Ханафи мазһабының өміршеңдігі

Ханафи мазһабы әлемде ең қөп таралған және әлем мұсылмандарының қолдауына ие болған мазһабтардың бірі. Ханафи мазһабы басқаша «әһлу әр-Рай» ақыл пайым мазһабы деп те атайды. Бұл танымал төрт мазһабтың ішіндегі ең алғашқысы. Мазһабтың негізін қалаушы Имам Әбу Ханифа ән- Нұғман.

Бұл мазһабтың негіздері  тек Әбу Ханифаның үкімдерімен ғана емес, сонымен қатар оның шәкірттерінің де үкімдері жинақталған.

Әбу Ханифа ең алғашқылардан болып, фиқһ үкімдерін тарауларға бөліп, шәкірттері үшін фиқһ ілімін үйренуді жеңілдетті. Бұл әдіс оған шейін сахабалар,  табиғиндердің кезінде қолданылмаған, ол уақытта адамдар өздерінің жаттау қабілеттеріне сүйенген. Әбу Ханифа орнатқан тәртіп бойынша бірінші дәреттен содан кейін намаз және басқа ғибадаттар жалғасын тауып ең соңында мираспен аяқталған. Бұл жүйені орнатқаннан кейін одан кейін алғашқылардан болып, Имам Мәлик «Муата» кітабында қолданған.

Ханафи мазһабының негізінің қалануы және даму кезеңдері:

Ханафи мазһабы үш даму кезеңінен өтті:

  • Мазһаб ретінде пайда болу кезеңі,
  • Даму, өсу кезеңі,
  • Орнығу кезеңі,

Бірінші кезең: Мазһаб ретінде пайда болу кезеңі

Бұл кезең мазһабтың негізін қалау, мазһаб ережелерін орнату кезеңі. Бұл дәуір Абу Ханифа және оның жақын шәкірттерінің кезеңін қамтыйды. Шамамен һижра бойынша 120 жылы Имам Абу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Сулейманның қайтыс болғаннан кейін пәтуә және дәріс беру қызметіне кіріскеннен кейін басталады. Алғашқы кезеңнің аяқталу уақыты атақты төрт шәкіртінің ең соңғысы әл-Хасан бин Зияд әл-Лулуидің 204-жылы дүниеден өтуімен байланысты.

Фиһқ кітабын Әбу Ханифаның өзі жазып қалдырғаны жайында ешқандай дерек жоқ. Жазып қалдыру шәкірттерінің кезеңінен басталды. Ең алғашқылардан болып, ұлы шәкірті Абу Юсуф жинаған болатын. Одан кейін ауқымды жазба ретінде қалдырған екінші шәкірті Имам Мухаммад ибн Хасан әш-Шайбани. Ол өзінің тікелей дәріс кезінде Әбу Ханифа және Әбу Юсуфтан естігендерін жинаған. Бұл кітаптар кейін әл-Мабсут, әл-Асыл, әл-Жамиғ әс-Сағир, Жамиғ әл-Кәбир, әс-Сияр әс-Сағир, әс-Сияр әл-Кәбир, деген аттармен белгілі болды. Кей кезде бұның барлығын жиып, әл-Кәфи деп те атайды. Бұл кітаптар Ханафи мазһабында негізгі қайнар көздер. Бұл кезеңдегі Имам Мухаммадтың басқа да кітаптары ерекше маңыздылыққа ие болған, олар: «әл-Жаржаният», «әл-Кисаният», «әл-Һаруният», «әл-Худжа ала әһлу әл-Мадина» және тағы басқа кітаптар.  Жоғарыдағы осы кітаптарға Ханафи мазһабындағы ғалымдар кейін негізге алған.

Екінші кезең: Даму өсу кезеңі.

