Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Республика сарайында Мәуліт кеші өтті. Рухани кешке Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, қала әкімдігінің басшылары, зиялы қауым өкілдері, дін қайраткерлері қатысты.
Рухани кеште танымал әншілер ғибратты жыр-термелер орындап, тәрбиелік мәні мол сахналық қойылымдар көрсетілді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өнегелі өмірі жайлы бейнероликтер халық назарына ұсынылды. Пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ салауаттар оқылып, сәлемдер айтылды.
Ғаламдардың мақтанышы, адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі, сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыздың ﷺ туған күніне орай ұйымдастырылған Мәуліт кеші бір күнде екі рет өткізілді.
«Мұсылман жұртшылығы Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) туылған күніне орай əр жылдың рабиғул-аууали айының 12- күні мəуліт мерекесін тойлап келеді. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны айқын. Ұйымдастырып отырған рухани кешіміздің басты мақсаты Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) өнегелі, ғибратты өмірін жақыннан тану. Сондықтан мұндай жиындардың тағылым-тәрбиесі бөлек»,-деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Кеш барысында Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өнегелі өмірінен сыр шертетін бейнеролик бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды.
ҚМДБ баспасөз бөлімі
Muftyat.kz