Жасанды түсік…

Қыркүйек 26th, 2011

Бұл әңгімені бастауыма ауылдағы көлік жөндеп, сырлаушы, жалпақ тілмен айтқанда «костоправ» танысым Зейнулла себепші болды. Бірде көлікпен бірге жол жүріп бара жатып досы туралы айтқан болатын. Зейнулланың үш қызы бар екен. Ал досының бес қызы бар, сол досы әйеліне ренжулі, тек қана «қыз туасың» деп, «ішкен» сайын әңгіме айтса керек. Содан бір күні үйіне барса Аллаһ бір қызынан айырыпты. Зейнулла содан қатты ойланып, тоба барына ризамын деген екен. Аллаһ кейін Зәкеңе ұл беріп қуанышы қойнына сыймай, төбесі көкке жеткендей қуанған еді.

Негізгі тақырыбым «жасанды түсік» (аборт) жайлы еді. Біреулер балаға зар болып жүр. Соның бірі өз достарымыз. Отау құрғандарына он жыл болды, Аллаһтың сынағы болса керек, досымыз әлі күнге дейін құрсақ көтермей жүр. Ал біреулер әйелін қыз туғаны үшін төмпештеумен айналысуда. Қазіргі кезде УЗИ деген жақсы болды ғой. Барасың УЗИ-ге, «ұл» деп біреулерді қуантса, енді біреулерді «қыз» деп қырылыстырып жатады.

Сіздерге сондай оқиғаның бірін айтып берейін. Өзіміз сияқты үйленген жас жұбайларға Аллаһ төрт қыз береді. Екеуіде разы болады. Бір күні Аллаһтың қалауымен әлгі отбасында тағыда бір баланың пайда болғаны нышан береді. Алдын ала көріну, сырқат болып жатса емделу мақсатымен емханаға барады. Құрсақта нәресте жақында пайда болыпты. Бұны сайрап айтып отырған сол әлгі УЗИ. УЗИ-дегі мед. қызметкер дүниеге қыз келеді екен деп айтып қалады. Аяғы ауыр келіншек бұл хабарды есітіп, үйіне көңілсіз қайтады. Еріне келіп, ішімдегі тағы да қыз екен не істейміз деп қайғыға батты. Өзара келісе келе қыздарымыз бар ғой, төртіншісін не істейміз. «жасанды түсік қылдырғаның» жөн болар деп келісті. Сонымен мақұлдасқан жұбайлар соңғы шешімге кірісті. Ертеңіне келіншек емханаға жасанды түсік жасату үшін бет алды. Үйінен шығып, жолда көрші кемпірмен амандасып, саулық сұрасты. Кемпір келіншектің мұңлы екендігін байқап сөз бастады. Келіншектің көздері жылағандығын білдіріп тұрған еді. Қайда шықтың қалқам, деді кемпір? Көзіне жас алған келіншек, мән жайды айта отырып, соңғы шешімдері жасанды түсік жасатуды айтқанда, кемпір түсінен шошып оянған адамдай астопыралла, не дейді? Бұл не сұмдық! Сен кімсің өзі? Аспаннан салбырап түстің бе? Жан алғыш Әзірейіл ме едің? Не еді әлгі «жасанды түсік» деймісің? Егер сол баланы алдыратын болсаң, қарағым, мен сенімен сәлем беріп алыспаймын. Үйіңе кірмеймін, кіргізбеймін. Осы күннен бастап сенімен қош айтысамын деген күйі кете берді.

Мынадай ауыр сөздер кімнің есінен кете қойсын. Емханаға қалай жеткенін білмей қалды. Аллаһ жүрегіне мейірімділік ұялатты білем, келіншек үйіне кері қайтты. Көп ойланып, бір тоқтамға келіп, еріне: «разы болыңыз, бұл баланы дүниеге әкелемін!» деді.