Бұл кезең Абу ханифаның атақты шәкірттері әл-Хасан бин Зияд әл-Лулуидің һижра бойынша 204-жылы қайтыс болғанынан кейін басталып, атақты мужтаһид Имам Абдолла бин Ахмад бин Махмуд ән-Насафидің һижра бойынша 710 қайтыс болғанға шейін жалғасады. Бұл кезеңде заманның өзгеруіне байланысты үкімдерде де біршама өзгерістер болды. Мысалға алған кезде егер Әбу Ханифаның сөзі екі атақты шәкіртіне қайшы келсе, шәкірттерінің сөзі үкімге асырылады, егер бір шәкіртімен сәйкес келсе Имам Әбу Ханифаның сөзі алынады. Осы уақытта алғаш рет фиқһ негіздеріне байланысты еңбектер пайда бола бастады. Бұл кезеңді іштей үш мерзімге бөлуге болады:

Бірінші түр: Кітапшалар

Бұл кітапшалардың мақсаты қысқаша түрде  фиқһ үкімдерін жазу. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:

  • «Мухтасар ат-Тахауи»
  • Әл-Хахим «әш-Шахидтің әл-Кафиі»
  • Самарқандидің «Тухфату әл-фуқаһа»
  • Әл-Қудуридің «Мухтасар»
  • Мирғананидің «Бидаяту әл-Мубтади»
  • Әл-Маусулидің «Әл-Мухтары»
  • Ән-Нәсәфидің «Кәнзу әд-Дақааиқ»

Екінші түрі: Түсіндірмелері.

Жоғарыдағы кітапшаларға қатысты оның түсіндірмелері бар солардың ең маңыздылары:

  • Имам әс-Сархасидің «Мабсут» кітабы «Мухтасар ат-Тахауи» кітабының түсіндірмесі.
  • Алаудин әл-Кәсәнидің «Бадааиғ ас-Санааиғ» кітабы Самарқандидің «Тухфату әл-фуқаһа» кітабының түсіндірмесі
  • Мирғананидің «Хидая» кітабы өзінің кітабы «Бидаяту әл-Мубтади» кітабының түсіндірмесі
  • Әл-Маусулидің «Тағлил әл-Мухтар» кітібы өзінің кітабы «Әл- Мухтары» кітабының түсіндірмесі.

Үшінші түрі: Пәтуалар.

Жоғарыдағы кітапшалар мен түсіндірмелерге қосымша сол кездегі оның алдындағы ғасырларда болмаған әр түрлі мәселерге орай берілген пәтуалар жиынты. Сол кездегі маңызды пәтуалар:

  • Әл-Хәлуанидің пәтуалары
  • Ас-Садыр әш-Шаһидтің пәтуалары
  • Ән-Насафидің пәтуалары
  • Қадыйханның пәтуалары

Бұл жоғарыдағы негіздер Әбу Ханифа мазһабындағы маңызды дерек көздері. Ең жоғарғысы кітапшалар болса, кейін оның түсіндірмелері келеді, ең соңында пәтуалар жиынтығына жол беріледі.

Үшінші кезең: Орнығу кезеңі.

Бұл дәуір ән-Насафидің қайтыс болғанынан бастап, біздің заманымызға шейін жалғасады. Һижра бойынша сегізінші ғасырда Ханафи мазһабы орнығып, келесі ғасырларда келген ғұламалардың еңбектері жоғарыдағы негізгі кітаптардың айналасында шоғырланды. Бұл ғасырда да көптеген еңбектер жазылды дегенмен жоғарыдағы ғасырдағы кітаптар барлық ғалымдар үшін ең әуелгі қайнар көз болып қалды. Бұл кезең де бірнеше кезеңдерге бөлінеді:

Бірінші: Бұл кезең һижра бойынша жетінші ғасырдан аяғынан басталып, һижреттің онынша ғасырына шейін жалғасыда. Бұл дәуірде Ханафи мазһабы үшін аса құнды еңбектер жазылды, олар:

  • Абу Ханифаның муснады
  • Әл-Мәнжабидің «Әл-Лубаб фи әл-жамғи байна әс-сунна уа әл-Китаб»
  • Әз-Зайлағидің «Насб әр-Раая».

