Тәкфир және һижрат жамағаты

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Тәкфир және һижрат жамағаты өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайды. Сондықтан, жамағаттың аты да өзіне сай такфир яғни, жамағаттан басқаларды кәпір дейтіндер және һижрат яғни, басқалармен араласпайтындар деп аталады. Бұл сепаратистық ұйым. Жамағаттың алғашқы идеялогиясы Мысыр түрмелерінде өріс алып, соңынан бас бостандыққа шыққан мүшелерінің ой-пікірлері қисынға келтірілді, тұжырымдалды. Солтүстік Мысырда және сол елдің университет студенттері арасында олардың ізбасарлары көбейді.

Тәкфир және һижрат жамағаты деп даңқы шыққан мұсылмандар жамағатының принципы мен ой-пікірлері Мысыр түрмелерінде, әсіресе 1965 жылы жалпы тұтқынға түскен мұсылмандардың ішінен Мысыр президенті Жамал Әбднәсырдың бұйрығымен Сайд Құтб пен оның пікірлес бауырлары өлім жазасына тартылғандарынан соң қисындап мазмұндалған.

Түрмелердегі дінді ұстанған мұсылмандар қатты азап тартты. Сол азапқа шыдамай қайтыс болғандар да болды. Осындай үрейлі жағдайда мұсылмандардың ашу-ызасынан туындаған ынта-жігерлері артып, тәкфир идеялогиясы пайда болып, жүзеге келген діни көзқарасты қабылдап қолдайтын адамдар да табыла қалды. Басым көбі қоғамның жас бозбалалары еді.

1967 жылы Мысыр ұлттық қауыпсыздық комитеті қамаудағы дағуатшы мұсылмандардан мемлекет президенті Жамал Әбднәсырға бағынуға, оның саясатын қолдауға шақырды. Тұтқындар бұл талапты түрліше қабылдап, төмендегі топтарға бөлінді:

Мұсылмандардың бір тобы қызметтеріне қайта оралу мақсатында тәубеге келіп, президентті және оның саясатын қолдауға асықты. Олар ислами әрекетке адасып кіріп қалған бір топ жұмысшылар мен дағуаттан үлкен пайданы көздеп қосылған саясаткерлер болатын.

Қамаудағы дағуатшылар тобының бірі мемлекеттің талабына қарсылық көрсетпейтін әрі оны қолдамайтын, орта позицияны ұстанатын мұсылмандар.

Жастардан құрылған дағуатшылардың азшылығы мемлекеттің саяси бағытын қабыл алмады, ал президентін кәпір деп жариялады. Олардың мәлімдемесі бойынша, зайырлы мемлекет құрғысы келген президентті қолдаған өздерінің діндес бауырларын да ислам дінінен қайтқан опасыз сатқын, өздерінен басқа қоғамдағы басшыларына мойынсұнған әрі сүйенген барша жұртты кәпір санады. Жамағатқа қосылмағандардың намазы да, оразасы қабыл емес. Бұл жамағаттың принципіне негіз салған кісі шайх Али Исмаил болатын.

Діни сенім мен көзқарастары:

Жамағаттың негізгі құрамы тәкфир, яғни кәпірге шығару, кәпір деп санау ұғымы. Үлкен күнәларды істеген, бастан аяғына дейін күнәға батқан адам кәпір. Оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт кәпір. Бұларды кәпір демейтін дін ғалымдары да кәпір. Тәкфир жамағатының пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адам кәпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп, соң шықса, ол адам діннен қайтқан сатқын есептеледі. Оны өлтіруге де болады. Қайбір ислам жамағаты тәкфир жамағатының дағуатын қолдамаса, ол жамағаттың басшысы діннен қайтқан кәпір саналады.

Олар: «Кімде-кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дәлел ретінде қолданса немесе қияс, маслахат ал-мурсала, истихсан және сол сияқты дәлел-құжаттармен (яғни төрт мазһабтың бірі бойынша) мәселе шешсе, ол әрі мүшрик, әрі кәпір саналады»,-дейді .

Олар: «Һижраттың төртінші ғасырынан кейін күпір және жаһилият дәуірі басталды. Өйткені, мұсылман адам әрбір үкімнің дәлелін білмейді, діни ғамалдарда біреуге еруден басқа шамасы жоқ»,-дейді.

