Ислам діні спорт жөнінде не дейді?

Қыркүйек 16th, 2011

Ислам діні өз қоғамын қуатты да айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл аударып, онымен айналысуға шақырады. Қасиетті Құранның 42 жерінде «қуат» сөзі кездеседі. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).
Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, сенің Раббыңда сенен ақысы бар және сенің денеңнің сенен ақысы бар, және сенің әйеліңнің сенен ақысы бар, және сенің қонағыңның сенен ақысы бар, сол үшін сен ақысы барлардың ақысына жауап бер», –дейді (Әл-Бұхари; имам Мүслім). Демек, спорт – ағзаларымыздың ақысы. Ол денемізді шынықтыру арқылы өтелмек.
Жалпы, спорт – денемізді күшейтіп, ағзадағы зиянды қалдық заттардың сыртқа шығуына және артық салмақты жоюда май жасушаларының еруіне септігін тигізетіні белгілі. Бойымызды тазалап, қан айналымымызды жақсарту, біздің ойлау қабілетіміз бен санамызға оң әсер береді.
Сонымен қатар, дене шынықтыру көптеген психикалық аурулар мен түрлі мүшелеріміздің сауығуына жәрдем болады. Жүрек пен бұлшықеттерді шынықтырады. Ал енді, спортпен айналыспайтын адамға назар салсақ не көреміз: қан айналымы баяу, дене мүшелерін ісік шалған, немесе әлжуаз, қан тамырларының кеңейгенін, түрлі ауруларға шалдыққыш және тағы сол сияқты кесапат қасиеттерге толы тұлға көз алдымызда тұрады.
Ибн Әл-Қайим былай дейді: «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» (Ат-Тыбб Ан-Набауи кітабынан).
Дене шынықтыру адам баласының тәнін ғана дамытып қоймай, рухани жақтан да тәрбиелейді. Өз нәпсісін жеңуге, өз денесін өзіне бағындыруға жәрдемдеседі. Шейх Али Ат-Тантауи өз кітабында спорт туралы ойын былай жеткізеді: «…және сендер, уа жастар! Дене шынығумен айналысуларың қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Егер спорт харам нәрселермен байланыспаған болса, ол жастарға ең жарасымды уақыт өткізу шарасы болып табылады» (Али Ат-Тантауи. Аз-Зикрайят, 158-б).
Уақытын босқа өткізетін адам жалығады, жаны шаршайды. Мұндайда оның жаны темірдің тотығуындай тот басады. Сол үшін бұл проблеманың шешімін спорттан, сергек қимыл-әрекеттерден, халал қатынастардан табу қажет. Рұқсат шеңберіндегі спорт түрімен айналысу адамның сергіп, жан-тәнінің тынығуына жол ашады. Өміріміздің бос уақыттары спортпен толықтырылғаны құба-құп. Ал осы бос уақыттың дұрыс қолданылмауы адамның күнәларға батуына, рухани тығырықтарға тірелуіне әкеліп соғатыны рас.
Сонымен қатар, спорт тұлғаға кішіпейіл, кешірімді болуға, сәттіліктер мен жеңісті қарапайым қабылдап, тәкәппарланбауға үйретеді. Осыған қоса, басқа түскен қайғылар мен жеңілістерге қарсы сабырлыққа бейімдейді. Сол арқылы, қандай жағдай болмасын, адам үмітсіздік тұманында адаспай сыртқы әлемнен оқшаулыққа түспей әрі өз қателігін ешкімнен көрмей салауатты өмір сүруді насихаттайды.
Ислам дінінде әйелдер мен қыз-келіншектерге де спортпен шұғылдану өте маңызды. Алайда, шариғат бойынша олар бұл үшін оқшауланған орынды табулары керек. Басқа еркектердің көзіне түсіп, нәпсілерін сынамау үшін, әурет жерлері тиісті киіммен жабылады. Өйткені, жаттығу барысында түрлі әрекеттер жасалатыны белгілі: еңкею, немесе сырт көзге ыңғайсыз бір әрекеттер.
Спорттық ойындар үш топқа бөлінеді. Олар: шұғылданудың абзал түрі, рұқсат етілген түрі және рұқсат етілмеген, тыйым салынған түрі.
Шұғылданудың абзал түрі – ерлер үшін ең жақсы спорттық ойындар, олар: мергендік, жүзу және ат спорты. Өйткені бұл әскери дайындыққа бір табан жақын спорттық ойындар. Әділетті халифалардан болған Омар Әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген хадисті жеткізген.
Имам Мүслімнен келген бір хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мергендік турасында үш рет қайталап мына сөздерді айтыпты: «Расында, күш – садақ атуда». Ат спорт жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы ол бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар» (Әл-Бұхари; Имам Мүслім).
