Заманауи мұсылман келбеті

Ислам діні  – Алла тағаланың адамзатқа жіберген ең соңғы діні, Құран ең соңғы кітабы, Мұхаммед (с.а.у)  ең соңғы пайғамбары.  Осыдан он төрт ғасыр бұрын Құран нұрынан нәр алған алғашқы мұсылмандар дереу надандық шекпенінен айрылып, ғылым білімге жаппай ден қойды. Мұсылман табаны тиген жер сол мезетте тыныштық ордасына, ғылым-білім мекеніне айналды. Әлбетте бұл шынайы исламның көрінісі, шынайы мұсылмандардың бойынан байқалатын сипат. Алайда уақыт өте исламның алтын ғасыры артқа қалып, мұсылмандар арасын алауыздық тұманы жайлады.

Көптеген ислам мемлекеттерінде сауатсыздық, тұрақсыздық, алауыздық билік құрды. Әсіресе 21-ғасыр мұсылмандарының еншісіне түскен ауыртпалық ерекше. Батыстың ғылымын, жоғарғы технологиясын меңгерген ислам жастары батыстың қазіргі руханилықтан жұрдай мәдениетін де бойларын сіңірді. Әлбетте бұл нәубеттің басты себебі – ислам емес,  Құранды түсіне алмаған біздер мұсылмандар.

Төменде заманауи мұсылманның бойында негізгі болу тиіс сипаттарды атап өтеміз:

  1. Имандылық, тақуалық. Кәзіргі замандағы мұсылман үшін қауіпті болған имани жолдан бұратын неше алуан жолдар бар. Олар ғаламтор, БАҚ беттірі, теледидар, заманауи киімінудің тұрпайы үлгілері барлығы адамды егер керегін алып, қажетсізін тастамаса, құрдымға кетіреді. Ал нағыз тақуалық ол – Алла Тағала бұйырған істерді орындап, тыйым салған істерден тыйылу.

Алла Тағала тақуалар жайлы Құран Кәрімде былай дейді :

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلا تَمُوتُنَّ إِلا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ

«Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар»3.

إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ  إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.[1]

Сондай-ақ, Әбу Умәмә (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (с.а.у) қоштасу қажылығында хұтпа айтып тұрып: «Алладан қорқыңдар, бес уақыт намаздарыңды толық орындаңдар, (Рамазан) айларыңда ораза ұстаңдар, малдарыңның зекетін өтеңдер, басшыларыңа бағыныңдар, Раббыларыңның Жәннатына кірерсіңдер», – дегенін естідім», — дейді.[2]

Тақуалықтың сипаттарының бірі – басқа бір мұсылманға тілімен, қолымен зиян келтірмеу. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмеген»[3].деген.

  1. Екіжүзділіктен қашық болу, жүрек тазалығы. Әрбір мұсылман ада болуы тиіс сиапаттардың бірі екіжүзділік, жүрек ластығы. Пайғамбарымыз (с.а.у):«Шын мәнінде Алла сендердің дене бітімдеріңе және келбеттеріңе қарамайды, алайда сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды»5, – деді. Жүрегі жақсы ниетке тола адам ешкімге жаманшылық ойламайды, күндемейді,қызғанбайды,жаманшылық жасамайды,тіліне ие боп жүреді, біреудің байлығын көріп ауырмайды,кедейді көріп асып-таспайды, көмек сұраған кісіге қолынан келгенше көмектеседі.
  2. Білімді игеру, парасаттылық. Кәзіргі заман мұсылмандарының ең әлсіз тұсы білімсіздік, ғылым үйренуге деген құлшыныстың жоқтығы. Ғылым-білімнен алыс болуымыздың айқын мысалы – киген киіміміз, мінген көлігіміз, тұрмыстық мақсаттағы қолданыстағы заттарымызды өзіміздің өндіре алмағандымыз, дайынға құмар болуымыз соны ойластырып, пікір қылып, талпынбауымыз. Ғылыми ошақтардың біраз бөлігі батыс елдерінде болғандықтан сол жерден ілім алуы – заман талабы. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Ғылымды Қытайдан болсын талап ет» деген. Алайда мұсылман арасында кейбір топтар мұсылман еместерден ілім үйренуді харам дейтіндер бар. Бұл «өзің білме, білгеннің тілін алма» ның кейпі.

