ДІН МЕН ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ дөңгелек үстел басында талқыланды

Ағымдағы жылдың 28 наурызы күні ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Дүйсенбай ауданымызда болып, «Нұр Отан» партиясы Айыртау аудандық филиалының ғимаратында қалың жұртшылықпен жүздесті. Аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен өткен дөңгелек үстел кезіндегі негізгі әңгіме «Дін және дәстүр» тақырыбында өрбіді.

Дөңгелек   үстелге  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров, ауылдық округтердің әкімдері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, аудан ұйымдарының қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді сөз сөйлеп ашқан аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметов облыстың бас имамын халыққа таныстырып, оның ауданға арнайы ат басын бұрудағы мақсатын қысқаша айтып өтті. Айыртаулықтармен ілтипатпен амандасқан Кенжетай қажы Байкемелұлы Ислам діні мен қазақ халқының салт-дәстүрінің қабысуы, төрт мәзһаб, өңірдегі діни ахуал туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ, қоғамды дүр сілкіндірген Сирияға «жиһад» деп кеткен қазақ жастарына қатысты да ойымен бөлісті.

Кенжетай қажы Байкемелұлы өзінің сөзінде: – Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданып, Әбу Ханифа мәзһабын ресми мойындадық. Оны Елбасының өзі тілге тиек етіп, айқындап берді. Біз сол бағытта діни ұстанымның дамитынын көрсеттік. Қазақтың салт-дәстүрімен қоса ұстанатын діни көзқарасының бар екенін айтты. Біз әрқашан жат діни ағымдарға дәстүрлі ислам деген ұғымды қарсы қоямыз. Дәстүрлі ислам деген ұғымды қалай түсінуге болады?

Дәстүрлі ислам тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған термин. Дәстүр – қазақтың тіліне, санасына сіңген нәрсе. Оның дәстүрлі ислам деп айтылуына себепкер болған нәрсе – қазақ мұсылман болғалы бері Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Қазақ руға, жүзге бөлінсе де, еш уақытта дінге бөлінбеген. Кеңестік үкімет үстемдік құрғанда біз дінімізді жақсы білетін сауатты адамдардан айрылып қалдық. Жаңа қоғам, исламға деген жаңа бетбұрыс пайда болды. Біреу Сауд Арабиясында, біреу Мысырда, тағы біреу Түркияда оқып, оқыған білімін алып келді. Әрқайсысы өзінікін дұрыс деді. Тіпті біреулер жат ағымды қазақты ыдырату үшін әдейі әкелді. Сол еліміз тәуелсіздік алған жылдары әртүрлі ағымдарға есік ашылып, өз арамызда келіспеушіліктер туындай бастады. Дәстүрлі ислам – бағзыдан ата-бабамыз ұстанған дін. Дәстүрлі қазақтың санасына сіңген исламдық бағыт. Неге біз соны әрі қарай жалғастырмаймыз? Дәстүр – Құранға, сүннетке сәйкес келсе, ислам еш уақытта салт-дәстүрге қарсы шықпайды. Сондықтан да салт-дәстүр бізбен өмір бойы өмір сүріп келеді.

Ханафи мәзһабы бойынша мұсылман жастардың арасында түсініспеушілік бар. Оны ислам дінінен бөлек бағыт ретінде қарастырады. Сахабалардың көзі тірісінде өмірге келген Әбу Ханифа мектеп қалыптастырып, теологиялық мәселеге қалам тартқан шығар. Алайда, мұсылман мектебінің аясында нағыз мүштәһит ғалымдар топ жарды. Ислам діні – өміршең дін. Әр қоғамның талаптарына жауап беру үшін әрбір салада бірнеше ғалымдар шықты. Араб әлемінде ислам құқығы негіздерін зерттеген ғалымдар докторлық диссертация жаза бастады. Олар ғұрыпты да ғылыми тұрғыдан қарастыруда. Зайырлы құқықтанушылардың қоғамға, сол кезеңге арнайы шығарып кеткен пәтуаларының аясы кең. Бұл адам мен адамның қарым-қатынасын зерттейді. Ислам құқығы дегенде көбінесе ғибадат жағын айтамыз. Мұның аясы кең. Оны ислам егжей-тегжейлі қарастырған. Қазір «Ислам дәстүрінде сәлем салуға болмайды» деп айтқан адамдардың өзі діннен хабары жоқ. Елбасы дәстүрлі исламды дамыту керек деп айтты. Бұл теріс ағымдардың көзін құрту, тамырына балта шабу деген сөз. Ежелден келе жатқан құран оқыту, жетісін, қырқын өткізуге қарсы болып жатқандарды бір үстелдің басына шақырсаң, келмейді. Мұны неге сүйеніп айтты? Олардың сауатсыз екендігін көрсетуіміз қажет. Жалпы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек – дей келе барша қауымды ауызбіршілікке шақырды.

Дөңгелек   үстел  барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайырұлы дін мен  дәстүрдің  сабақтастығы жайлы пікірін білдіріп,  өз ойымен бөлісті.

Бағлан ҚОЖАҚОВ

Суретті түсірген автор

 

Return to Top ▲Return to Top ▲