Екінші топтағы рұқсат етілген ойындар қатарына: жүгіруден жарыс, жорға жүріс, кедергілерден секірулер, биіктік пен ұзындыққа секіру, т.с.с. күш сынасу ойындары. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелі Айшамен (р.а.) жүгіруден жарысып, одан озып кетті. Хазреті Айша (р.а.): «Бір кездері, мен Алла елшісімен жүгіруден жарыстым, сөйтіп мен одан озып кеткен едім. Біраз уақыттан соң, мен жүкті болған шағымда, онымен тағыда жүгіруден жарыстық. Бұл кезекте ол мені жеңді де, қалжыңмен «бұл саған сол кез үшін деді»», – дейді (Имам Ахмад).
Сонымен қатар, күрес те рұқсат етілгендердің сапында. Өйткені пайғамбарымыз Руканамен күресіп, оны жеңген. (Абу Дауд; Әл-Байхақи; Абдур-Раззақ; Ат-Тирмизи).
Сол үшін қазақша, еркін күрес секілді спорт түрлері рұқсат етілгенге жатады. Ибн Абидин: «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені пайғамбарымыз Әл-Асуад Әл-Джумаһи және Руканамен күреске түскен. Ол кезде, Рукана Алла елшісіне шарт қойған. Егер пайғамбар жеңсе, Рукана Исламды қабылдайды деп. Сонда Алланың пайғамбары оны үш рет қатарынан жерге жыққан». (Радд әл-мұхтар ағла ад-дурр әл-мұхтар. 9-т. 493-б.).
Осы айтқандарға қоса, қылышпен, жебе-найза немесе таяқпен айқасу жарыстарын ұйымдастыруға болады. «Алла қылышы» атағына ие болған хазреті Халид ибн әл-Уалид айтты: «Муғта түбіндегі шайқастарда менің қолымда тоғыз қылыш сынды, сонда қолымда йемендік қалқаннан басқа ештеңе қалмаған еді», деп еске алады (Имам Әл-Бұхари).
Бұл ойындар тізбегіне ауыр атлетиканы да қосуға болады. Ибн Абидин: «Шынығу үшін ауыр тастарды көтеру рұқсат», – деген (Радд әл-мұхтар Т.9.494 б.).
Аталмыш тізбекті жалғастырсақ: қайықпен, автомобиль, велосипед, шаңғы, планермен жарысу, коньки тебу, парашьютпен секіру, футбол, баскетбол, волейбол, крокет, крикет, регби, бейсбол, т.с.с. түрлі ойындар да біздің денсаулығымызға өте пайдалы. Аңшылықты да адамды сергітетін демалыс түрі және спортқа жатқызуға болады.
Ислам дінінде харам етіліп, тыйым салынған спорттық ойындарға адам ауыр жарақаттармен қоса, миын зақымдайтын, бірін-бірі ұрып соғатын ойындар жатады. Ондайда, кейбір жағдайда екеуінің бірі өлімге ұшырауы да мүмкін.
Сол секілді нарда ойыны төрт мазһаб бойынша харам етілген. Оған дәлел ретінде мынадай хадис бар: «Кімде-кім нарда ойнаса, ол адам қолын шошқаның еті мен қанына малғанмен тең» (Мүслім; Мәлік; Ахмад). Әбу Дауд (р.а.) жеткізген хадисте: «Кім нарда ойнаса, ол Алла пен Оның елшісін тыңдамаған болады»,– делінген. Аталған ойын харам етілген үкімнің себебі – ойыншылар сәттілікке жүгінеді, ал бұл өз кезегінде жебелермен пал ашқандай болып табылады. Алла тағала қасиетті Құранда айтты: «Уа, иман келтірілген! Расында мас қылатын ішімдіктер, құмар ойындар, тас пұттары мен пал ашатын жебелер шайтанның лас іс-әрекеттерінен болып табылады. Одан аулақ болыңдар, мүмкін сендер құтыларсыңдар» («Әли Ғимран» сүресі, 90-аят).
Сонымен қатар, ақша тіккен бәйгелер мен жарыстар харамға жатады. Алайда, ақшаны үшінші жақ (мемлекет, ұйым, не жеке тұлға) тіксе, онда ол ойын рұқсат шеңберіне кіреді. Бірақ ғалымдардың көпшілігі сыйақы тігуді тек белгілі бір ойын түрлеріне ғана болатын пікірді қолдаған (Хашийат ад-Дусуқи. Т.2.532 б.). Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Сыйақы тігу тек ат пен түйе жарыстарында және садақ атуда ғана болады» (Әбу Дауд; ат-Тирмизи (хадис хасан); ан-Насаии. Абу Һурайрадан жеткен). Ал ханафи ғалымдары басқа жарыстарға да сыйақы тігуге болатындығын айтады. Сыйақы тігу жарысушыларды күштірек машықтануға және денесін шымыр да қуатты қылуға ынталандырады.
Елімізде спортпен шұғылданушы бауырларымыз көбейіп, халқымыздың еңсесін көтеріп, байрағын биік желбірететін спортшыларымызға Алла Тағала жеңісті нәсіп етуін тілеймін. Ұтыстары молынан, жарыстары жеңілінен түскей. Әмин!

