ҚҰРБАН АЙТ: ҚАСАПШЫЛАРДЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Дамудың» ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-семинар өтті.⠀

«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының жетекшілігімен «Zoom» платформасында өткен семинарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Хасан Аманқұл және жергілікті инспекциялық бақылаушылар, сонымен қатар 19 өңірдегі жергілікті қасапхана қызметкерлері қатысты.⠀

Семинарда Құрбан айт күндері құрбан шалу рәсімінің шариғат әдептеріне сай орындаудың маңыздылығы мен талаптары, басты қағидалары мен ережелері түсіндірілді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен барлық өңірде құрбандық шалынатын орындарды әзірлеу және қаупісіздік-тазалық шаралары, қасапшылар даярлау және оларға түсіндірме семинар ұйымдастыру бойынша арнайы жұмыстар бекітілген болатын. Шариғи нормаларды сақтап, құрбандық малын сою үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан құрбандық шалынатын нысандарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастыруды жөн көрдік. Дәріс барысында қасапшылық қылатын азаматтарға Хасан Аманқұл арнайы дәріс жүргізіп, құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндірсе, кәсіби технологтар халал стандартқа сай мал бауыздап, ет өңдеу жөнінде дәріс оқыды. Сонымен қатар, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Құрбан айт кезінде карантиндік талаптарды қатаң сақтау қажеттілігі ескертілді. Қазіргі таңда Республика бойынша «ҚМДБ Халал» сертификатына ие болған 30 қасапхана мен 567 қасапшы тіркелген. Еліміздің барлық өңіріндегі «Халал Даму» сертификаттауынан өткен қасапшылар мен қасапханалар Құрбан айт мейрамында халыққа өз қызметтерін ұсынады», – деген Айбек Асқарбекұлы «Халал Даму» бақылауындағы қасапшылар мен қасапханалардың Құрбан айт мейрамына сақадай сай екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, шілде айының 20-сы – қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні. Арапа – 19 шілде.

Return to Top ▲Return to Top ▲