Дәстүрлі қоғам – халықты сақтау жолы

Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл, дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел халық болудан қалады.   А. Байтұрсынов

 

Ислам дінінің әлемдік қарым-қатынаста, өрлеп-өркендеуде алар орны ерекше. Сондықтан бүгінгі күннің талабы –  көнеден келе жатқан Исламның қағидаларын ой жиегінен өткізе отырып, жаңа қырларын ашу.

Қоғамдағы дінге деген сұранысты қанағаттандыру үшін, өткір сауалдарға жауапты өзіміздің төл тарихымыз бен төл мәдениетімізде іздестірген жөн.  Ислам діні әр халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрінің озығын қолдайтынын негіздей отырып қоғамға дұрыс көзқарасты ұсыну білімді азаматтардың борышы деп айта аламыз. Осы тұрғыда Ержан қажы  Малғажыұлының  бастамасымен дайындалған «Дін мен дәстүр» атты еңбегі   адал жолдағы алғашқы қадамдардың бірі. Автордың өзінің ойынша ғылыми зерттеу «үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды  түгендеу» мақсатымен жазылған. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мұсылманшылдықпен сабақтастықта  жүйеленіп  қарастырылған.

Көптеген ғасырлардың арасында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалыптасты. Олардың мән-мағынасын мұсылман дінімен бір тұтастықта қарастырып қана түсіну мүмкін. Қазіргі қазақ ұлттық менталитеті бойынша қазақтардың басым көпшілігі «қазақ» деген ұғымды «мұсылман» деген ұғыммен бірдей қабылдайды. Жалпы алғанда қазақ халқы өздерін ислам дінінен ажыратпайды. Осы тұрғыда шариғатта  сақталған  имани  дәстүрлер  қоғамның  және тұлғаның рухани болмысын байыту мақсатымен кең насихатталғаны дұрыс.

Ержан қажы  Малғажыұлының  «Дін мен дәстүр» атты еңбегі өзіміздің төл тарихымыз бен мәдениетімізді түсіну және насихаттау үшін болмысы анық.  Әдет-ғұрыпты жаңғырту қажеттілігі  бар екендігін  мойындай  отырып біз оны имани, зайырлы, психологиялық тұрғыдан  талдауымыз керек. «Дін және дәстүр» атты кітаптың басты идеясы – салт-дәстүріміздің мұсылмандықпен сабақтастығын нақтылау. Әсіресе бейнеленген материалды қызығып оқу үшін  әр айтылған ойды ақын-жыраулардың, ойшыл-даналардың, би-батырлардың  сөздерімен дәлелдегені өте маңызды.  Адамзатқа тән қарапайымдылық, әдептілік, сыпайылық, еңбекқорлық, жақсылыққа ұмтылу т.б. қасиеттердің маңыздылығы өте орынды көрсетілген. Сонымен қатар кітапқа дін саласында соңғы жылдары басылған ғылыми еңбектер, сараптама деректері, мақалалар арқау етіп алынды.

«Діни сенімге дәлел сөздер» деген бөлімінде ел ауызында жүрген сөз оралымдары имани ұғымдармен ұштасқанының дәлелдерін табамыз. Қазақ халқының имани дәстүрлері деп ұлттық сана, тағдырға сенім, отанға шынайы сезім, ар-ұят аталады. Халықтың ынтымақ-бірлігі ең қымбат құндылық екендігі туралы Хадистерде жазылған. Ислам ізгіліктігі осы идеяға негізделеді: «…білім алуға ұмтылыңдар», «Бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай нәпіл ораза тұтқаннан жақсы», «Алладан қорқыңдар, жақсы мен қайырлы істердің кішісі болыңдар» делінген Пайғамбар хадистерінде. Ең бастысы – қасиетті Хадистердің жүздеген жылдар бойы ескірмей, маңызын кемітпей, қайтадан жаңара беретін өміршеңдігі. Ендеше ислам діні де оның негізгі қағидаларын насихаттайтын Хадистер әрбір адал ниетті адам басшылыққа алып отыратын асыл мұраттардың қайнар көзі екені хақ.

Сонымен ойымызды тұжырымдай келе мынаны айтуға болады.           Ислам дінінің  рухани құндылықтарын өз тарихымызбен, мәдениетімізбен байланыста қарастыру керек. Егер осы үшеуі ұштасып жататын болса, кез кел­ген қауіптің бетін қайтаруға болады. Ұлттың рухани құндылығының жойылып кетпеуіне кепіл. Қыруар істер әрі алда, оларды  іске асыру қажет. Ержан қажы  Малғажыұлының  «Дін мен дәстүр» деген екінші кітабын асыға күтеміз.

 

 

         М. Қозыбаев атындағы  СҚМУ доценті, т.ғ.к   З.К. Картова

Return to Top ▲Return to Top ▲