 

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
«С.Ғылмани» мешітінің Бас имамы,
Астана қаласы
«Ислам және өркениет», №14, 2011 жыл

Білімді мыңды жығар…

Қыркүйек 16th, 2011

Үстіміздегі жылдың жаз басында мектепті бітірушілермен мешітте кездесу өтті. Мешіт ішінде жұма күніндей ине шаншыр жер болмады. Түлектерге дініміздегі білімнің алар орны жайлы бірер уағыз айтылып, болашаққа қадам басқалы тұрған жас жеткіншектерге бата жасалып, ілім жолында сәттілік тілеген болатынбыз. Ғұлама Ыбырай (Ибраһим) Алтынсары атамыз: Бір құдайға сыйынып, Кел, балалар оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық! Істің болар қайыры, Бастасаңыз Аллалап, Оқымаған жүреді Қараңғыны қармалап,-дегендей бір жұмадан бері мешітке жеті жасқа толған балаларын жетектеп ата-аналар келуде. Мектеп табалдырығын «бисмиллаһ» деп аттағалы тұрған бүлдіршіндер білімді де тәрбиелі болсын деген ниетпен бата сұрап келіп жатқан жөні бар.

Мектептер, арнайы орта оқу орындары және жоғары оқу орындарында оқу жылы басталуда. Солармен қатар еліміздегі тоғыз медресе де «бисмиллаһ» деп өз дәрісін бастап кетті. Осы шәкірттер мен студенттерге білім жолында толағайдай табыс тілей отырып, білім жөнінде уағыз-насихат айтпақпыз. Құран Кәрімде:

هل يستوي الذين يعلمون و الذين لا يعلمون

Яғни: «білетіндер мен білмейтіндер тең бола алады ма?»,-деген аят бар. Расында «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей білімдінің ала алмайтын қамалы, аса алмайтын асуы болмас. Ислам дініндей білім мен ғылымға көңіл бөлген ешбір дін жоқ. Алла тағала ардақты пайғамбарына (с.ғ.с.) алғаш уахи еткен аяты білім жөнінде. Білімге үндеген аят еді. Білім діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылықтардың бастауы болғандықтан ең әуелгі иләһи пәрмен де білім жайлы болды. Жаратқан Алла соңғы елшісіне тікелей және күллі адамзатқа жалпылай:

إقرأ باسم ربك الذي خلق ، خلق الإنسان من علق ، إقرأ وربك الأكرم ، الذي علم بالقلم ، علم الإنسان مالم يعلم