Екінші: Бұл кезең һижра бойынша оныншы ғасырдың орта кезінен бастап, он үшінші  ғасырдың аяғына шейін жалғасыды. Бұл кезеңде де ханафи мазһабының құнды еңбектері жарық көрді. Солардың атақтысы:

  • Әл-Халабидің «Мултақа әл-Абхар» кітабы
  • Әт-Тамарташидің «Тәнуир әл-Абсар» кітабы
  • Әш-Ширнибалидің «Нуру әл-Идах» кітабы

Бұл кітаптарға қосымша басқа еңбектер жарық көрді. Сол кездегі жазылған еңбектердің көбі алдыңғы өткен ғалымдардың кітаптарына қатысты жазылған түсіндірмелер, сілтемелер қосылған кітаптар пайда болды. Солардың ішінде Ибн Абидиннің «Раду әл-Мухтар» деп аталған кітабыныда көптеген қосымшалар кіргізіп, бұрынғы және сол уақыттағы ғалымдардың пікірін келтіріп, Ханафи мазһабына ауқымды еңбек сіңірді.

Үшінші: Бұл кезең һижрет бойынша он үшінші ғасырдың аяғынан басталып, біздің заманға шейін жалғасын тапты. Бұл кезеңнің ерекшелегі сол уақытқа шейінгі Абу Ханифа мазһабында жазылған кітаптардан қазылар мен әкімдерге үкім шығару үшін оңай болу үшін, ислами қағидалар, заңдар шығару жұмысы белсенді қолға алынды. Бұл әсіресе Осман империясы билік құрған кезде ерекше қолға алынды, өйткені ханафи мазһабы Осман империясының кезінде ресми мазһабы болып саналған.

Ханафи мазһабының негіздері

Мазһабтың негізін қалаушы Әбу Ханифа мазһабқа арнайы қағидалар бекіткен. Оның өз сөзі бойынша: «Ең бірінші Алланың кітабы Құран кәрімнен алам, егер одан таппасам пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті, егер Алланың кітабында, пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде таппасам, сахабалардың сөзін алам, олардың сөздерінің ішінде қалағанын таңдауға құқығым бар, және олардың үкімдерінен басқа үкімге ауыспаймын. Оларда табылмай (табиғиндер) Ибраһим, әш-Шағби, Ибн Сирин, әл-Хасан әл-Басри, Саид ибн әл-Мусаябқа т.б ғалымдарға тірелсе, олар ижтиһад жасаған мен де олар секілді  ижтиһад жасаймын». Әбу Ханифа хадистерді қабылдауда ерекше маңыздылық танытатын, әсіресе бір жолмен келген хадистерді (ахад хадис) қабылдауда ерекше көңіл бөлетін, өйткен ол кезде Куфа қаласы саяси тұрақсыздық мекені болатын, бүліктер, әртүрлі діни ағымдар көп болатын. Бұл өз кезегінде жалған хадистердің шығуына себеп болды.

Ханафи мазһабы келесі негіздерге сүйенді:

  • Құран кәрім. Ханафи мазһабында Құран кәрім ең бірінші исламның қайнар көзі, өйткені Құрандағы әрбір аят, әрбір әріпте ешбір күмән жоқ. Құран кәрімнің үкімін бір жолмен келген сахих хадис жоя алмайды, тек мутауатир, (жамағаттың риуаят етуі арқылы) хадис қана Құран үкімін жоя алады.
  • Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті. Имам Әбу Ханифаның ұстанымы бойынша сүннет бір деңгейде емес. Пайғамбарымыздың (с.а.у) қауыл арқылы жеткен сүннеті әрекет арқылы жеткет фиғли сүнеттен үстемірек, өйткен фиғли сүннеттер тек пайғамбарымызға (с.а.у) қатысты болуы мүмкін. Ахад хадиске мутауатир хадис қайшы келсе, онымен амал жасалынбайды. Сол секілді Құран мен хадистер алынған шариғи қағидаларға хадис ахад қарама-қайшы келсе, негізге алынбайды
  • Ижмағ. Бұл Пайғамбарымыздан (с.а.у) кейін белгілі бір уақытта мужтаһид ғалымдардың бір шариғи үкімде келісуі. Абу Ханифада ижмағ шариғи дәлел.
  • Сахабалардың шариғи үкімдері.
  • Қияс — Ислам фиқһындакең таралған ұқсастық бойынша (аналогия) үкім шығару әдісі. Мұсылман ғалымдарының арасында қияс Құран,Сүннет және ижмағтан кейінгі орын алады. Алайда қиястың рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері бар. Тыйым салынған түрлеріне біреудің Құран мен Сүннеттен дәлелі болып тұрып қияс арқылы үкім шығаруы жатады. [1]
  • Истихсан. Жоғарыдағы негіздерде үкім табылмаса истихсан үкімі жүреді. Бұл бір затты екінші заттан қарағанда жақсы деп тану немесе бір мәселеде келген дәледердің арасынан күштірегін таңдау.
  • Әдет-ғұрып. Егер кез келген қауымда ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының нәтижесінде туындаған әдет-ғұрыптар Құранға, хадиске қайшы келмесе қабылданады. Бұл жөнінде ең алғаш рет Ибн Масғут айтқан болатын: «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе ол Алла тарапында да жақсы». Егер Құран аяттарына, хадистерге қайшы келсе ол әдет қабылданбайды.

