Алланың атын атап шақыратын құс жер жаннаты Жетісу өңірінде де бой көрсете бастады. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын еліміздегі түрлі телеарналар Қарағанды облысының Егінді ауылында қарғалардың «Алла» деп дауыстағаны жөнінде жарыса хабарлаған болатын
Міне, содан араға екі апта салып, бұл көрініс Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан батысқа қарай 20 шақырымдағы Қаратал өзенінің бойына ірге тепкен Мойнақ ауылының біраз тұрғындарының көзіне түсті. Осыдан бірнеше күн бұрын күндізгі сағат 11-лер шамасында құс аталған ауылдың Алмалы көшесінде тұратын Қапанова Майра есімді әйелдің үйіне таяу маңдағы бір ағаштың басына қонып, бірнеше рет «Алла», «Алла» деп шақырады. Өз құлағына өзі сенбеген азаматша мұны алдымен өзінің 12 жасар ұлы Бағжанды шақырып, құстың үнін тыңдатады. Олар осылайша болған болмысты тамашалап тұрғанда бұлардың қатарына осы ауылда тұратын және де бірнеше адамдар келіп, олармен бірге қызықты оқиғаға куә болады. Оны көзбен көрушілердің айтуынша, бұл құс анықтап қараған жанға қарғаға да онша ұқсап кетпейтін көрінеді. Бір қызығы, төсі мен жота жүндері ақ, ал басы мен қанат-құйрығы көкшіл түсті құстың үлкендігі көгершіннен сәл үлкен болып, ол жиі емес, қайта анда-санда бір рет қатарынан үш мәрте «Алла» деп қайталайды екен.
Осылайша құс екеш құстың өзі де Жаратқан иеміздің есімін атап, оны ел есіне жиі салып жатуы иісі мұсылман баласын ойландыратын әрі таңғалдыратын жай.
Айдын КӘЛІМХАН.
Алатау газеті