«Мұсылман бауырлары» жеңіске жетті.

 

Құрбан айт мерекесінің соңғы күні ұлағатты ұрпақ, иманды жастар сабақтастығын қалыптастыру, мерекені сезіндіру мақсатында «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары арасында спорт ойындарынан жарыс өткізілді. Игі іс-шараны «Қызылжар» орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушысы Алыпқашев Аян Болатұлы мерекелік құттықтауымен бастап, айтулы мерекенің мәні мен маңызын қысқаша түсіндіріп өтті. Қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа үш топ қатысты. Спортқа жаны құштар балаларымыз эстафеталық ойындар, арқан тартыс, гір көтеру, аударыспақ сынды жарыстарда өздерінің күштерін, ептілігін, шапшаңдықтарын көрсете білді. Жарысты тамашалауға келген жанкүйерлер де қатысушыларды қолдап, оларға қосымша күш бергендей болды. Мерекелік іс-шара барысында қазақтың қара домбырасымен   күй шертіліп, дәстүрлі ән айтылды. Жарыс соңында қазылар алқасы келісе отырып, әділ шешімдерімен жарыстың жеңімпазын анықтады. Үшінші орынға ие болған «Барыс» тобына электр шәйнегі табысталды. Екінші орынды «Арлан» тобы жеңіп алды. Бұл командаға үтік пен үтіктегіш тақтай табысталды. Ал бірінші орынға ие болған «Мұсылман бауырлары» тобына шаңсорғыш табысталды. Сондай-ақ әр командаға марапаттау қағаздары берілді. Іс-шара соңында жастарға діни кітаптар мен Құрбан айтқа арнайы жасалынған буклеттер таратылды.

Return to Top ▲Return to Top ▲