Исламдағы теңдік

0

Он сегіз мың ғаламды жоқтан бар етіп жаратқан құдіреті күшті Алла тағалаға сансыз мадақтар болсын!

Зұлымдық жайлаған әлемге сәуле нұрын шашқан, ақырзаман
пайғамбары — Мұхаммедке(с.а.с) Алла тағаланың сәлемі мен игілігі
болсын!

Ислам — әлемнің бүкіл түкпіріне жіберілген дін. Ол заман ақырына шейін де, одан кейін де бүкіл адамзатқа жіберілген — асыл дін. Ислам дінінде бір ұлтты ұлттан, қарашаны қарадан,
байды кедейден, еуропалықты африкалықтан, арабтарды басқадан артық санап, бөле-жару мүлде жоқ. Ислам назарында олардың бәрі бірдей. Адамдардың дәрежесі тек тақуалық таразысымен ғана өлшенеді.

Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді: « Әй, иман келтіргендер! Расында, Біз сендерді бір ер мен әйелден жаратып, бір-бірлеріңді
танып білулерің үшін халықтар мен рулар еттік. Расында, Алланың алдында ең
ардақтыларың-тақуаларың. Расында, Алла білуші әрі хабардар» Хужурат,13.

Пайғамбарымыз да (с.а.с) «Сендердің ешбірің өзі үшін ұнататын нәрсенін бауырына да
ұнатпайынша, шынайы иман келтірген бола алмайды»,- десе, тағы бірде:«Әй, қараның
баласы!»,- деген Әбу Заррға: «Расында, сен-ішінде надандық қалған адамсың»,-деген.

Әлемді басқаруда Алла тағаланың ешбір серігі жоқ. Расында адамның қай ұлттан және нәсілден болып өмірге келуі, ол Алланың қалауы екендігіне төмендегі аят
дәлел: «Естеріңде болсын, жарату ісі де бұйрық беру ісіде, тек Аллаға тән, әлемдердің
раббысы Алла — аса жоғары» — Аъраф,54.

Исламның адамдар арасына берген
теңдігі барлық істе көрініс тапқан. Мысалы, намазда адамдар Алланың алдында
ұлттарының, мансаптарының өзгешеліктеріне қарамастан бір қатарда тұрады. Қажылық
кезінде де барлық мұсылмандар бірдей ихрам киініп, Қағбаны айналып, бірдей
құлшылық атқарады.

Махзумия руынан болған бір әйел ұрлық жасап, оның жазаға
бұйырылуы туралы жарлық шыққан кезде Усама ибн Зайд атты сахаба оған ара түсу үшін Пайғамбарға (с.а.с) келеді. Сонда Алла елшісі(с.а.с) оған: «Алла тағала бұйырған
жазалардың біреуі тиісті болған адам үшін болысуды қалайсың ба? Алланың атымен
ант етемін! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаған болса да мен оның қолын
кесіп тастар едім. Исраил ұрпақтары ұрлық жасаған адам беделді болса, оны
жазаламай қоя беретін. Ал, бейшара адам болса оны жазаға бұйыратын», — деген. Алла
елшісі (с.а.с) теңдікті өз бойында да, адамдар арасында да осылай іске асырған.
Ислам мемлекеті жүзеге шығарған теңдікті бүгін де, келешекте де барлық
адамдардың арасына ешбір мемлекет, ешбір дін бере алмайды. Бүгінгі күні әлемдегі
өркениет пен бостандыққа құр сөзбен шақырған елдерде дін мен ұлттың себебінен
қаншама бөлінушіліктер туып жатыр. Өйткені олардың арасында теңдік лайықты түрде
жүргізіліп отырған жоқ. Мұны аңғарған адам Құрандағы мына аятқа еш таңырқамайды.
Құранда: « Кім Исламнан басқа дінді көксейтін болса, одан ешқашан қабыл
етілмейді. Сондай-ақ, ол ақыретте зиянға ұшырағандардан болады»,- (Әли-Имран 85) делінген.

Сейдахметов Дәурен

Пікір жазу

* Copy This Password *

* Type Or Paste Password Here *

error: Content is protected !!