Ең әуел түскен аят: Алла тағалаға құлшылық жаса, намаз оқы деп түскен жоқ. «Оқы, сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, сенің Раббың ең ұлық. Ол қаламмен үйретті. Адам баласына білмейтін дүниесін үйретті,-деп түсті. Бұның сыры Алла тағаланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр. Ахмет Иүгінеки бабамыз: Өтеді абыроймен білімді жан, Ал надан бейне өлік, жерсе де аман. Білімді бір тең келер мың кісіге, Білімге сай пайдалы өзге не бар? Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер, Адамды наданшылық төмен етер. Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі «Білім қайда болса да ізде»-депті. Білікті керек сөзді біліп айтар, Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар. Біліммен танылады бір Аллаһ та, Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта. Шын білімі болмаған қанша халық, Табынар құдай жасап қолдан-пұтқа,-деп өз өлеңінде білім және надандық жайлы Құран және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзінде айтылған даналықтарды қазақилап қысқа да, нұсқа етіп түсіндірген. Ия, білім шырақ. Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін бұл – білім. Мұхтар Әуезов: « Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек…,-деген. Шындығында, адамның және жалпы ұлттың қадірі оның білімімен өлшенеді. Халықтың жері қаншалықты бай болса да, оны игеретін ғалымы, білімді азаматы болмаса одан не пайда?! Ол байлық халыққа несібе болма ма? Халықтың игілігіне жұмсала ма? Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:

…و منْ سلك طريقًا يلتمس فيه علما سهّل الله له طريقا إلى الجنّةِ…

Мағынасы: «… Кімде-кім білім іздеп жолға шықса, Алла тағала оның жәннатқа барар жолын жеңіл етеді…»,-деген. Міне, шынайы Алла тағала ризашылығы үшін болған білімге берілетін сый жәннат. Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білім жайлы бір сөзінде:

…إنّما العلماءَ ورثةُ الأنبياء, إنّ الأنبياء لم يُورِّثوا دينارا و لا درهما, إنما ورّثوا العلم, فمن أخذ به أخذ بحظٍّ وافر

Мағынасы: «…Расында ғалымдар – пайғамбарлар мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динарды да дирһамды да (яғни алтынды да, күмісті де) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұралыққа қалдырады. Кімде-кім оны (білімді) алса, мол олжа алғаны…»,-деген екен. Пайғамбардың мұрагері болу қандай бақыт десеңізші! Бұл мұраны алу үшін ол кісінің (с.ғ.с.) отбасынан болу шарт емес. Басты шарт Алла тағала ризашылығы үшін деген ниетпен сол ілімді үйрену. Пайғамбарға (с.ғ.с.) мұрагер болу барлығына теңдей берілген мүмкіндік. Ибн Масуд (р.а.) баян еткен хадисте:

لا حسد إلاّ في اثنتين: رجلٌ آتاه الله مالا فسلّطهُ على هلكته في الحقّ و رجلٌ آتاه الله الحكمة فهو يقضي بها و يعلّمها.

Яғни: «Тек екі түрлі адамға қызығуға болады, бірі: Алла тағала мал-дүние берген кісіге. Ол дүниесін дұрыс жолда (жақсылық, қайырымдылық және Алла тағала риза болатын жолда) жұмсайды. Екіншісі: Алла тағала даналық (білім) берген адам. Ол біліміне амал етеді және адамдарға да үйретеді»,-деген екен. Пенде болған соң әр нәрсеге қызығып, қызғана қарай береміз. Алайда, шынайы қызығуға тұрарлық дүние тек осы екі зат қана. Ілгілікке жұмсалған дүние және пайдалы ілім. Дін ілімі болсын және дүниелік ілім болсын аса жауапкершілікпен қарау қажет. Діни ілімге келер болса, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:

مَنْ أُفْتِيَ بغير علمٍ كان إثمه على من أفتاه و من أشار على أخيه بأمر يعلم أنَّ الرُّشْد في غيره فقد خان.

