МЕРЕКЕДЕ ШАТ — ШАДЫМЕН БОЛҒАН БАЛАЛАР АЛҒЫСТАРЫН АЙТТЫ

Жетiм мен жесiрге қамқорлық жасау — мұсылман парызы. Пайғамбарымыз бiрде Әбу Дардаға қарап «Жүрегiң жұмсақ болуын, рахымды болуды қалайсың ба, рақымдылық жаннатқа апарады. Дұғаңның қабыл болуын, мақсатыңа жетудi қалайсың ба? Онда жетiмдерге рақымдылық ет» — деп үш қайтара айтқан болатын. Дертi барды дерттi болған бiледi, жетiмдiктi жетiмдiкте өскен бiледi. Сондықтан Пайғамбарымыз жетiмге жақсы қараған адам жаннатта менiмен бiрге болады деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ның сүннетiне амал етiп, Халықаралық балаларды қорғау күнiнде ҚМБД-ның СҚО бойынша өкiлдiгi, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң ұжымы қайырымдылық шарасын өткiздi.

Мамыр айының соңғы күнiнен бастау алған игi-шара облыс орталығымен жапсарлас жатқан, Есiл өзенiн жағалай орналасқан Қызылжар ауданындағы Архангельское селосындағы «Жасы кәмелетке толмаған балаларға арналған баспанадан» басталды. ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкiлi имамы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы көшбастап, бiр топ кәсiпкерлер тәрбиеленушiлермен кездестi. Бұл баспанада ата-анасынан айырылған тұл жетiмдер мен қатар, ата-анасы бар болса да, тiрi жетiм атанған бүлдiршiндер бiлiм алып, тәрбиеленiп келедi. Жасы небәрi 5-ке толмаған бүлдiршiндер, бозбалалар мен бойжеткен қыздар өмiр сүретiн баспанада бүгiнгi күнi 50 бала тәрбиеленiп келедi. Оларға «Қызылжар» орталық мешiтi мен қалалық «Нұр», «Мұхсин» мешiттерiнiң атынан жазғы аяқ киiмнен бастап, ыдыс-аяқ, киiм-кешек, компьютерге дейiн сыйға берiлдi. Аталмыш баспананың директоры көпбалалы ана Сәуле Кеңесқызы мешiттiң жасап жатқан көмегiне тәрбиеленушiлер атынан зор алғысын бiлдiрдi. Кездесу соңында «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы балалармен сұхбаттасып, естелiк суретке түстi.

DSC08777

«Қызылжар» орталық мешiтi Халықаралық балаларды қорғау күнi облыс орталығындағы облыстық жетiм балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушiлерiн мешiтте қонақ етiп, сый-құрмет көрсеттi. Мешiт ұжымы балаларға арнайы танымдық бағдарлама дайындады. Алдымен жердегi Алланың үйiн тамашалап шыққан балалар, «Адам болам десеңiз…» тақырыбында мешiттiң ұстазы Хамзат Әдiлбековтың дайындаған уағыз-насихатын тыңдады. Содан кейiн, ғибраты мол шағын метражды фильмдер көрдi. Балаларға кәсiпкерлер мен қажылар қоғамдастығының атынан мешiт асханасында дастарқан жайылып, мейрамға арнайы әзiрленген сыйлықтар үлестiрiлдi. Ыстық астан дәм алып отырып балалар, Асыл дiнiмiз Ислам турасындағы сұрақтарға жауап берiп, өзара сұхбат жүргiздi. ҚМДБ-ның өкiл имамы, «Қызылжар» орталық мешiтiнiң Бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы балаларға оқуларында сәттiлiк тiлеп, Ислам дiнiнiң қадiр-қасиетi жайында уағыз айтты. Жиын соңында Құран оқылып, , жетiмдер үйiнiң тәрбиеленушiлерi мешiт ұжымына алғыстарын айтты.DSC09013

«Қызылжар» орталық мешiтiнiң баспасөз қызметi

Return to Top ▲Return to Top ▲