Географиялық таралуы

Ханафи мазһабы мазһаб ретінде Куфа қаласында дүниеге келді. Һижраның төртінші жылы мазһаб кеңінен тарала бастады. Сол уақыттағы Иемен аймағында Сана қаласында, Ирактың көптеген фиқһ ғалымдары, қазылары, Сирия аймағының ғалымдарының басым бөлігі ханафи мазһабын ұстанған. Одан кейінгі уақыттарда Орта Азия, Хорасан, Иран, Солтүстік Индия жерлерінде тарады. Одан кейінгі ғасырларды Армения, Әзербайжан елдерінде тарады. Кәзіргі уақытта ханафи мазһабы Түркия, Албания, Косово, Босния, Пакистанның, Бангладештің, Ресейдегі, Қытайдағы мұсылмандардың ұстанатын жолы.

Мазһаб ресми түрде Аббасилердің кезінде атап айтқанда халиф Һарун Рашидтің кезінде Абу Ханифаның ұлы шәкірттерінің бірі Мухаммад Юсуфтың кезінде қазылардың қазысы болып тағайындалып, сол кездегі әлемде ең үлкен мемлекет Аббасия халифатының үкім жүйесіне Ханафи мазһабының негіздері кірген болатын. Ханафи мазһабы Аюбилердің, Салжұқтардың  кезінде де ресми мазһаб болып бекітілді. Алты жүз жыл ислам әлемін басқарған Осман халифаты кезінде барлық уәләяттарда қазылар ханафи мазһабының ғалымдары болды.

ввв

  • Сурет. Діни ағымдардың шоғырланған жерлері

Ханафи мазһабының атақты кітаптары:

  • Әл-Фиқһу әл-кабир
  • Муснаду әл-хадис
  • Китаб әл-Ғалим уә әл-Мутағаллим
  • Заһиру әр-риуая әс-ситта
  •      Әл-Жамиғ әл-кәбир
  • Әл-Жамиғ әс-сағир
  • Әс-Сияр әл-кабир
  • Әс-Сияр әс-сағир
  • Әл-Мабсут
  • Әл-Асл
  • Әз-Зияадаат
  • Бадааиғ әс-снааиғ фи тәртиб әш-шарааиғ
  • Әл-Һидая
  • Уқуд әл-жауһар әл-мәнфия фи адилләти мәзһаб Абу Ханифа
  • Әл-Ихтияр фи тағлил әл-мухтар
  • Әл-Лубәб фи шархи әл-китәб лилқудури
  • Мажмаға әл-әнһәр фи шархи мултақа әл-әбхар
  • Әл-Журжанияат
  • Фатху әл-қадир
  • Туфату әл-фуқаһаа
  • Мухтасар әл-қудури

 

