Миғраж түні

Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) Ережеп айының 27-ші жұлдызында Алламен жүздескен оқиға болған түнді Миғраж түні дейді. «Миғраж» –  «саты», «баспалдақ» дегенді білдіретін сөз. Миғражда «түсу-көтерілу» ұғымы да бар. Хазіреті Адам жер жүзіне түсірілсе, Хазіреті Мұхаммед көкке көтерілген. Муминдер ғибадат кезінде рухани және мағынауи миғраждан үлес алады. Өйткені, намаз – құлдың Аллаға ең жақын дәрежесі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түнде, дүйсенбіде өз басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болған оқиға еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өту мұсылмандар үшін дәстүрге айналғаны аян.

Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз иланады. Алла тағала жеті пайғамбарға миғражды сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әр түрлі болған. Соның ішінде соңғы пайғамбар хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы бөле-жара айтуға әбден лайық.

Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың оныншы жылы, яғни ислам тарихында «қайғыға толы жыл» деп аталған кезге тұспа-тұс келді. Сол жылы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен ұлы Қасым өмірден озды. Соңынан екінші ұлы Абдулла да бақилық болды. Бауыр еті балаларынын арғы дүниеге көшуі Алла елшісіне (с.ғ.с.) ауыр соққы болып тиді. Қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да  дүние салған еді. Оның үстіне мұсылмандардың кәпірлерден түрткі көріп, олардың зорлық-зобалаңы мен ауыр азабынан қиналған шақ. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалар Расулулланың қабырғасын қайыстырды, әрине.

Миғраж болса хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз үшін Алла тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамы қайта жанды.

Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الأَقْصَى

الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ

«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке – байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші» («Исра» сүресі, 1-аят) деді.

Араб тілінде «исра» сөзі түннің бір бөлігін серуендеумен өткізу деген ұғымды береді. Ал шариғат тілінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғанын білдіреді.

Жер бетінде қасиетті үш мешіт бар. Олар: әл-Харам мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті (Мединеде) және әл-Ақса мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тыйым салынған). Әл-харам деп аталуы да сондықтан.

Аяттағы әл-Харам мешіті деп Мекке қаласын түсінуге тиіспіз. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса (ғ.с.) мен Иса (ғ.с.) және ол екеуінің арасында өткен пайғамбарлардың (ғ.с.) құбыласы болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да Меккедегі әл-Харам мешіті құбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб (ғ.с.) екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (екі құбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. «Ақса» – «ұзақ, алыс, бір шеттегі» деген мағынаны білдіретін сөз. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан, «әл-Ақса» деп атанып кеткені анық.

Әл-Ақса мешіті туралы аятта: «төңірегі тұнған береке-байлық», – делінген. Расында да, ол мекен мүбарак етілгендігінен Алла тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан.

Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен әрі рухымен жасалған сапар.

Ал миғраж биікке көтерілу, жоғарылау дегенді білдіреді. Шариғатта – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы «Сидратул-мүнтәһәға», яғни Алла тағала құзырына көтерілгенін айтамыз. «Сидрат» – арабша ағаш, ал «мүнтәһә» соңғы деген мағына береді. Мұны әлемнің соңғы шегі деп түсінеміз.

Миғражда бес уақыт намаз парыз болды. Миғраждан бұрын тек таң және екінді намаздары ғана бар болатын. Миғраж түнінде шам намазы 3 рәкат, басқа намаздар 2 рәкат  парыз болады. Мәдинаи Мунауууарада екінші бұйрық арқылы таң мен ақшамнан басқасы 4 рәкатқа көбейтілді. Хижраның 4-ші жылы бұлар жолаушы үшін 2 рәкатқа түсірілді. Азан шақыру да хижреттен бұрын Меккеде миғраж түнінде басталды. Хижраның 1-ші жылы намаз уақыттарын білдіру үшін азан шақыру бұйырылды.

Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс.

Айбек Сайдалин,

«Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