Мағынасы: «Кімде-кімге білімсіз (тарапынан) пәтуа айтылған болса, оның күнәсі пәтуа айтқанға болмақ. Ал, кімде-кім өз бауырына тура жол басқа екенін біле тұра басқа (бағыт-бағдар) берсе, ол қиянат еткені»,-деген екен. Расында, қазіргі таңда бағзы жастар сондай арампиғылды адамдардың құрған тұзағына түсіп қалып жатыр. Дін деген осы екен ғой деп шынайы мұсылманшылық құндылықтардан алыстап кетіп бара жатқандары тағы бар. Дін ілімін міндетті түрде мешіт қабырғасынан үйрену керек. Хәкім Абай атамыз: Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге, дегендей мешітте бос сөзден гөрі нақты дәлел-дәйекке сүйенген кітаптар негізінде сізді толғандырған сауалдар мен мәселеге жауап беріледі. Осы арада тағы бір хадисті айта кетейік, Ибн Омар (р.а.) жеткізген:

مَنْ تعلّمَ علما لغير الله أو أراد به غير الله فليتبوّأْ مقعده من النار.

Мағынасы: «Кімде-кім Алла тағала ризашылығынан басқа үшін ілім үйренсе немесе сол біліммен Алла тағаладан басқаны ниет етсе, өзіне тозақтан орын әзірлей берсін»,-деген. Термизи және Ибн Мажаһ кітаптарында Каъб бин Маликтен (р.а.) мынадай риуаят жеткен:

من طلب العلم ليُجاريَ به العلماء أو ليُماريَ به السفهاء أو يصرف به وجوه الناس إليه أدخله الله النار.

Яғни: «Кімде-кім ғалымдармен тартысу үшін, ақымақтарды жеңу үшін немесе өзіне адамдардың назарын аудару үшін ілім үйренсе, оны Алла тағала тозаққа кіргізеді»,-деген. Білім жайлы көпшілік мұсылман қауым білетін мына хадиске назар аударайық, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Білім алу әрбір мұсылманға парыз», – деген. Осы хадисті тарқатып айтып көрелік. Алдымен мұсылманға барлық білімді оқу парыз емес екендігін білгеніміз жөн. Ол өз жағдайына (жағдай мен уақыт талабына сай адамға өмірінде аса қажетті, ол иманшарты, ең қажетті құлшылық пен қарым-қатынас үкімдерін білу, өзін асырайтындай дәрежеде ризық несібесін табу мен еңбек ету жолын үйрену болып табылады. Мұсылман болу үшін усул әд дин ілімінен иманға жеткізетіндей білім алу парыз. Ал, Алла тағала парыз еткен амалдарды біліп тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою міндетті. Ал, ризық табу жолында, күнелту үшін шамасы келген дәрежеде тіршілік ілімін үйрену қажет. Демек, Ислам дінінің мақсаты – адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу. Байһақи риуаят еткен хадисте: «Сендер тектеріңді туысқандарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда жол табатындай дәрежеде үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деп айтылған) байланысты білім алуы парыз. Сондықтан, білімнің абзалы – ғылымхал, амалдың абзалы – соны сақтау, деп айтылған. Мұсылманға, қандай жағдайда болсын, өзінің қал-қадіріне қатысты білімді үйренуі парыз. Егер намаз оқу мойнына парыз болса, намаздың парызын өтейтіндей мөлшерде үйренуі парыз, уәжібін өтейтіндей мөлшерде үйренуі уәжіп. Өйткені намаз парызын орындауға себеп болатын нәрсе – парыз, ал уәжібін орындауға себеп болатын нәрсе – уәжіп саналады. Сол секілді ораза және мал-мүлкі, зекет мәселесінде де осылай болмақ. Мойнына қажылық парыз болса, соны өтейтіндей білім алуы парыз. Сауда-саттықпен айналысатын болса, сауда мәселесін үйренуі парыз. Ия, мұсылман баласы діни де дунияуи ілімді қатар алып жүруі лазым. Мен аса тақууа болғым келеді деп тек Құран оқуды, намаз оқуды үйреніп қалған ілімдерге немқұрайлы қарау жөн емес. Қате пікір. Жейтін асымыз халал болуы үшін мұсылман баласы мал және егін шаруашылығымен айналысуы қажет. Өндіріліп жатқан өнімге харам қоспа қосылып кетпеуі үшін технолог, биолог және химик мамандар аса қажет. Ем қабылдағанда біз пайдаланып жатқан дәрі-дәрмектер, медицина қызметі дінімізге сай екенін білуіміз үшін фармацевт және де басқа дәрігерлік мамандықтарды игеруіміз қажет. Дін дегеніміз тек мешіт аясымен шектелетін дүние емес. Дін біздің өміріміздің барлық саласына терең араласатын дүние. Адам баласы неге мұқтаж болса, қандай затты тұтынатын болса дін оған өз жауабын айта алады. Тек біз сол жауапты табуымыз үшін оқуымыз, ілім үйренуіміз қажет. Құранда Әнбия сүресінде:

…فسألوا أهل الذكر إن كنتم لا تعلمون.

