Алла елшісінің (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары тек қана арабтар болған деп əсте жаңылыс ойламаңыз.

Ислам дінін әртүрлі ұлтпен сенім иелері қабылдап, Мұхаммед пайғамбарымызды (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) шынайы пайғамбар деп танып иман келтіріп жатқан кез еді. Ол заманда адамдардың иманы саф таза əрі бəрі тақуа болған. Олардың түр-түсі, ұлты немесе әлеуметтік жағдайына қарап, бөліп-жармайтын. Бүтін мұсылман бауыр деп қараған. Осы мақалада сіздерді Ислам дінінің ғана емес, адамзат тарихында да терең із қалдырған ұлты араб емес сахабалар жайлы хабардар етеміз.

Хабашилер

Ұлты араб болмаған сахабалардың ең көбі қара нəсілді — хабашилер еді. Олардың саны қырық беске жуық, араларында әйелдер де болған. Мысалы, Уммү Әйман (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің сүт анасы болған. Ол пайғамбарымызбен жастайынан бастап, өмірінің соңына дейін бірге болған десек те жарасады. Ардақты пайғамбарымыздан нақты (сахих) хадистер жеткізуші әрі көзінің тірісінде жәннат иелерінен екендігі сүйіншіленген бақытты әйел еді. Ал, Биләл Хабашиді (Алла оған разы болсын) білмейтін кісі кемде-кем шығар. Ол Меккеде құл отбасында дүниеге келіп, әрі Исламды алғашқылардан болып қабылдаған жан.  Иманы үшін жан түршігерлік азаптарды басынан өткізген, ең алғашқы азаншы болған. Ол қазіргі Шам (Сирия) жерінде жерленген.Араб түбегіне құлдыққа әкелінген немесе құл боп туған қара нəсілді мұсылман сахабалар кісінің иманы қандай болуы қажеттігін көрсетіп, өнеге бола білді.

Яхудилер

Яхудилерден болған сахабалар қырық үшке таяу болған. Олар Абдурахман Симак Яхуди, Абдулла ибн Сәләм бин Харис, Али ибн Рифа Қуразий т.б. Али ибн Рифа — Алла елшісінің жұбайы Сафия анамыздың немере ағасы болған. Ол кісі Алла елшісі Мәдинаға көшкеннен кейін пайғамбарымызды көріп, иман келтірген. Мұны көрген руластарынан тағы да оннан астамы жаңа дінді қабылдайды. Абдулла ибн Сәләм бин Харис (Алла оған разы болсын) Юсуфтың  (әлейхис сәләм) әулетінен еді. Ол өте тақуа, ғалым сахабалардан болып, көптеген хадистерді риуаят еткен. Хазіреті Омардың халифалық кезінде Құддыс Шәріпті (Иерусалим) бағындыруда «жан алысып, жан беріскен» саңлақ сахабаның бірі еді.

Парсылар

Саңлақ сахабалардың арасында парсы ұлтынан болғандары да кездеседі. Олардың он жеті адам болғаны айтылады. Солардың ішінде ең танымалы – Салман Фарсий (Алла одан разы болсын). Дәл осы сахабаның кеңесімен Медине қаласының айналасында ор қазылып, Хандақ (Ор қазу) шайқасында мұсылмандар адам шығынынсыз ұлы жеңіске жетеді. Сондай-ақ, Әмәтул Фарсия атты сахаба әйел, Парсы елінің Исрафан қаласында дүниеге келген. Мединеге күң боп кеп, Ислам дінін қабылдаған соң, мәңгілік бақытқа кенелген жанның бірі еді. Әбу Қабша атты сахаба да парсы ұлтынан шыққан құл еді. Оны Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өзі сатып алып, азат еткен. Ал, тағы бір сахаба – Абу Уқба. Ол «сәфина» яғни «кеме» деген лақап атпен танылып, он жыл бойы пайғамбарымыздың қызметінде болған. Ухуд шайқасына қатысқан.

Мысырлықтар

Бізге жеткен риуаяттар бойынша Пайғамбарымыздың сегіз сахабасы мұсылмандықты қабылдаған ежелгі мысырлықтардың ұрпағы саналатын қыбтыйлардан болған. Олар – Жәбр ибн Абдулла Қыбтый, Салих Қыбтый, Яқуб Қыбтый, Яқуб Қыбтый Фихрий, Әбу Рафағи Қыбтый, Мәриям бинту Шәмғұн Қыбтия, Ширин Қибтия. Алғашқылары ер сахабалар болса, соңғы екеуі әйел еді.

Римдіктер

Ардақты сахабалардың арасында батыс өркениеті деп аталған тараптың өкілдері де болған, яғни римдіктер (Византиялықтар). Олардың жалпы саны жетеу еді. Олар – Аддас Нанавий, Бақұм Руми, Бақум Руми Нажар, Балғам Руми, Жәбр Руми, Арзақ ибн Уқба Руми, Зиннира Румиялар.  Зиннира Румия күң ретінде әкелінген, кейіннен ислам дінін қабылдап, есімін Зунайра деп өзгерткен. Ол исламды ең алғашқы қабылдаған әйелдердің бірі еді. Әбу Жәһл деген қожайыны оған жасаған зұлымдықтары мен азаптарының салдарынан көзі көрмейтін көр соқырға айналған-ды. Осыдан соң, Хазреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) оны сатып алып, азат етеді. Риуаят бойынша Алла елшісінің (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) дұғасынан кейін, көзінің көру қабілеті қалпына келген. Аддас Нанавий мен Жәбр Руми де араб елінде құл еді. Олар да ислам дінін қабылдағаннан кейін, жағдайлары жақсарған.

Құлжанов Темурбек

Пікір жазу

error: Content is protected !!