасына толуымен құттықтап, иығына шапан жапты.
Аққайың ауданындағы Қанжығалы ауылының тумасы Қанат Едресұлы облыс орталығына қоныс аударған алғашқы жылдары осындағы қорғаныс зауыттарында, содан кейiн «Союзцелинвод» тресiнде еңбек еттi. Сөйте жүре «Қызылжар» орталық мешiтiнде Түркиядан келген ұстаз қари Тоқсин Дұғаннан сабақ алып, арабша тiл сындырып, Құран аяттарын жаттады.
Осылайша сауат ашу курсын толық тәмамдаған Қанат Қасымов қалған өмiрiн дiн жолына арнауға бел буды. Оған да, мiне он төрт жылдай уақыт болып қалды. Қазiр Қанат Едресұлы дiни рәсiмдердi өткiзуге белсене араласады. ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiл имамы, «Қызылжар» мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының оның дiнiмiздi насихаттауға сiңiрген көп жылғы еңбегiне ризашылығын бiлдiрiп, иығына шапан жабуы да осыдан едi.
Амандық Жантемiров,
«Қызылжар» мешiтiнiң хаспасөз хатшысы