Имам Матуридидің қысқаша өмірбаяны

0

          Ғалымның толық аты-жөні Мухаммед ибн Мухаммад ибн Махмуд Әл-Матуриди Әс-Самарқанди. Матуридидің туған жылы туралы нақты дерек жоқ. Алайда болжаулы немесе шамалаған жылдар деректерде келтірілген. Мәселен, кей зерттеушілер оның Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң туылған десе, кейбірі 235/850, 238/853 немесе 248/862 жылдары Самарқанд маңындағы Матурид қалашығында дүниеге келгендігін айтады. Дегенмен, имамның әһли сүннет ақидасын қолдап, мұғтазилит бағытын ұстанушылармен күрескен Аббасит халифасы Мутәуәккилдің (232-247ж.ж.һ) дәуірінде өмір сүргені анық. Мухаммад ибн Муқатил Әр- Ради (248/862 жылы қайтыс болған) және Насир ибн Яхя Әл-Балхи (һижри 268 жылы қайтыс болған) секілді ұстаздардан сабақ алғаны ескерілсе, ғалымның туған жылы һижри 238 жыл деп шамалауға болады. Алайда басқа деректерде, нақтырақ айтсақ, «Ислам энциклопедиясында» миләди 870 жылы туған деп көрсетілген. Осы дерекке сүйеніп ғұламаның 2000 жылы 1130 жылдығы атап өтілді. Бұл есепке қарағанда, Шәйхтың туған жылы һижри 257 жылға тура келеді.

Матуриди деген есім оның туған жеріне байланысты берілген.  Матурид – Самарқандқа жақын жердегі қыстақтардың бірінің аты. Ол қазіргі күні «Матрит» деп қате аталып жүр. Негізінде, кейбір дерек көздеріне сенсек, қыстақтың аты арабтың ما تريد  «мә турид» сөзінен шыққан. Бұл сөздің мағынасы «Не демексің?» дегенді білдіреді. Шәйх Әбу Мансур кәләм іліміне ден қойған сәтінде, оның шәкірттері көбейіп, олар өзара бәсекелескенде бір-біріне көбінесе араб тілінде «мә турид?» дейді екен. Осы сөз көпшіліктің құлағына жиі-жиі естіле берген соң, шәйхтың шәкірттерін мәтуридилер, қыстақтың атын «Мәтурид» деп атай бастаған көрінеді (Зәрнужи. «Тәълим Әл-мутәъаллим» шархы).

Имамның ұлтын да тарихшылар дөп басып дәл айта алмайды. Бір деректерде оны түркі тектес халықтарға жатқызса, екінші бір деректерде Пайғамбарымыз с.ғ.с. Меккеден Мәдинеге қоныс аударғанда, өз үйінен орын берген атақты Әбу Әйюб Халид ибн Зәйд ибн Кулайб әл-Ансари әулетінен, яғни арабтардан шыққан деп тұжырымдалған. Имамның есімі Камаладдин әл-Баязи еңбегінде (ө. 1098/1687) «әл-Имам Әбу-Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари» деп берілуі осыдан.

Деректерде Матуридидің отбасына қатысты негізінен тек әкесі мен атасы жайлы ғана айтылады. Әкесі – Мұхаммед, атасы – Махмуд. Бір жағынан ол көпшілікке Әбу Мансур (Мансурдың әкесі) деп танылған. Бұл оның Мансур есімді ұлы болғандығын меңзесе керек. Алайда Матуридидің ешқандай ұлы болмағандығы анық. Өйткені, Матуридидің өзі бұл лақап есімнің Мансур деген ұлы болсын деген ниеттен туғанын айтады.

  Әбу Мансур әл-Матуриди Ханафи мәзһабын ұстанатын ортада өскендіктен әрі фиқһта, әрі ақидада Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолымен жүрген. Алғашында фиқһ ілімін Мәуереннахрдағы ханафилік құқықтанушылардан үйренеді. Кейін, осы өлкеде өзі фиқһ пен кәләмнан сабақ береді. Имамның кәләмдық көзқарастары алғашында тек Мәуереннахр аймағына ғана таралады.

Жалпы имамның өмірі жайында мағлұмат өте аз. Имам Матуридидің еңбектеріне қарай отырып, оның калам, мәзхабтар тарихы, фиқһ әдістемесі мен тәпсір саласында өзіндік орны бар бар ірі ғалым екендігін пайымдауға болады. Еңбектеріндегі тұжырымдарын әһли сүннеттің басты қағидаларын әрі нақылға (Құран аяттары мен хадистерге) сүйеніп, әрі ақли дәлелдер арқылы жүйелеген. Әсіресе, ол кісі мұғтазила мен шииттік түсініктегі мұсылмандарды қатты сынға алған.

Имам Матуриди өмір сүрген кезең Аббаситтер мемлекетінің әлсіреп, соның нәтижесінде бірқатар Ислам мемлекеттерінің пайда болған уақытпен тұспа-тұс келді. Мәуереннахрда Саманидтер мемлекетінің құрылғаны тәрізді, бастапқыда Иран, Хорасан, Систан және Кирманды құрамына алған Саффариттер мемлекеті пайда болған.

Имамның өмір сүрген кезеңі Ислам әлеміндегі сенімге байланысты арпалыстың ең өршіген уақыты еді. Ислам халифаты күн өткен сайын ұлғайып, көптеген халықтар Ислам дініне кіріп жатты. Бір жағынан халифа Мәмун (813-833) дәуірінен бастап, ежелгі грек және үнді филосифиясы араб тіліне көптеп аударылды. Мұсылмандардың өзара мәзхабқа бөлінгендері аздай, сырттан келген яхуди, христиан пәлсапашылары мен дін басылары сенімге байланысты түрлі пікірлер айтып, халықтың санансына көптеген күмәнді мәселелерді ұялатып, дел-сал қылып қойды. Осындай сәтте Исламның иман негіздерін қорғау мақсатында ақыл мен қисындық қағидаларды пайдалану қажет болды. Нәтижеде иман негіздерін әрі нақылмен (аят-хадис), әрі ақылмен бекітетін «Калам» атты жаңа әдіс пайда болды. Мұның латыншадағы ұғымы – «теология». Имам Матуриди осы дәуірде шыққан әйгілі мутакаллим, яғни теолог еді. Имамның шыққан жері Мәуереннахр өлкесі болғандықтан, ғалым сол аймақтағы ханафилардың ақида мектебінің имамы атанды.

Кейбір деректерде имамның тұлғалық қасиеттері жайында қиссалар баяндалады. Әбул — Хасан әр-Рустуғфани «Фауаид» атты еңбегінде имам Матуридиді жасаған дұғасы қайтарылмайтын, қабыл болатын тұлға деп сипаттайды. Орта ғасырда өмір сүрген Әбул-Фадл Мұхаммад ибн Омар ибн Халид (628/1230-31), лақаб аты – Жамал Қарши «Мулхақат ас-сурах» атты еңбегінде былай дейді:

«Жақын кезеңде өмір сүрген Құран тәпсіршілерінің ішінен біздің имамдарымыздың бірі, «Тәуилату-л Құран» кітабының авторы – Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди «Әһли сүннет уәл-жамағат» ғалымдарының ұлығы, тура жолдың биік байрағы (туы), заһид (тәркі дүние, тақуа) – имам».           Сондай-ақ, Әбул Муин ән-Насафи имам Матуриди жайлы былай дейді: Ол пікірталастарда қарсыластарын уәжге жығып, бар сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беретін. Оның пікірлеріне сүйсінген ұстазы Шейх Әбу Насыр әл-Яди: «Раббың қалағанын жаратады да, таңдау жасайды» деген аятты айтып, Матуридиді мақтайтын. Тіпті ұстазы Әбу Мансур әл-Матуриди келмей дәрісін бастамайтын.

Сондай-ақ, кейінгі дәуір ғұламалары да «Матуриди алдыңғы қатарлы имамдардан. Ол хақ дінді тура түсіндіру жолында ерекше қызмет еткен тұлға» деп мақтан еткен.

Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тәпсір, кәләм, фиқһ және фиқһ әдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ханафи мәзһабының таралуына өз үлесін қосқан. Осы тұрғыда, ол Ханфи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

 Ғұлама 333/944 жылы Самарқандта о дүниелік сапарға аттанды. Имам фиқһта Ханафи мәзһабын ұстанушылардың сенім негіздерін жүйеге келтіруші болып саналады.  Мәтуридияһ ғұламаларының ең әйгілісі  болған Әбу Муин Ән-Нәсәфи (һижри 438-508. Миләди 1046-1114) «Тәбсиратул-адиллаһ» атты кітабында былай деп жазады: «Әбу Мансур Әл-Мәтуриди дүниеден өткенде, жақын шәкірттерінің бірі Әбүл-Қасим Әл-Хаким оның құлпытасына:               «Бұл демінің мөлшеріндей білімді өз бойына сіңірген, бар күш-жігерін білім тарқату мен үйретуге жұмсаған. Сондықтан діни еңбектері мақтауға лайық әрі күллі өмірінде жемісті істерге талпынған кісінің қабірі»,- деп жаздырған.

Шәйх Әбу Мансур Әл-Матуридидің қабірі Самарқанд қаласының Чакардиза қабірстанында екені сенімді деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде расталды. Сондай-ақ, 2000 жылдың мамыр айында Өзбекстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл жайлы арнайы фәтуәһ шығарылды.

                                                                      Амреев Оразбек Жамбылұлы

Пікір жазу

* Copy This Password *

* Type Or Paste Password Here *

error: Content is protected !!