Сәбидің дүниеге келер уақыты да жақындады. Білгіш УЗИ тағы да қыз екендігін қуаттап берді. Уақыты тақап, перзентханаға ерлі-зайыптылар бірге келді. Күйеуі әйелін ішке кіргізіп, сыртта арлы-берлі іштен келер хабарды күтіп жүрді. Біршама уақыт өткенде іштен медбике шығып «құттықтаймын, дүниеге ұл келді» деді. Өз құлағына өзі сенбеген күйеуі қайта сұрады. Ия, дүниеге ұл келді деген жауап тағы қайталанды. Шынымен бе, қателеспедіңіз бе, ұл екендігі распа, басқа келіншекпен шатастырған жоқсызба деген сұрақтар бірінен соң бірі жауып кетті.?

Әңгіме осы жерден бітті. Бұл өмір бір сынақ қой. Аллаһ бұл отбасын сынау үшін УЗИ-де ұл емес қыз етіп көрсеткен шығар. Біздің тағдырымызды шешетін УЗИ емес Аллаһ қой.

Кезекті екінші әңгімеге берсек. Үлкен қалалардың бірінде болған оқиға. Біршама жасқа келіп, отырып қалған қыз күйеуге шығады. Отыздың үстінде күйеуге шығып, құрсақ көтеруде оңай емес қой. Қырықтың жүзін беріп аяғы ауырлайды. Пендеміз ғой, ішімдегі кім екен деп ойланып, толғанып жүреміз. Осындай оймен бұл келіншекте УЗИ-ге барады. Бірақ ішімдегі ұл ма, әлде қыз ба деп ойланып, УЗИ-ге барған келіншекті жайсыз хабар түңілтті. Жәй емес қатты қобалжытты. УЗИ-дегілер ішіңіздегі адам емес, құбыжық секілді. Екі емес, сегіз аяғы бар, сенбесеңіз міне қараңыз деп экранға үңілтті. Шыныменде экранда жыбырлаған аяқттар сегіз емес, одан көп секілді. Енді не істеу керек?

Дәрігерлер келісіп, ортақ шешім қабылдап, құбыжық дүниеге келмес бұрын, жасанды түсік жасатуды ұйғарды. Шешім қабылданды. Келіншекті жасанды түсік арқылы іштегі құбыжықты алу үшін ішке алып кетті. Бір уақытта сұмдық ай! Іштегі құбыжық емес төрт егіз екен, төртеуіде ұл екен. Көрінген сегіз аяқ, төрт нәрестенің аяғы екен. Кім кінәлі? Дәрігер ме, УЗИ-дегі қызметкер ме? Тағыда тағдырымызды УЗИ шештіме?

Құрметті оқырман айта берсек мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Тарихқа үңілсек ерте заманда, Исламнан бұрын арабтар өз қыздарын тірідей көмгендігін оқимыз. Бірақ олар жасанды түсік жасамастан қыздарын алты, жеті жасқа дейін тәрбиелеп сосын барып көмген екен. Ал біз ше? Дүниеге келтірместен, сол қараңғы дүниеден тікелей қабірге аттандырып жатырмыз ғой. Бұл қашанғы жалғасар екен?

 

Ұлықбек Алиакбарұлы

Жомарттық

Қыркүйек 21st, 2011

«Жомарт – халыққа, жұмаққа, Аллаһ тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң – халықтан, жұмақтан, Аллаһ тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын»

(Хадис)

