Ағымдағы жылдың 23 сәуір күні ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы мен мешіттің азаншысы Сарсенов Азамат Амандықұлы іссапармен Ақжар ауданында болып қайтты. Облыстан келген делегация мүшелері ең алдымен аудан әкімі Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлының қабылдауында болып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, дін саласында кадр мәселесіне көңіл бөлу; бес парыздың бірі Зекет мәселесі – «Зекет» қорына қолдау көрсету; ауданға қарасты барлық мешіттердің жұмыс жағдайын жақсарту.
Осыдан кейін аудан әкмдігі мен «Үлкен-Қарой» аудандық мешітінің ұйымдастыруымен аудандық әкімдікте «Ислам экстремизм мен терроризмге қарсы» тақырыбында семинар-кеңес өткізілдi. Жиынды басқарған аудан әкiмi кіріспе сөзінде жиналған қауымды жұмыла жұмыс атқаруға шақырды. Ал облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы баяндамасында келер ұрпаққа жақсы тәрбие берудің маңыздылығына тоқталып, лаңкестік әрекеттердің асыл дінімізге қайшы екенін баса айтты. Сонымен қатар аталмыш шараға аудан, ауыл имамдары, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының, БАҚ-тың өкілдері, мектеп директорлары, зиялы қауым мен ауданның белсенді жастары қатысты. Семинар сұрақ-жауап, пікір алмасу түрінде өтті.
Семинардан кейін Ақжар ауданының мәдениет үйінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған айы мерекесіне орай Мәуліт кеші өткізілді. Кеш Құран аяттарын оқудан басталды. Осыдан кейін кешті жүргізуші аудан әкіміне сөз берді. Келесі болып мінбеден сөйлеген облыс имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Мәуліт мерекесі жайында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен мысалдар келтіре отырып, ғибратты баяндама жасады. «Мәуліт мерекесін атап өтудің негізгі мақсаты – халықты игілікке, ауызбіршілікке үндеу», – дей келе, облыс имамы зал толы ақ жаулықты апалар мен абыз ақсақалдарды осы мерекемен құттықтады.
Кеш салауат-шарифті оқумен жалғасты. Ал аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен жергілікті дарынды жастардың арнайы дайындаған діни өлең-жырлары мен дәстүрлі әндерден құралған концерттік бағдарламасы жиылған қауымның көңілінен шығып, тамаша әсер қалдырды.
Ауданнын бас имамы қорытынды сөзінде мәуліт мерекесін ұйымдастыруға белсене ат салысып, демеушілік көрсеткен қайырымды жандарды алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шарадан кейін ауданның асханасында дастархан жайылып, ниет білдірген әрбір адам осы мерекелік дастарханнан дәм татуларына мүмкіндік болды.
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі