Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Мүфтияттың 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялауына орай дөңгелек үстел және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жақында жарыққа шыққан «Дәстүрлі ИСЛАМ жауһарлары» атты тарихи-танымдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Дөңгелек үстел барысында еліміздегі қазіргі діни ахуал, «Дін және тарих тағылымы» жылында атқарылатын іс-шаралар баяндалып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы зиялы қауым өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берді. «Бұл кітапды дайындап шығаруға 2 жыл уақыт жұмсадық. Кітапты басып шығару туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Ғылыми кеңесі ұсыныс жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бұл ұсынысты бірден қолдады. Ғұламалар Кеңесінің 5 отырысында осы кітап талқылаудан өтті. Әбден жан-жақты жетілдірілді. Бұл біздің көптен бері күтіп жүрген кітабымыз болды. Алла қаласа, «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» кітабының аясында республикалық жазба ақындардың мүшәйрасын ұйымдастыруды қолға алып отырмыз», – деді Бас мүфти. Кітапта X-XVII ғғ. аралығындағы ҚараҺандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде жазылған діни-танымдық, діни-сопылық, діни-канондық және діни-ғибраттық туындылардың озық үлгілері жинақталған. Кітап – дінтанушыларға, гуманитарлық сала мамандарына, студенттер мен зерттеушілерге, иман байлығын барлық құндылықтан биік санайтын барша оқырман қауымға арналған. Іс-шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, академик, қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлы, ҚР Жазушылар Одағының өкілдері, ғылыми институттардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, қазақ басылымдарының бас редакторлары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, тарихшы-ғалымдар, т.б. тұлғалар қатысты.
Дөңгелек үстелді наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз жүргізді.
muftyat.kz сайтынан алынған
«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі