Анаң бір аңырап қалмасын…

   Бүкіл мадақ мақтау біздерді  иманның  қуанышы мен  шаттығына бөлеген, сондай-ақ, рызық несібе берген Алла тағалаға болсын. 

Адамазатты надандық батпағынан құтқарып,  нұрға бөлеген, жақсы мен жаманды үйреткен, бұл дүниеден үмбетім деп өткен  Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың сәлемі мен игілігі болсын!

Біздердің бұл өмірге келуімізге себепкер болған, бағып қағып өсірген  ата-аналарымызға  Алла ұзақ өмір берсін.

Исламда әрбір адамның өзіндік орны бар. Алайда ата-ананың орны ерекше. Бізді тоғыз ай он күн құрсағында көтеріп, өзі қалағанын жей алмай,  ішіндегі сәбидің қалаған тамағын ішіп, ауырлықпен көтерген ананың орны, әрине, жоғары. Өзіңіз ананың балаға аяғы ауыр шағын көзіңізге былайша елестетіп көріңізші; тоғыз ай бойы бір жүкті арқаңызға асып алып, сонымен ұйықтап, сонымен үй тірлігін жасап жүрсеңіз, қаншалықты шыдамдылық танытар едіңіз?

Ал, әке халқымызда – Асқар тау деп сипатталған. Себебі әке – үйдің қорғаны, балапандарының асыраушысы. Дегенмен де әкенің өзі ананың сабырлығы мен шыдамындай төзімділік көрсете алмасы анық. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иә, Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын?-деп келген адамға үш мәрте –анаңа, кейін әкеңе деп жауап берген еді.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп әмір етеді:

 

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا  وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا

«Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып: Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр, – деп дұға жаса».  ( «Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Осы аяттан Алладан кейін бірінші көңіл бөлетін, қызметінде аянбай тер төгуге болатын адам ата-ана екенін аңғарамыз. Өкінішке орай, қазіргі таңда ата-анасына емес, қызметтегі басшысына құлды ұрып, жарының ымдағанынан аса алмай жүрген жандар көп. Соның кесірінен қаншама ата-аналар қарттар үйінде терезеден телміріп, өз құрсағынан шыққан сәбиінің қартайғанында далаға тастап кеткеніне сене алмай жәутеңдейді. Иә, кеше біздің кішкентайымызда далаға тастамай, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай өсірген ата-анамызға берер қарымтамыз осы ма еді? Ата-анаң жынды болса, байлап бақ деген халықтың ұрпағы емес пе едік? Сондай бабаларымыздың бірі Майлықожа атамыз:

Қадірін оның білмесең,

Қызметінде жүрмесен,

Арамы залым болғанын

Ұрғаны Құдай жетеңнен.

Жақсылық қылған піріңе,

Жамандық қылсаң тіріде,

Жазаңды Алла тартқызар

Орын жоқ жәннат мекеннен,-деп, жүрекке құйып тастаған екен. сондықтан да ата-аналарымызға кейістік білдірмей, оларды бізді кішкентайымызда бағып қаққанындай мәпелеу перзенттік міндетіміз екенін естен шығармаған жөн.

Құран Кәрімде :

أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ

«Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым» (Лұқман сүресі, 14-аят), – деп ескертсе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімде-кім ата-анасына жақсылық етіп, әрдайым  шүкіршілік танытатын болса, онда оның өмірі ұзақ болады», – деген.

Кейбір адамдар жолым болмай жүр, ісім алға баспай қойды деп жатқандарын жиі естиміз. Сол үшін мешіттерге барып, дұға оқытып, құрмалдық шалып жатады. Ең бірінші жолымыз болу үшін Алладан кейін ата-анамызға шүкір етіп, олардың қас-қабағына қарап, бағып-қағар болсақ, сонда ісіміз алға басып, Алла береке беретінін ұмытпаған жөн.

Айша анамыздан (р.а.) келген хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Мен түсімде жәннатта екенмін. Жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенімде:  «Харис ибн Нұғман», деген жауапты естідім»,–дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы  «Оның амалы қандай амал?» – дегенде, сахабаларының барлығы: «Уа, Алланың елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз. Алайда, ол анасына көп жақсылық жасайды»,–деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз  «Оның істеп жүргені жақсылық»,–деп үш мәрте қайталайды.

Ата- анаға жай ғана күлімдеп қараудың  өзі ғибадатпен тең.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде  «Ата- ананың жүзіне мейіріммен қарау-ғибадат» десе, тағы бір хадисте: «Ата-анасының жүзіне мейіріммен қараған адамға қажылық және умраның сауабы жазылады»,деген. Сонда қасындағы сахабалар: «Күніне мың рет қараса да,  солайма?»,-деп сұрағанда Алла Елшісі «Күніне жүз мың рет қараса…» – деп жауап берді.

Ал, Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте:

رِضَا اللَّهِ فِي رِضَا الْوَالِدَيْنِ، وَسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ

«Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында»,деген болатын.

Бүгінгі таңда намаз оқып, дін жолында жүрген кейбір бауырларымыз ата-анасының қолынан ас жемей, оларды дәретсіз, ғұсылсыз пісірген асын жемеймін деген жағдайлар кездесуде. Тіпті, бақытты өзге елден іздеп, жиһад деп сандалып, ата-анасын қараусыз, олардың ризалығынсыз жандарын қайғыға душар етіп, тастап кетіп жатқандар аз емес. Баршамызға сабақ болар төмендегі оқиғаны ойлы көзбен бір шолсақ, құлшылығымыз да, ізгі амалдарымыз да ата-ана разылығымен байланысты болатынын көреміз.

Әнас ибн Малик (р.а.) риуаяты: «Расулалла дәуірінде Алқама есімді жігіт болған еді. Ол өте ынталы, көп садақа беруші жігіт еді. Бір күні науқас болып, сырқаты асқына түсті. Әйелі күйеуінің өлім халінде екендігінен құлағдар етіп Пайғамбарға  хабаршы жібереді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) Біләл, Әли, Салман және Омарға: «Алқаманың халін біліңдер», – деп тапсырады. Алқама тілін кәлимаға келтіре алмай, қатты қиналып жатыр екен. Біләл Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның ата-анасы бар ма?» – деп сұрайды. Жанындағы кісілер: «Әкесі өлген, қарт анасы бар», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Біләл, анасына барып, келе алатын болса ертіп кел, келе алмайтын болса, мен өзім барамын», – дейді. Біләл барған кезде анасы: «Жаным Алла Елшісі жолында құрбан болсын, мен өзім баруға тиістімін», – деп, таяғына сүйенген күйі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырына келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  ол кісіден: «Маған турасын айтыңызшы, өтірік айтсаңыз, Алла Тағаладан маған уахи келеді. Алқама қандай адам еді?» – деп сұрады. Қарт ана: «Уа, Расулалла, ол намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақа береді, берген садақасының санағын білмеймін», – деді. «Ал, ұлыңызбен мәмілеңіз қалай еді?». Алқаманың анасы сәл кідірістен соң: «Уа, Алла Елшісі, мен оған ренжулімін», – деді. «Не үшін?» – деп сұрады пайғамбарымыз (с.ғ.с.). «Ол әйелін менен жоғары қоятын, соны қоштап, маған құлақ салмайтын еді», – деп күйінішін білдірді қарт ана. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ия, түсінікті. Тілін кәлимадан тосқан анасының ашуы екен ғой», – деді. Біләлға: «Көп отын жиыңдар, Алқаманы өртейміз», – деді. Жанұшырған анасы: «Уа, Алла Елшісі! Жүрегімнің жемісі – ұлымды көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алқаманың анасы! Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егерде сіз ұлыңызды кешірмесеңіз, оның оқыған намаздары мен берген садақаларынан еш пайда жоқ», – деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп: «Жалғыз Алланың Елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп отырып, Алқамаға разы екендігімді жеткіземін», – деп, кешірімін берді. Осыдан соң Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Біләл! Алқаманың жағдайын біл, кәлиманы айта алды ма екен. Алқаманың анасы менен ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар», – деді. Хазреті Біләл оның үйіне барып: «Уа, халайық! Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Алқама сол күні қайтыс болды. Алла Елшісі оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназасын шығарады.

Осыдан ой түйер болсақ, тірісінде олардың разылығын ала алмасақ, өлгеннен кейін ойсыраған орнын толтыра алмағанымыздай, қателіктеріміздің де орнын толтыра алмай шерменде қалуымыз мүмкін.

 Әбілхан БАЛТАҰЛЫ,

қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы

 

Return to Top ▲Return to Top ▲