Жаратушыға тән ұлық есімдердің бірі – жомарттық. Ол адам баласының игілігіне не нәрсені де сұратпай-ақ үйіп-төгіп берген. Біз күнді сұрадық па? Айды, ауаны, суды, топырақты сұрадық па? Жеміс-жидек, тіршілік шарттарын, денсаулықты, тағы басқаны сұрадық па? Сұратпай-ақ бізге керектінің бәрін Өзі берген, Абайша айтқанда «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған». Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өте жомарт жан болған. Ол алуды емес, үнемі беруді ұнатқан. Хадистерінде береген қолдың – алаған қолға қарағанда жоғары тұратындығын айтқан. Ол біреу бір нәрсе сұраса, өзінде болмай қалған кездің өзінде кейін тауып беруге уәде ететін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әсіресе, Рамазан айында өте-мөте жомарттық жасаған. Садақаны көп үлестіріп, жоқ-жітіктерге қолынан келгенше қарасатын. Онда: «Өзіме жетпей қалады-ау» деген ой атымен болмайтын. Бірақ жомарттықта ешқашан ысырапшылық пен дарақылыққа жол бермеген. Әйгілі әл-Фараби бабамыздан: «Жомарттық деген не?» деп сұралғанда, «Ол – ысырап пен сараңдықтың ортасы»,– деп әдемі жауап бергені белгілі. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көріп өскен сахабалар да аса бір дархан мінезділікпен өмір сүрді. Шайтан оларды дүниеге қызықтыра алмады. Әбу Талха сияқты сахабалар өздері жоқшылық қысып аш отырғанына қарамастан қонағын тойындырды. Жарлы болса да, жомарт мінезділігімен үлгі көрсетті.
Жомарттық – қазақтың төл мінезі. «Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, ертесі жүген ұстап отыра беретіні де» сол мінезінен.
Ертеде бір хан өзінен өткен Атымтай деген жомарт барын естіп, қызғаныштан соның басын әкелуге жендетін жіберіпті. Есесіне мол сый-сияпат бермек бопты. Жендет арып-ашып келе жатса, бір жақсы кісі жолығып үйіне апарып бір апта әбден күтіпті. Қатты разы болған әлгі жігіт қайтпақ боп қамданып, өзінің не шаруамен жүргенін айтқанда, әлгі кісі қуанып: «Сен іздеген Атымтай мен болам. Жолың боп тұр жігітім, міне басым, кесіп ал да апарып беріп сыйлығыңды ала ғой»,– деп басын тосыпты. Қатты ұялған жендет кешірім сұрап, кері қайтыпты. Келген бойда ханға көрген-білгенін айтып: «Оның басын алғызғанша мына менің-ақ басымды алыңыз»,– депті. Сонда ойланған хан: «Ойпыр-ай, өз басын кесіп беріп жіберуге де бейіл бұл не деген жомарттық! Қой, онымен таласқаным орынсыз болар. Мен өзімді қанша жерден қолым ашық десем де, біреуге өз жанымды қиятындай жомарт емеспін ғой»,– деп ақылға келген екен.

