Елбасы ата-аналарды балаларын ғылымға бағыттауға шақырды

Қазан 4th, 2011

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада үздік магистранттармен кездесуі кезінде ата-аналарды балаларын ғылымға бағыттауға шақырды.

«Тек жер қойнауындағы байлыққа қарап отырмау керек. Яғни, индустриялық экономика құруымыз қажет және инновацияға көңіл бөлуіміз керек»,-деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент жоғары технологияларды жетік меңгерген әлем елдері өздерінің бұл жетістіктерін елімізге оңай бере салмайтынын, сондықтан да өсіп-өркендеу үшін ел ішіндегі мамандарды барынша көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда Елбасы Қазақстанда талапты жастар өте көп екенін, олардың барлығына мемлекет көңіл бөлетінін жеткізді.

«Егер де менен сіздердің жастарыңызда «өмірде кім болғың келеді және балаларыңды қай салада көргің келеді»? – деп сұрайтын болса, мен онда саясаткер немесе Президент деп айтпас едім. Қабілетті болса мен оларды ғылымға бағыттар едім. Дәл осы салада құрмет, материалдық әл-ауқат, сондай-ақ адамның дамуының шыңы қалыптасқан»-деп атап өтті Н. Назарбаев.

«Алға қойған мақсаттарымыз баршамызға белгілі. 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыз бар. Оны орындау үшін 2020 жылға дейінгі тиісті бағдарлама қабылданып, оның 2015 жылға дейінгі мерзіміне өте үлкен мақсат қойылды. Осы жылдардың ішінде экономиканың өсімі екі есе артуы керек»,-деді Мемлекет басшысы.

 

http://www.inform.kz/kaz/article/2408818

ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов

Салауат айту үлгілері

Қыркүйек 28th, 2011

Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айту үлгілері әрқилы. Мәселен: «Салауатуллаһи уә сәләмуһу аләйһи», «Аләйһис салату уәс-сәләм», «Аләйһис сәләм» десе де болады. Бұл тіркестердің бәрі де жоғарыдағы мысалға ұқсас, дәл сол мағынаны береді.

Тағы бір үлгісі: «Саллаллаһу ғалә Мухаммәд уа ғалә әәлиһи уа сахбиһи ажмағин». Бұл: «Мұхаммедке, оның отбасына және Оған ерушілерге Аллаһтың салауаттары болсын» деген мағына береді. Ғұламалар осы сөйлемдегі «әәлиһи» сөзінің мағынасының өзгеріп тұратынын айтып: «Егер де «әәлиһи» сөзінен кейін «сахбиһи» немесе «әтбәғиһи» деген сөз қосылса, онда «әәлиһи» сөзі тек «отбасы» деген мағына береді, ал егер тек «әәлиһи» келіп, одан кейін ешбір сөз айтылмаса, онда ол «отбасы және барлық мұсылмандар» деген мағына береді»,-деген. Осыдан қорытынды шығарып, түсініктірек болу үшін мысал келтіріп өтсек, салауаттың бұл үлгісі екі түрлі айтылады. Бірінші түрі: «Саллаллаһу ғалә Мухаммәд уа ғалә әәлиһи уа сахбиһи уат-тәбиғинә әжмағин», яғни «Мұхаммедке, оның отбасына, оның сахабалары мен оларға ілесушілерге Аллаһтың салауаттары болсын«. Екінші түрі намаз соңында оқылатын: «Аллаһуммә солли ғалә Мухәммәд уа ғалә әәли Мухаммәд»,-дұғасы. Бұл жерде: «Аллаһым, Мұхаммедке және оның отбасы мен толық үмметіне салауат ете гөр«,-деген мағына шығады.

Сондай-ақ, «Аллаһумма солли ғалә Мухаммад» деп, дұға үлгісінде айтса да болады. Мағынасы: «Аллаһым, Мұхаммедке салауат айтып, Өзіңнің құзырыңда мадақтап, жақсы сипаттармен сипатта«,-деген сөз.

Қазақ тіліндегі әдебиеттерде бұл тіркесті толық мағынасын жазып жату қиындық тудыруы себепті бұл тіркесті: «Оған Аллаһтың салауаттары мен сәлемі» немесе «Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын» деп аударады. Ал «салауат» пен «сәлем» сөзінің қандай мағына беретіндігін жоғарыда баяндап өттік.

