Жарнамадағы қымбат коньяк техникалық спирт болып шықты

Қараша 3rd, 2011

Семей базарларында қымбат коньяк ретінде жарнамаланып сатылған ішімдік техникалық спирт болып шықты. Ірі көлемдегі зиянды қоспа дайындалған орын қаладағы коттедждердің бірінен табылды.

Үй иесі жертөлесін арақ-шарап шығаратын жасырын цехқа айналдырыпты. Қол астында 6 қызметкері болған. Бірігіп бөтелкелер, қымбат ішімдіктердің сыртқы орамаларын ұрлап пайдаланыпты. Дайындау тәсілі де қарапайым. Техникалық спиртті сумен араластырып, қызғылт түсті бояушы заттар қосқан. Алты мың бөтелке шарапты базарға апармақ болған сәтте қолға түскен арам пиғылдылардың бұған дейін де осынша ішімдік сатқаны белгілі болды. Қолда бар мәліметке қарағанда, жертөледегі цех бір жылдан бері жұмыс істеп келген.

 

Нартай Аралбайұлы,

ktk.kz

ИРАНДА ҒАРЫШТА БОЛҒАН ҚҰРАНДЫ ТҰҢҒЫШ РЕТ КӨРСЕТТІ

Қараша 3rd, 2011

Ғарышкерлермен бірге ғарышта болып қайтқан Құран осы қалада өткізілген баспасөз және ақпарат агенттіктері Халықаралық көрмесінде тұңғыш рет Иран жұртшылығына таныстырылды, деп жазды BNews.kz порталы.

Мұсылмандар үшін қасиетті кітап болып табылатын Құранның осы данасын Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) Ресей ғарышкерлері, атап айтсақ, «Союз ТМА-01М» ғарыш кемесінің командирі Александр Калери 2010 жылдың 8 қазаны күні алып ұшқан болатын. Ол орбитада 159 күн болып, Жерге биылғы жылдың 16 наурызы күні қайта оралды, деп жазады Newsru.com. агенттігі.

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат

Темекіні тастағандарға телефон берді

Қазан 29th, 2011

Аймақтық «Темекіні таста да, жеңіп ал» бәйгесі Алматы қаласында да мәресіне жетті. Бұған дейін еліміздің әр аймағында ерік-жігері жеңіске жетіп, жаман әдеттен тыйылғандар түрлі сый-сияпат алып келсе, алматылықтарға ұялы телефондар табысталды.
Қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәлімдеуінше, бәйгеге үміткер болып, 200-ден аса шылымқор тіркелсе, бәйге мәресіне дейін 25-і ғана жетіпті. Бұл – әлі де болса, қала тұрғындарының шылымның шырмауынан оңай құтыла алмайтынын көрсеткендей. Ал жігерлі «жиырма бестің» талапты қалай орындағанын денсаулық сақшылары арнайы тесттік құрылғымен тексерді. Бұл техника адамның өкпесіндегі көмірқышқыл газының мөлшері арқылы оның қай уақыттан бері темекі тартқан-тартпағанын анықтап береді.
Жүлдегерлер телефон алып мәз болса, бәрінің ішінде бағы жанған – 42 жастағы қала тұрғыны Эльзара Ысқақова болды. Ол соңғы 20 жыл бойы шылым тартып, тек бала көтеріп, оны омырау сүтімен тамақтандырған уақытта ғана темекіден тыйылған екен. Енді міне, Алматы қаласының атынан республикалық бәйгеде бағын сынайтын болып отыр.
– Бәйгеден бұрын, темекі тастағалы бері терімнің түсі мен түрі өзгеріп, өзімді жасарып кеткендей сезініп жүрмін. Ескі әдетіме енді ешқашан қайта оралмаспын, – дейді бәйге жеңімпазы.

Нұрболат АМАНЖОЛ

aikyn.kz

«Қыз өссе елдің көркі» дейді ал қазіргі қыздар соған сай ма?

Қазан 9th, 2011

«Әй, адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы» (Құран 7-26 аят)

Жан-жағыма қарасам, жер ана жасыл төсенішін жамылып, алқызыл гүлдерімен сәнденіп, ерекше құлпырып кетіпті. Жүректі мейірім шуағына бөлеп, көңілдің түбіндегі әсемдікке, тазалыққа деген сезімді оятады. Әсіресе, Алматының көшелеріне көрпе боп төселген, түсінен көз тұнған гүлдерге қарасаң, жер бетіне ерекше көрік беріп тұрғанын байқайсың. Есіңе қазақтың: «Гүл өссе жердің көркі, Қыз өссе елдің көркі», – деген мақалы түседі. Бабаларымыз қызды гүлге теңеп, әдеміліктің, әсемдіктің символы санаған. Жапырағымен етегін жауып, түрлі-түсті қауыздарының астына бал шырынын жасырған гүл жан-жағына мейірім мен әсемдікті, тазалықты таратып тұрғандай.

Ал адамдар арасына шыға қалсаң, елдің көркі болар қыздарымыз елдің ұятына айналып кеткендей. Жаз шыға табиғат жасыл жамылғысын жамыла бастаса, біздің аруларымыз үстеріндегі «әурет жабарларын» тастай бастайды. «Сән» атты ақыл айтқыш апаның айтқанына ілескен оларға қарап, ұят, әдемілік, биязылық, имандылық сезімдерін «сандықтарына салып қойған ба?» деп қаласың. Ал ең әурет жерден саналатын кіндікті ашып жүру – дәл қазір қыздардың дағдылы әдетіне айналып барады. Көше жарнамаларындағы қыздар да тек ішкі киіммен суретке түсуді қалыпты жағдайға айналдырыпты. Оларға «қой дейтін қожалар» жоқ болғаны ма? Тіпті, балаңды ертіп дүкен араласаң, жалаңаш әйелдердің суреттерін көріп, «ұят-ай-ды қара» дегенде, «балаларымызға қандай тәрбие беріп жатырмыз?» деген түнеріңкі оймен жерге қарайсың. Жастайынан ашық-шашық әйелдерді көріп өскен балада «әйел затына» деген құрмет қайдан болсын?

«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер» аруларымыздың осындай күйге түсуіне не себеп болды? Әсіресе, соңғы он-он бес жылдың ішінде қыздарымыздың әбден жалаңаштанып кетуіне не әсер етті?

Дәл қазір адамдардың ой-өрісін ақпарат құралдары жаулап алған. Сол ақпарат құралдары соңғы он-он бес жылдықтың ішінде танымастай өзгерді. Әсіресе, батыстың телехикаялары мен бейнефильмдері, бейнеклиптері жастардың ғана емес кәрі-қартаңның да санасын улап, жүректерін қарайтатын құралға айналып барады. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Мүміндерге айт: (бөгде әйелдерге) қараудан көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы. Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Және ұятты жерлерін қорғасын. Зейнеттерін көрсетпесін.» (Нұр сүресі 30-31 аяттар) Адамды жаратқан Аллаһ оларға ненің зиян әкелетінін жақсырақ біледі. Жүректі қарайтатын нәрселердің бірі ол – көз. Кеседегі суды бір тамшы у бұзатыны сияқты, харамды көру арқылы адамның жүрегі уланады.

Қазір жанұяңмен отырып теледидар көру мүмкін емес десе де болады. Ең аяғы жарнамалардағы қыздарға дейін «іш киіммен» билеп жүреді. Осындай он бес минут сайын қайталанып жатқан жарнамаларды жаттап алған балалардың, зина мен қылмыстың ордасындай болған телехикаялардан көз алмай өскен жастардың санасы уланбады деп қалай айтамыз? Телехикаяларының кейіпкерлерін бала-шағасының бір мүшесіне айналдырып алған ата-аналар балаларын қалай тыйсын? Саналарына ашық-шашық киіну – сәнге ілесу, зина жасау – қоғамның дамуы болып құйылып жатқан идеологиялардың салдары өте ауыр болатынын сезетін шығарсыздар.

Қоғамдағы қыздардың абырой-беделінің түсіп кетуі, алданған, зорланған қыздардың көбеюі, тастанды балалардың көз жасы – осылардың салдары емес пе? Түнгі уақытта, жігіттермен серуендеуге шыққан жартылай жалаңаш қызды аш қасқырлардың арасына кірген қойға теңесе де болады. Қазір қала түгіл ауылда да қыздарымыздың 90 пайызға жуығы аяғы ауыр болып тұрмысқа шығып жатады, немесе үйден босанып, болмаса жасанды түсікке барып жатқанын естисің. Ал арын сатқан қыздарды ауызға алудың өзіне арланасың. Адамның бойындағы ұят, ар сияқты құнды сезімдердің азайып бара жатқаны жаныңа батады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген екен: «Ұят пен иман бір-бірімен тығыз байланысты, егер біреуі жоғалса, екіншісі қоса кетеді.» Ендеше, адамдар өз ұяттарын жоғалту арқылы иманнан да алыстап барады. Ал иман жоғалса, болашақтың бұлыңғыр тартары сөзсіз.

«Қызды қырық үйден тыйған» дана халқымыз олардың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бой жеткен ару қыздарын сырт көздерден сақтап, оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген. Абай атамыз:


«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»,- деп

жігіттерге кеңес береді. Арын сақтаған, ақылды, ұяты бар, ата-анасының тәлімін алған қыз баладан болашақта жақсы жар, ибалы келін, аяулы ана күтуге болады. Сол үшін қазіргі кез-келген ата-ана өзінің ұл-қызының тәлім-тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Тәрбие деген тек оларды тамақтандырып, киіндіру емес, тәрбие деген – рухани ақыл-сезімі жоғары, ар-ұяты биік, иманды ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан «қызым сән қуалап жүр еді» деп отырғанда «шоқ басып» қалмауынан сақтануымыз керек.

Бұл өмірге қанша жабыссақ та Аллаһ Тағаланың ажалынан қашып құтыла алмаспыз. Уақытша дүниеде әрбір сөзімізбен, ісімізбен, денемізбен тозақтан алыстауға тырысқанымыз жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Киіне жүріп жалаңаш болғандар, жүрісінде бұраңдап, еркектердің көңілін еліктірушілер жәннатқа кірмейді, тіпті оның иісін де сезбейді,» – деген екен. Әрбір ата-ана қызының тәрбиесіне ерекше мән беруі керек. Алақанына салып аялап өсірген аяулы гүлінің әркімнің қолында кетер арзан шөпке айналмауы үшін қызына «қырық үйден тыйым салып, имандылықты бойына сіңіргені абзал.

Қай заманда болса да қыз сұлулықтың, мейірімділіктің, тазалықтың белгісіндей болып, ер адамдардың қадірлейтін, құрметтейтін бейнесі еді. Сол құрмет, қадіріміздің жоғалмауын қаласақ, әйел затына айтарым, шешініп абырой таппаспыз, сұлулығымызды жасырсақ қана біздің қадіріміз артып, қол жетпес нұрға, елдің көркіне айналарымыз хақ.

 


Айнұр Шаймерденқызы

Жамбыл облысында ірі ЖКО-ға кінәлі қоныс колониясына 6 жылға сотталды

Қазан 4th, 2011

«Алматы-Ташкент» тасжолында 2011 жылдың ерте көктемінде болған, жантүршігерлік ЖКО-ға кінәліге үкім шығарылды, деп хабарлайды Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.

27-жастағы Сұлутөр ауылының тұрғыны Алматыдан ауылына келе жатады. Бір уақытта ол қарсы бетте келе жатқан көліктің бар-жоғына көз жеткізбей, жолды қиындатқан жүк көлігінен басып озбақ болады. Кенет қарсы жолда көлік пайда болады. Жүргiзушi дер кезінде әрекет жасай алмай, қарсы беттегі автокөлікке соғылады. Соққының қатты болғаны соншалық, көліктер бүктеліп қалады.

ЖКО салдарынан төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Олардың ішінде қарсы беттегі автокөліктің жүргізушісі, оның әйелі мен жолаушысы бар. Тағы алты адам ауыр жарақаттанды. Ереже бұзушының өзі тірі қалды.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толығымен мойындады. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 296-шы бабының 3-шi тармағын негiзге ала отырып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, жазасын қоныс колониясында өтейді. ҚР ҚК 41-шi бабының 2-шi тармағына сәйкес ол екi жыл мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар желіккен жігіт зардап шегушілерге 1 185 800 теңге көлемінде материалдық шығын, 2 миллион теңге моральдық шығын төлейді, деп жазады www.bnews.kz сайты.

Алайда мұндай қақтығыстың бүгінгі күні өршіп тұрғаны белгілі. Ақырзаман белгілерінің біріде сол екен, кенеттен өлім көбейеді делінген. Дегенмен оқыс оқиғалардың көбіне өзіміз кінәліміз. Жылдамдықты бабымен қолданғанда бәлкім осындай жағдайлар аз болушы еді. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Өз-өздеріңе зиян келтірмеңдер» – деген хадисінде. Бұл тек өзіңе емес, өзгелергеде келтірген үлкен зиян болып табылады. Қасиетті Қағбамыз орналасқан елде жылдамдықты 120 км-мен оқыс оқиғаға ұшырасаң, өзін өзі өлтіру шариғи заңымен жаназа намазы оқылмайды. Ал Мысыр елінде жылдамдықты 100 км-ден асыру үкімі харам деп пәтуа шығарылған. Ендеше жылдамдықты асырудың өзі шариғи да қатаң тиымға саналады.

Әз, Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадис жолдарында садақа беру арқылы алдағы жамандықтардан құтылуға болатындығын айтады. Қазақта «Садақаңды сауыңда бер» деген хадистің мағынасын қамтитын өнегелі сөз бар. Олай болса мұндай апаттарғада тосқауыл болудың бір жолы садақа қайырымдылық жолы да бар екенін ескергеніміз жөн.

Аллаһ тағала барлығымызға амандық, жол апаттары мен су апаттарынан елімізді сақтасын! Әмин.

Return to Top ▲Return to Top ▲