Яғни: «… Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар»,-деп әмір етілген. Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

فقيه أشدُّ على الشيطان مِن ألف عابِدٍ

Мағынасы: «Бір білімді мұсылман шайтан малғұн үшін мың жай білімсіз құлшылық етуші пендеден қауіптірек»,-деп айтылған. Өйткені, білімдінің амалы мен әрекеті ілімге сүйеніліп жасалады. Онда қателік болмайды. Ілімді қателік жасауға қорқады. Расында ең тақуа адам ол ілімді мұсылман. Бұл Құранның сөзі. Алла тағала:

إنّما يخشى اللهَ مِن عباده العلماؤ

Яғни: «Расында Алла тағаладан пенделері ішінде ғалымдар қорқады»,-деген. Білімсіз адам ол қателік жасаудан қорықпайды. Надан адамнан біреу бір мәселе сұраса, білмеймін деп айтудың орнына қорықпай өз ойын шариғаттай етіп айта береді. Ал, білімді адам сұраушыға бірден жауап бермей, мен кітаптан тағы бір рет көрейін деп аса жауапкершілік танытады. Міне, сондықтан да білім үйрену тіпті күнәнің кешірілуіне бірден-бір каффарат амал болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَن طلب العلمَ كان كفّارةً لما مضى

Мағынасы: «Кімде-кім ілім іздесе (үйренсе, оқыса) ол амалы өткен күнәларына каффарат болады»,-деген. Бүгін барлық оқу орны табалдырығын аттап, білім жолына қадам басып жатқан оқушы және студенттерге, әсіресе өзіміздің медресе шәкірттеріне Хәкім Абай атамыздың: Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз,-деп сөзін айта отырып Алла жар болсын деймін.

 

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық мешітінің
Бас имамы
Қалижан қажы Заңқоев

ХАЗРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ 16-ЖЕЛТОҚСАНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Қыркүйек 16th, 2011

Астанада жаңадан құлшылық үйінің ашылуы – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына ерекше тарту болмақ. Есілдің оң жағалауы мен Тәуелсіздік сарайының жанында орналасқан Аллаһ үйінің мұнарасының биіктігі 91 метрді құрайды. Ғибадат үйінің іргетасы 2009-жылдың 29-маусымында қаланды. Аталмыш шараға арнайы қатысқан ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мешітті « Хазрет Сұлтан» деп атауды ұсынды.

Жаңадан бой көтерген құлшылық үйінің үлкен залына 5 мың адам еркін сияды. Ғимарат орта азия және ұлттық нақышта безендіріледі деп жоспарлануда. Шаһардың ең қарқынды дамып жатқан ауданына орналасқан мешіт болашақта рухани, мәдени-ағартушылық орталығы болып қалыптасуына болатына сенім мол.

www.kattani.kz

Биыл Қазақстаннан қажылыққа 4 мың адам барады

Қыркүйек 16th, 2011

Қазақстанға 2011 жылы қажылық жасауға өткен жылдардағыдай – 4 мың орын бөлінді, деп хабарлады Қазақстан жаңалықтары АА-ға елдің Мұсылмандардың діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Қажы.

«Сауыд Арабиясы 4 мың орынға квота бөлді. Биыл қанша қазақстандықтардың қажылық жасайтындығы әзірге белгісіз», – деді Оңғар Қажы Өмірбек.

Ол Сауыд Арабиясының билігі жастық шектеулер қойды: Меккеге қажылыққа 13 жастан кіші емес және 67 жастан аспайтын адамдар бара алады, деп нақтылады ол. «Ал жасы 67-жастан асқан кісі болса, хажылық міндетін тек қана қасында серіктесінің болуы шарт», деп нақтыдаған сөзін ҚМДБ өкілі.
Ол сондай-ақ, Қазақстандық мұсылмандардың қажылық парызын атқаруы үшін Сауд арабиясына сапар шегу 25- қазаннан басталады, деп хабарлады.

