Дін мен дәстүр үндестік тапқан туынды

Ағымдағы жылдың 7 наурыз күні облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Дөңгелек үстелге облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан Абдуллаұлы, облыстық Дін істері басқармасының ақпараттық-насихаттау жұмысы жөнiндегi бөлiмiнің басшысы  Н.Ү. Ғабдуллин, ІІМ ІӘ Әскери институтының оқытушысы, философия ғ.к. С.Қ.Сүлейменова, «Солтүстік Қазақстан» облыстық газеті редакторының орынбасары Б.Қ. Қожахметов, зиялы қауым, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында модератор болған мешіт ұстазы Хамзат Әділбековтың кіріспе сөзінен кейін сөз тізгінін мешіттің наиб имамы Қасымхан Исаев алып: «Ата-бабаларымыз ислам дінін, оның ішінде сунниттік бағыттағы Әбу Ханифа мазһабын ұстанған. Бұл мазһаб халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондықтан атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытып кеткен ділімізге, ұлттық болмысымызға, әдет-ғұрпымызға тіл тигізіп жүрген кейбір азаматтардың пікіріне қарсы дәлел бола алатын «Дін мен дәстүр» кітабының уақтылы шыққанын атап өту керек», – деп айтты. Дөңгелек үстел барысында қонақтар дін мен дәстүрдің сабақтастығы жайлы пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісті. Сондай-ақ мешіттің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен қаланың зиялы қауым өкілдері аталмыш кітапқа пікір жазып, газет беттерінде жарияланған болатын. Ал дөңгелек үстелге қатыса алмаған қонақтардың пікірлері бейнетаспаға түсіріліп, шара барысында көрсетілді.

Осы орайда кітапқа жазылған пікірлердің кейбіреуін атап өтсек.                                    

З.К. Картова

т.ғ.к.,  М. Қозыбаев атындағы 

СҚМУ доценті

 

Дәстүрлі қоғам – халықты сақтау жолы

 

Қоғамдағы дінге деген сұранысты қанағаттандыру үшін, өткір сауалдарға жауапты өзіміздің төл тарихымыз бен төл мәдениетімізде іздестірген жөн.  Ислам діні әр халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрінің озығын қолдайтынын негіздей отырып қоғамға дұрыс көзқарасты ұсыну білімді азаматтардың борышы деп айта аламыз. Осы тұрғыда Ержан қажы  Малғажыұлының  бастамасымен дайындалған «Дін мен дәстүр» атты еңбегі   адал жолдағы алғашқы қадамдардың бірі. Автордың өзінің ойынша ғылыми зерттеу «үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды  түгендеу» мақсатымен жазылған…

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”облыстық газеті

редакторының орынбасары

 

ДІН – ДӘСТҮРДІҢ ТАРАЗЫСЫ

 

Мұсылман үмбетінің бір мүшесі болып табылатын халқымыздың әдет-ғұрыптарының басым дені имани ұстанымға негізделген, өйткені дініміз бен дәстүрлеріміз бір-бірінен ажырағысыз. Өткеннен бүгінге жеткен әдет-ғұрып, салт-сананың негізі мұсылманшылықта жатқанын дәлелдеуді, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіруді көздеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған “Дін мен дәстүр” деп аталатын егжей-тегжейлі еңбек, міне, осы жайында.

Салт-дәстүрлеріміздің түрлері толып жатыр: әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, тағысын тағылар. Кітапта осының бәріне талдау жасалған. Және де ештеңе де ескерусіз қалмаған: теріс әдеттер ме, дастарқан әдебі ме, туыстыққа қатыстысы ма, қысқасы, бәрі де бар. Кітап этикалық басылымға тіпті де ұқсамайды: кез келген мәселеге Құран аяттары мен хадистер арқылы діни көзқарас білдірілген

“Қызылжар” мешітінің кітапханасына келіп түскен бұл кітап көп оқырманын табуға тиіс.

 

Дін мен дәстүр

 

Сәуле Сүлейменова,

философия ғ.к., 

ІІМ ІӘ Әскери институтының

 оқытушысы

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында теріс пиғылды діни ағымдар біздің қоғамызда кеңінен тарай бастады. Бұл қазіргі заманғы жастар үшін яғни біздің болашақ ұрпағымызға теріс әрекетін тигізеді. Бұл проблема жалпы халықтық болып табылады. Адамның сана сезімімен өмірге деген көзқарасын өзгертіп, өмірлік мақсатынан адал жолдан тайдыратын ағымдарды жою үшін елімізде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Осы жұмыс барысында «Дін мен дәстүр» оқулығы біздің қоғам үшін орасан зор пайдасын тигузіде. Бұл кітапта қазіргі заманға дін және дәстүр үшін ең басты проблемалар белгіленіп, халықты әдеттілікке, ғибрат пен үлгілікке, сыпайлық пен еңбексүйгіштілікке баулиды.

 

 

 

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