Сондай-ақ, кейбір Ислам ғұламалары кітап беттеріне салауаттың араб тіліндегі (ص) әрпімен берілуіне рұқсат бермейді. Осыған орай (с.а.с) немесе (с.ғ.с) деп қысқартып жазу да сәл қисынсыз келеді. Алайда қазіргі таңдағы көп баспаларда «Салләллаһу аләйһи уә сәлләм» сөйлемінің кіші үлгіде жазылуы қиындық тудырып, еріксіз жақша ішіне (с.а.с) немесе (с.ғ.с) деп қысқартып жазуға мәжбүр болып жүр. Оған қоса сөйлем арасына «Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын» деген сөйлемді кіргізген кезде діннен хабары аз адамның оқуына қиындық тудырып, сөйлемді байланыстыра алмай қалуы мүмкін деген қауіп тағы бар. Әйтсе де кей баспаларда арабша, орысша немесе қазақша салауаттың кішкене көлемде, дөңгелене жазылған үлгісі бар әрі олар сол белгіні қолданып келеді. Аллаһтан дұға етіп, алдағы уақытта бұл сөйлемнің толық көлемде жазылу үлгісі барлық баспаларда белең алуын тілейік!

 

Азамат Махыпбекұлы

 

Пайғамбарға салауат айту

Қыркүйек 28th, 2011

Аллаһ елшісіне (с.а.с) салауат айту – мұсылман адамның тілімен жасайтын игіліктерінің бірі болып саналады. Салауат айту бір жерде сүннет болса, бір жерде уәжіп болуы да мүмкін. Жалпы, салауат айтуға Аллаһ тағаланың: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-деген сөздері дәлел болады. (Ахзаб, 56).

Сүннетке назар аударатын болсақ, салауат айту жайындағы хадистерді қырыққа жуық сахаба риуаят еткен. Ол хадистерді осы тақырып төңірегінде келтіріп өтуге тырысамыз.

 

Салауат сөзінің мағынасы

Алдымен осы тақырыптың беташарында орналасқан аятты келтіргеніміз орынды болар. Аллаһ тағала: «Шын мәнінде Аллаһ пен Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар (амандық тілеңдер)!»,-дейді. (Ахзаб, 56). Осы аятты негізге алып, салауат айтудың мағынасын түсіндіріп өтер болсақ, Аллаһ елшісіне салауат айту үш түрлі болады:

Бірінші түрі – Аллаһтың салауат айтуы, екінші түрі – періштелердің салауат айтуы және үшінші түрі – жалпы мұсылман адамдардың салауат айтуы. Жоғарыдағы аятта «Шын мәнінде Аллаһ пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері бірінші түріне, «Оның періштелері де пайғамбарға салауат айтады»,-деген жері екінші түріне дәлел болса, «Әй, иман келтіргендер! Оған салауат айтыңдар»,-деген бұйрық аяты салауаттың үшінші түріне дәлел болады.

Бірақ, бұл салауаттардың үш түрі айтушыға сай әртүрлі болып табылады. Ғұламалар былай деп түсіндіреді: «Аллаһтың пайғамбарға салауат айтуы – пайғамбарды Өзінің періштелері алдында мадақтауы, мақтауы және жақсы сипаттармен сипаттап, мәртебесін көтеруі болып табылады, ал періштелер мен адамдардың салауат айтуы – Аллаһқа дұға етіп, оны мадақтауын, жақсы сипаттармен сипаттауын сұрап, жалбарыну»,-деген.

Ғұламалардың тағы бір тобы: «Аллаһтың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуі, періштелердің салауаты – пайғамбар үшін кешірім сұрауы және адамдардың салауаты – пайғамбарға мейірімін төгуін сұрап Аллаһқа дұға етулері»,-деген. Алайда алғашқы пікір дұрыстыққа жақын келеді.