Тәкфир жамағаты принциптерінің екінші негізгі құрамы һижрат. Һижраттың сөздік мағынасы тәрк ету, көшу, қоныс аудару, үзілу. Олардың қолдануы бойынша, һижрат-бұл надан елден, қоғамнан өзін алып қашу, олармен әрқандай қарым-қатынасты үзу. Өзінен басқа барша адамдарды надан, жәһил деп білу. Бұл жерде мекен үзілісі мен ой-сана үзілісі назарға алынған. Қоғам мен мекен Расулуллаһ (с.а.с.) пен сахабалардың кезіндегідей болуы керек, дейді.

Олар: «Кәзіргі кезде идеялогиялық күрес қажет. Ол тек тәкфир жамағатының бағдарламасы арқылы жүргізілу шарт. Ислам дінінің күші, мұсылмандардың жігері жетерлі болмағандықтан жиһад соғысын тоқтата тұру керек»,-дейді..

Олар: «Ислам тарихының мұсылмандарға ешқандай мәнділігі жоқ. Ең жақсы тарих Құран кәримде келген тарихи оқиғалар. Ислам ғұламаларының сөздері, тәфсир және ақаид кітаптарының бірде-бір құндылығы жоқ. Өйткені, ол ғұламалардың бәрі діннен қайтқан сатқындар», деп айтады. Жамағат: «Құран мен хадистерге ғана сүйенеміз», дегенімен, сөздерінен таяды. Өйткені, Құран мен хадис үкімдеріне сәйкес келсе, оны дәлел ретінде алады. Ал, үйлеспесе, айлакерлік жолына түсе қалады.

Олар: «Жамағат баршаны сауатсыздыққа, білімсіздікке шақырады, оқуларды тастауға үгіттейді. Өйткені, институт пен университеттерді, мешіттер сияқты, шайтанның мекендері, деп санайды»,-дейді.

Олар: «Жұма намазы мен жамағат намаздары қасиетті төрт мешіттен басқа мешіттерде оқылмайды. Дүниедегі төрт мешіттен (Мекке мен Мединедегі мешіттер, Құба мен Ақса мешіттері) басқа барша мешіттер зиянды саналады. Сол мешіттерде намазды өткізетін имам тәкфир жамағатынан болса ғана намазхандардың намаздары дұрыс болады»,-дейді.

Өздерінің әмирі Шүкри Мұстафаны осы үмбеттің көптен бері күткен имам Мәһдисы, деп санайды. Оның күш-жігерімен ислам дінін барша діндерге үстем етеміз, деп ойлайды.

Қазіргі заман қаруларымен мемлекеттер ортасында алып барылатын соғыс нәтижесінде дүние экономикасы мен саясаты тәртіп шегінен шығады екен. Соң тәкфир жамағатының дәүрі басталады, адамдар көне қарулармен (қылыш, найза, садақ т.б.) соғысты жалғастырады екен.

Тәкфир жамағаты өздерін имаматтық (басқару), ижтиһад (үкім шығару қабілетіне ие болу) дәрежесіне жетік, деп есептейді.

Тәкфир жамағатының мүшесі мархұм Әбдрахман Әбу ал-Хайрдың «Мұсылмандар жамағатының зікірі» атты кітабы жамағаттың қадірлі де қасиетті кітабы боп саналады.

Мұсылмандарды кәпірге шығару мәселесі баяғыдан, яғни сонау хауариждер дәуірінен келе жатыр. Хауариждердің ғылыми және практикалық еңбектері бірнеше ұрпаққа жетіп келген. Біздің заманымызға келіп сол діни көзқарастардың қайта оянуына ислам қоғамдарындағы бұзықтық пен құдайсыздықтың өріс алғаны, ислам әрекеттеріне қарсы соғыс жүргізіліп, түрмеге түскен дағуатшылардың қатал тәртіп пен ащы азап көрулері себеп шығар.

Тәкфир жамағаты діннің ақиқатын білмейді, дәлел-құжаттарды түсінуге зерт салмайды, харам үкімдерінде нормадан шығады, діни көзқарастары тұрақсыз, тарихты, саясатты, өмір мен барлықты және әһл сунна уал жамағат бағдарламасын түсінгісі келмейді.

Тәкфир мұсылмандардың арасына іріткі салып, олардың бірлік-ынтымағын кетіреді, үлкен дау-жанжал шығарады, мемлекеттің саяси-экономикалық бағдарламасының нығайуына бөгет салады, әрқандай террорлық актке дайын тұрады, халықтың дінге болған ықыласын сөндіреді т.б. зияндарды келтіреді.

ҚМДБ, Шариғат және пәтуә бөлімі

Return to Top ▲Return to Top ▲