Қайрат Жолдыбайұлы

Үбәй ибн Ка’б

Қыркүйек 21st, 2011

Үбәй ибн Ка‘б – қасиетті Құран Кәрімнің көркем оқылуы жолында көп қызмет атқарған әрі Пайғамбарымызға түскен уахилерді хатқа түсіріп отырған (уахи катибі) шамшырақ сахабалардың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол жайлы: “Құранды ең жақсы оқитын кісі” (Тирмизи, манақыб: 90.), – деген. Сондықтан да Үбәй ибн Кә‘б “Құран оқитындардың мырзасы” және “ансарлардың мырзасы” деген лақаппен де кең танылды. Хазіреті Үбәй ибн Кә‘б Құран Кәрімді сегіз түнде хатым етіп бітіретін. Пайғамбарымыздың тұсында Құранды бастан-аяқ жатқа білген саусақпен санарлық сахабалар санатынан-ды (Бухари, манақибуль-ансар, 17; Тирмизи, манақыб, 33.).
Екінші ақаба сертінен кейін мұсылман болып, Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) қолын қысқан Үбәй ибн Кә‘б Мәдинаға һижрет еткен кезде Жәннатпен сүйіншілінген он сахабаның бірі Саид ибн Зәйдпен бауырластырылды. Пайғамбары-мыздың көзі тірісіндегі бүкіл шайқастарға қатысты.
Құранды жақсы білгендіктен Пайғамбарымыз Үбәй Кә‘бты мұғалім етіп тағайындады. Пайғамбарымыздың мешітінде сахабаларға Құран үйрететін. Әбу Һурәйра және Абдуллаһ ибн Аббас секілді ғалым сахабалар да одан Құран үйренушілердің арасында еді (ибн Мажа, тижарат, 8.).
Зекет жинау әмір етілген кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үбәй ибн Ка‘бқа Бәну Хузәйм, Бәну Қудама, Бәну Саид, Бәну Узрә тайпаларынан зекет жинау ісін тапсырды. Ол өзіне жүктелген жауапты қызметті адал атқарып шықты.
Үбәй ибн Ка‘б Құранды қалай терең білсе, Тәурат пен Інжілді де солай өте жақсы білетін (Сахабилер ансиклопедиси, 2: 624.).
Сахабалардың бәрінен Аллаһ разы болған. Алайда Құрандағы кейбір аяттарда сахабалардың аты ашық аталмаса да, ол аяттар оқылғанда сахабалар оның кім жайлы айтылғанын білетін. Мысалы: “Фәтх” сүресіндегі: “Мухаммадун Расулуллаһ уәл-ләзина ма‘аһу (Мұхаммед Аллаһтың елшісі және онымен бірге болғандар)” аяты оқылғанда, сахабалар хазіреті Әбу Бәкірге қараса, “Әшиддәу ‘алаль-куффар (Кәпірлерге қарсы өте қатал)” оқылғанда, Омарға, “Рухама‘у бәйнәһум (өз араларында тым мейірімді),” (“Фәтх”, 29) оқылғанда Османға қарайтын. “Минәль-муминина рижалун садақуу мә ’ахадуу (Мүминдердің арасында Аллаһқа деген уәделерін орындағандар)” (“Ахзаб”, 23) аяты оқылғанда, сахабалар Әнәс ибн Нәдірдің шейіт болуын елестететін. Бір ретінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үбәй ибн Кә‘бті шақырып:
– Аллаһ саған Құран оқуымды («Бәййнә» сүресін) әмір етті, – дегенде, Үбәй ибн Кә‘б сенерін де, сенбесінде білмей:
– Аллаһ менің атымды атады ма? – деп таңырқай сауал тастайды.
– Иә, сенің атыңды толық атады,–деді Пайғамбарымыз.
Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) аузынан кез келген адамға айтыла бермейтін қуанышты хабарды естігенде көзінен ыстық жас парлап:
– Уа, Расулаллаһ! Олай болса оқыңыз, – деді (Бухари, тафсир, 98; 1.).
Міне, Аллаһтың арнайы атын атаған ең бақытты жандардың бірі – Үбәй ибн Кә‘б.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) мәңгілік әлемге көшкеннен кейін хазіреті Үбәй өмірін Құран үйретуге арнайды. Ол шәкірттеріне Құранды әдемі оқуды, аяттардың мағына-ларына терең бойлауды үйретті. Хазіреті Әбу Бәкір, Омар және хас сахабалардың көпшілігі одан Құран үйренді. Міне Құранды үйренуге деген айрықша құштарлығынан Үбәй ибн Кә‘б Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі мен сахаба-лардың құрметіне бөленді.
Омар Фаруқтың халифалығы кезінде талай мәрте қызмет ұсынылса да, ілімді таңдады. Хазіреті Омар қоймай өтініш жасағандықтан, кеңес алқасына мүше болуды қабыл етті.
Үбәй ибн Кә‘б қашанда тура сөйлейтін, мінез құлқы мен жүріс-тұрысы үлгі боларлық сахабалардың бірі еді. Бір күні хазіреті Омар оның қасында бір аятты жаңылыс оқыды. Әбу Үбәйда оның қатесін бірден тауып:
– Әй, Омар! Мен бұл аятты Аллаһ Елшісінен өз құлағыммен естідім. Мен оны естіп жаттаған кезде, сен Бақидегі базарда жүрген болатынсың, – дегенде Омар (р.а.):
– Өте дұрыс айттың. Сенің әрқашан тура сөйлейтіндігіңді білгендіктен әдейі осылай жасадым. Өйткені, көз алдында туралықты айтпайтын басшы – әділ басшы бола алмайды, – деді.
Үбәй ибн Ка‘б халифа Османның кезінде Құранның оқылуы мәселесінде пайда болған аздаған айырма-шылықтарды түзету үшін құрылған он екі адамдық комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Бұл жауапты іске өзі жетекшілік етіп Құран оқыды, Зәйд ибн Сәбит одан естігендерін жазып отырды. Хазіреті Убәй ибн Ка‘б Құранның жинастырылуында теңдессіз қызмет атқарды. Сондықтан оның Ислам тарихындағы орны тіптен айрықша.
Үбәй ибн Кә‘б бос сөз сөйлемейтін. Мән-мағынасыз сұрақтарға жауап беруді жаны сүймейтін. Мәнді сұрақтар қойылса, ынта-шынтасымен жауап қайтаруға жанын салатын.
Дәрежесі қанша жоғары болса да, өмір сүруі өте қарапайым болды. Шәкірттеріне тәлім берген кезде олардан оқшау отырмайтын. Қырағат ілімі (Құранның оқылуына байланысты) бойынша білгір болумен қатар тәпсир саласына да сүбелі үлесін қосты. Ол аяттарға байланысты Пайғамбарымыздан сұралған мәселелерді, аяттардың түсу себептерін жетік білуімен ерекшеленді.
Бүкіл өмірін Құранға қызмет етуге арнаған Үбәй ибн Ка‘б Пайғамбарымыздан (с.а.у.) көптеген хадис те риуаят еткен. Сонымен бірге сөз саптаудың шебері еді. Бұған бір-екі мысал келтірейік:
“Мүмин төрт сипатынан белгілі: Басына түскен қиындыққа сабыр сақтайды. Нығмет берілсе, шүкір етеді. Тура сөйлейді. Үкім кескенде, қара қылды қақ жарар әділ болады”.
“Мүмин мына бес нұрға шомады: (Аллаһтың “нұр үстіне нұр” деуі бұған дәлел.) Оның сөзі – нұр, ілімі – нұр, кірген жері – нұр, шыққан жері – нұр және қиямет күні барар жері – нұр” (Муслим, Фадаиль:121; Усдул-ғаба, 1: 49-50; 1: 251-255.).
Құранға, Ислам үмбетіне қызметі сіңген, Пайғамба-рымыздың айтқанындай “көктегі жұлдыз” сахабалардың бірі Үбәй ибн Ка’б хижраның отыз бесінші жылында жарық дүниемен бақұлдасты. Жаназасын хазіреті Осман шығарды.

ЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ИСЛАМ МЕКТЕБІ

Қыркүйек 21st, 2011

«Келесі жылы мұсылман отбасыларының ер балаларына арналған тұңғыш ислам мектебі Ұлыбританияның Ланкашир графтығының Блэкбэрн қаласында ашылу жоспарлануда» деп жазады «The Daily Mail» басылымы. Бүгінде білім ордасын салуға байланысты қаржы үкімет тарапынан бөлініп те қойылған. Айта кететін бір жәйт, бұл өңірде Ислам қыздар мектебі табысты жұмыс істеуде. Дегенмен, мұсылман оқу орындарының ашылуына мүдделі емес те топтар жетерлік. Солардың бірі жергілікті шіркеудің әдіскері Дэвид Фостер: «Қандай да бір дін оқу орнын ашу дұрыс емес»,– деп қатты қарсылық білдірді. Алайда, жыл өткен сайын Тұманды Альбион елінде мұсылмандардың саны көбейіп келеді. Бұл – рухани білім ордаларына деген сұранысты арттыратыны сөзсіз.

 

www.muftyat.kz

Хиджаппен – жасыл алаңға

Қыркүйек 19th, 2011

Иран қыздардың футбол құрама командасы үшін жаңа киім үлгісін әзірлеуде, деді Иран футбол федерациясы төрағасның әйелдер футболы мәселесі жөніндегі орынбасары Фарида Шоджаи. Шоджаидың айтуынша, иран федерациясының өкілдері ФИФА басшысы Йозеф Блаттермен және қауымдастықтың тәртіп комиссиясының мүшелерімен кездесіп, ислам талаптарына жауап беретін әрі ФИФА міндеттерін де бұзбайтын жаңа спорттық костюм әзірлеуге келіскен көрінеді. Футболшы қыздарға жаңа форма дайындау үшін бірнеше дизайнерлер тартылғандығын тілге тиек етеді жауапты қызметкер. «Форма ФИФА бекіткеннен кейін пайдаланылатын болады», – деді Шоджаи.

 

www.alaman.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