 

www. newskaz.kz

Фатиха сүресінің мәртебесі

Тамыз 24th, 2011

Бұл ұлы сүренің артықшылығы жайында көптеген хадистер келген. Солардың кейбірін келтіріп, сүренің маңыздылығын ашық баяндайтын болсақ, бірде Әбу Һурайраға пайғамбарымыз (e) келіп: «Саған Інжілде де, Тәуратта да, Зәбурде де келмеген сүрені айтайын ба?», – дейді. Әбу Һурайра: «Иә, – деп еді, ол кісі осы Фатиха сүресін атаған. (Тирмизи, сахих /сенімді/ хадис).

Кез-келген сөз бен Аллаһ сөзі арасындағы айырмашылық – жаратушы мен құлдың арасындағы айырмашылықтайын. Жай ғана жаратылыс сөзі жаратушысының сөзіне тең келе ме? Ал енді жаратушының сөздері болған Тәурат, Зәбур, Інжілде теңі болмаған Фатиха сүресі осындай жоғары дәрежеге ие болса, онда бұл сүрені басқа сөзбен мүлдем салыструға келмей қалады! Адамдардың кемеңгер ойшылы, дана ғұламасы бір сипаттаудан тыс дана, кәміл сөз ойлап тапса да, оның сөзі Құрандағы бір аятқа тең келе алмайды, ал Фатиха сүресімен тіпті салғыласа алмасы хақ!

Тағы бір құдси хадисте пайғамбарымыз (e): «Аллаһ тағала былай деді: «Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім, жартысы Маған, жартысы құлыма әрі құлыма сұрағаны тиесілі. Егер де құлым «Әл-хамду лилләһи роббил ғаләмийн» десе, Аллаһ: «Құлым Маған мадақ айтты», – дейді. Егер де құл: «Әр-рахманир рахим» десе, Аллаһ: «Құлым Мені мақтады», – дейді. Егер де құл: «Мәәлики иәумиддин» десе, Аллаһ: «Құлым Мені ұлықтады», – дейді. Егер де құл: «Ияәкә нәғбуду уә ияәкә нәстәғийн», – десе, Аллаһ тағала: «Бұл Мені мен құлымның арасында әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді. Егер құл: «Иһдинас сыратал мустәқийм. Сыраталләзинә әнғамта ғаләйһим ғойрил мағдууби ғаләйһим уәләд-дооллийн», – десе, Аллаһ: «Бұл құлымдыкі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді», – деген. (Муслим).

Хадистегі «намаз» деген жерде Фатиха сүресі меңзеледі және бұл сүре Аллаһ пен құлдың арасында болады. Мұның өзі бұл сүренің ұлы дәрежесі мен жоғары мәртебесін көрсетеді. Бірақ мұндай сауапқа қол жеткізу үшін міндетті түрде сүренің мағынасын түсініп, мәнін ұғынып, аяттарын ой елегінен өткізу керек етіледі. Аяттың мағыналарына ой жүгірткен адам мен тілі сүре оқып, ойы далада болған адам тең емес. Аяттың мәнін ұғынған мен ұғына алмайтын жан да өзара тең бола алмайды.

Әбу Сағид есімді сахаба былай дейді: «Бірде мен мешітте намаз оқып отырғанымда мені пайғамбар (e) шақырды. Мен жауап қатпадым. Сосын мен: «Әй, Аллаһ елшісі! Мен намаз оқып отырған едім»,- деп едім, ол кісі (e): «Аллаһ тағала Құранда: «Егер де Аллаһ пен елші шақыратын болса, онда жауап қатыңдар!»,-демеп пе еді?»,- деді де, артынша: «Сен мешіттен шықпастан бұрын мен саған бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін ол кісі (e) шыға бергенде мен: «Әй, Аллаһ елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре»,- деп едіңіз ғой»,- дегенімде ол кісі (e): «Әлхамду лилләһи роббил ғаләмийн. Бұл маған берілген «әс-Сәбғул мәсәни (қайталанатын жетеу)» және «әл-Қуранул ғазыйм (ұлы Құран)»»,- деді». (Бұхари).

Абдуссамад МАХАТ
“Фатиха” сүресінің тәпсірі кітабынан

Return to Top ▲Return to Top ▲