ҚМДБ – ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен 2014 жыл елімізде «Дін мен дәстүр» жылы болып жарияланған еді. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы, Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, облыстық Дін істері басқармасы, «Конфессияаралық қарым – қатынастарды талдау және дамыту орталығының» бірлесіп ұйымдастыруымен Павлодар облысында «Дін және дәстүр» тақырыбында Республикалық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға барлық қала, аудан имамдары, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері және студенттер, техникалық және кәсіптік оқу орындарының оқытушылары қатысты. Конференция жұмысын Павлодар облысы әкімінің орынбасары Өрсариев Арын үйлестіріп жүргізіп отырды.
Конференцияға қатысқан ҚМДБ – ның уағыз – насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, дінтанушы Ершат Оңғаров жиналған қауымға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының конференция жұмысына табыс тілеген арнайы сәлемін жолдай келе «Жастар тәрбиесіндегі дәстүрлі діннің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ершат Ағыбайұлы өз баяндамасында слайд – көрнекілік арқылы Әбу Ханифа мәзхабы және қазақ дәстүрі үйлесімі туралы кең көлемде мағлұмат берді. Ал Дін істері Агенттігінің діни оқу орындармен байланыс және діни сараптама басқармасының басшысы Айнұр Әбдірасылқызы «Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сым – тегеуіріндер аясында» тақырыбында жасаған баяндамасында бүгінгі таңдағы дін мен дәстүр, ырым – тиым, жол – жоралғы мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар «Ислам және ұлттық дәстүр», «Ислам және Отанды сүю», «Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіре білген халықпыз» тақырыптарында «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспан, ҚМДБ – ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, ҚМДБ – ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Исеновтердің баяндамалары тыңдалды.
Облыстық техникалық және кәсіптік оқу орындары, колледждердің студенттері мен оқытушылары, жастар мен студенттер арасында діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу, менің өмірімдегі діннің орны, ханафит мазхабының исламы қазақтардың дәстүрлі діні ретінде, ислам және қазіргі қазақ қызының бейнесі, дін және жастар т.б. көптеген тақырыптарда жарыссөздерге шықты. Жарыссөздер барысында Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуының алдын алу, діннің және дәстүрлердің өзара іс – әрекетінің мәселелері, колледждер мен жоғары оқу орындарында дінтануды оқытудың мәселелері сөз етілді.
Конференция барысында қатысушылардың әртүрлі сұрақтарына жауап берілді.
Соңында облыс әкімі орынбасары Арын Амангелдіұлы конференция алға қойған мақсатына жетіп, өз жұмысын ойдағыдай атқарғаны туралы қорытынды сөз сөйлеп аяқтады.