Ілім алудың үкіміне келетін болсақ, ол барша мұсылманға парыз. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадис шәрифінде:

طلب العلم فريضة على كل مسلم

«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»[4].

Заманымыздағы ілімсіздіктің айқын көрінісі – діни ілімсіздік. Соның салдарынан көптеген жастарымыз әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуде.

  1. Отансүйгіштік.   «Отанды сүю – иманнан», – деген қанатты сөз бар. Отанға деген ыстық сезім, ықылас – жалпы адамзаттық адамгершілік қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сипат.Отаншылдық, патриотизм – асыл дініміздің ұстанымымен тығыз ұштасып жатқан ұғымдар. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.у) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген[5].
  2. Сыртқы келбетінің ұқыптылығы. Амру бин Шуғайбтан келген  хадисте:

قال رسول الله صلي الله عليه و سلم : ( إن الله يحب أن يُري أثرُ نعمته علي عبده)

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла берген нығметін құлының бойынан көргісі келеді»[6], – деген. Басқа бір хадисте Алланың елшісі (с.а.у):  «Шын мәнінде Алла көркемділікті сүйеді»[7]деген. Басқа адамдарды ислам дініне сүйсіндіру үшін адам өзінің киім киісіне, ұнамсыз иістердің шықпауына ерекше көңіл бөлуі керек. Өйткені діннен алыс адам мұсылманның сыртқы бейнесіне қарап, баға береді.

  1. 6. Жан-жақтылық. «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, кәзіргі заман мұсылмандары тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты біліммен қарулануы тиіс. Анастан жеткен хабарда Пайғабарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендердің жақсыларың дүниесін ақыретке, ақыретін дүниеге тастап қойғандарың емес, бәлкім екі дүниенің арбасын бірдей ұстағандарың. Шын мәнінде дүние ақыретке жетелейді».[8]
  2. Толлеранттылық. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.  «Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек….

Алла тағаланың Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у)  соңғы пайғамбар етіп, әрі оған дейінгі Алла тарапынан түскен діндерді растау үшін жібергендігі — басқа діндерге деген Ислам дінінің құрметі және ерекше ілтипатын білдіреді. Әрбір мұсылман Алла  тарапынан жіберілген кітаптарға және пайғамбарларға  толық иман келтірмейінше иманы кәміл болмайды. Алла тағала Құран кәрімде:


آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ     

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді.       Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді».[9]

Қорыта келе, заман ағымынан мұсылман ешуақытта тыс қалуы тиіс емес, керісінше адамгершілікте, білімге құштарлықта, жаңалық ашуда Жаратқаннан қорқуда, парасаттылықта алдыңғы қатардан көрінуі ләзім. Нағыз мұсылманның бейнесін онымен сөйлескенде оны көргенде тек тыныштық, көркемділікті, онымен сұхбаттасуға деген ынтызарлықты байқауы тиіс. Яғни өзінің іс-әрекетімен мұсылман деген атқа лайықты болуы міндет.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«ҚЫЗЫЛЖАР»  ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ ҰСТАЗЫ

[1] Хужурат сүресі, 13-аят.

[2] Тирмизи 616

[3] Бұхари хадистер жинағы, № 10 Тирмизи 616

[4] Ибн Мәджә хадистер жинағы.

[5] Табарани хадистер жинағында келген.

[6] Тирмизи хадистер жинағы

[7] Муслим хадистер жинағы

[8] Хатиб әл-Бағдади.

[9] Бақара сүресі 285-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