Осы аятқа амал ету мақсатымен мұсылман жұртшылығы пайғамбар есімін естіген бетте «Саллаллаһу ғаләйһи уа сәлләм» деп дұға етеді. Бұл сөйлемнің мағынасына келер болсақ, «Саллаллаһу» дегеніміз «Аллаһ тағала Өзінің періштелерінің алдында оған мақтау айтсын, жақсы сипаттармен сипаттасын«,-деген мағынадағы тілек, дұға. Ибн Әсир болса: «Аллаһым, осы дүниеде оның есімін мәңгі ету арқылы ұлық ет, дағуатын кеңге жай, шариғатын мәңгі қалдыр, ахиретте бізге шапағатын нәсіп ет, сауабын еселеп, сыйын арттыр»,-деген сөз»,-дейді. «Аләйһи» немесе «ғаләйһи» дегеніміз «оған«, яғни пайғамбарға, ал «уә сәлләм» дегеніміз «және оған Аллаһтың сәлемі болсын» деген мағына береді. «Сәлем» дегеніміз барлық апат пен кесапаттан, жамандық пен қастандықтан амандық тілеп, дұға ету екенін атап өткен болатынбыз. Ондай болса «уә сәлләм» дегеніміз: «Оған амандық болсын, Аллаһтың бейбітшілігі болсын. Оның діні аман қалып, Құраны бұрмаланбай, сүннеті аяқ асты етілмесін, қабірдегі денесі амандықта болып, Қияметте есендікте болсын«,-деген мағынаны қамтиды.

 

Нью-Йоркте осыдан бұрын даулы мәселеге айналған Ислам Орталығы ашылды.

Қыркүйек 26th, 2011


Даулы дейтін себеп-бұл Орталық 2001-ші жылғы 11-ші қыркүйекте лаңкестік шабуылдардан құлаған Дүниежүзілік Сауда Орталығының зәулім ғимараттарының орнына жақын орналасқан. Манхэттен ауданындағы бұл жер-қазір мемориалдық кешен екені белгілі. Сол себепті 11-ші қыркүйекте туған-туысқандарынан айрылғандардың кейбірі ислам орталығының ашылуына қарсылық білдірген болатын. Оларды АҚШ-тың кейбір қоғамдық ұйымдары да қолдаған. Соны есепке алғандықтан Нью-Йорктегі Ислам Орталығының ашылуы онша көп жарнамаланған жоқ. Орталықтың ашылуы әлемнің 170 елінен келген және бүгін Нью-Йоркте бақытты өмір сүріп жатқан балалардың суреттерінің көрмесімен атап өтілді. Ислам Орталығының негізін қалаған Шариф-эль Гамаль, «біз осылайша Нью-Йорктің әрбір тұрғынын сыйлайтынымызды және оларға қызмет көрсетуге дайын екенімізді көрсеткіміз келді» деп мәлімдеді. Орталық Халықаралық Бейбітшілік Күні атап өтілген кезде ашылып отырғанын айта кету керек. Орталыққа келгендер арасында Нью-Йоркте тұратын мұсылмандар ғана емес, басқа да дін өкілдері болды.

 

www.khabar.kz

ОҒЫЗДАР ИСЛАМДЫ ҚАШАН ҚАБЫЛДАҒАН?

Қыркүйек 26th, 2011

Халықаралық археологиялық экспедиция Қызылорда облысының аумағында орналасқан байырғы Жанкент шаһарының орнын қазу кезінде ерекше жәдігерлерге тап болды. Олар екі жүзік тауып алды. Оның бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімі жазылғанын. Бұл жөнінде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бөлім басшысы Жолдасбек Құрманқұлов мәлімдеді. Шамамен Х ғасырдың жәдігері болып табылатын жүзік оғыздардың ертерек исламды қабылдағанына бұлтартпас дәлел болатыны анық. Мұны зерттеп, зерделеу тарихшылардың еншісінде.

Жанкент оғыз тайпасының астанасы болумен қатар, ірі сауда және мәдениет орталығы болған. Дәл осы жерден Хорезмге, Повольжеге, және байырғы Русь мемлекетіне керуендер қатынап, сауда қатынастары бір жүйеге түскен. Сондай-ақ, қазу жұмыстары кезінде күйдірілген кірпіштер, араб жазуы бейнеленген ыдыстар да табылып отыр. Ал, ескі қала дуалдарының өзі 7 метрге жететіні анықталды.

 

www.muftyat.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