Мазһаб ғалымдары

  • Имам Абу Ханифа

Әбу Ханифаның ата-бабалары Әмудария өзені жағалауындағы Термез бен Хорасанда ертеректе болған Наса қалаларында өмір сүрген. Олар парсы әулетінен еді. Әйтсе де, кейбір деректерде оның түркі текті екені жайлы да айтылады. Ұлық төрт халифа кезінде Ислам діні парсы елдеріне тарай бастады. Исламға қарсы шығып, тұтқынға алынған дінсіздер ішінде Әбу Ханифаның бабасы да болған деседі. Кейінірек ол Исламның шынайы дін екенін түсініп, мұсылман болады. Сол себепті ол тұтқыннан босатылып, үйіне жіберіледі. Отбасына аман-есен оралған бабасы Исламды тереңінен түсініп, балаларын да Исламға сәйкес тәрбиелейді, болашақтағы ұрпағының барлығы Исламның ақ жолында дүниеге келулерін тілейді.

Азан шақырып қойылған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны «Әбу Ханифа» деп атайтын. Ғасырының танымал, беделді, ірі ғалымы болғандықтан халық арасында «Имам Ағзам» деген атпен танымал. Бізде имам деп мешіт қызметкерін түсінеді. Бірақ, бағзы заманда имам деп аса білімді, әрі тақуа кісілерге айтылатын. «Имам» – «жетекші, басшы, ұстаз, данышпан» деген мағыналарды да береді. Ал, «Ағзам» сөзінің «айбынды, ең зор, ең үлкен, ұлық, теңдесі жоқ» деген мағыналары бар. Шынында да, Имам Ағзам мұсылмандардың жетекшісі, ғалымдардың басшысы, білім мен тақуалықта теңдесі жоқ данышпан, айбынды, әрі ұлық ұстаз еді.

Абдуллаһ ибн әл-Мубарак: «Имам деген атқа Әбу Ханифадан артық лайық кісі жоқ. Өйткені, ол өте тақуа ғалым еді, фиқһ ілімі жолында басқалар ол секілді еңбек ете алмады – деп еске алады.

Ислам діні тарих сахнасына көтерілгеннен кейін Куфа Ислам нұрына малынып, онда өнер, ғылым және мәдениет дами түсті. Әсіресе, соңғы халифа Әли ибн Әбу Талибтің  тұсында мұнда атақты ғұламалардың дәрісханалары көбейіп, бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен ілім алу мақсатымен мыңдаған шәкірттер ағылып келе бастады.

Әбу Ханифа да осындай ортада дүниеге келіп, онда өнегелі өмірі басталды. Ол жастайынан Құран, хадисараб тілі мен әдебиетіне көңіл қойып, азды-көпті дәріс алды.

Әкесі саудагер еді. Олардың жеке дүкендері болды. Онда олар жібек мата саудасымен айналысатын. Әбу Ханифа әуелде мешітке тек күнделікті бес уақыт намаз оқу үшін ғана барып тұрды.

Бірде ол сол дәуірдің атақты ғалымы әш-Шағбиге кездесіп қалады. Шағби одан: «Қайда барасың, інім?» – деп сұрайды. Ол заманда адамдар тек ілімді ойлап, табыс табу, бала-шаға бағу, үйлі-жайлы болу секілді дүние тіршіліктерін екінші орынға қоятын. Сұрақ төркінін түсінген Әбу Ханифа дәрісханаларға барып, жүйелі сабақ алып жүрмегендігінен, «Базарға», — деп, ұяла жауап береді. Өйткені, осы уақытқа дейін оның мақсаты да, кәсібі де сауда болып келген-ді, ал сабаққа деген қызығушылығы шамалы еді.

Әбу Ханифа бойындағы асыл қасиеттерді, оның ақылдылығын, зеректігін, шешендігін және ойының ояулылығын байқаған Шағби бұл жігіттің былай жүргеніне іштей қынжылады. Әбу Ханифаның болашақта үлкен ғалым болатынын іштей сезген Шағби оған: «Уақытыңды бос өткізбей, ғалымдардың дәрісханаларына қатысып, сабақ оқы», — деп ақылын айтады. Шынайы сөз Әбу Ханифаның жүрегіне жетеді. Сол күннен бастап ол барлық уақыты мен күш-жігерін ғылым-білімге салады. Ол кезде Әбу Ханифа жиырма екіде ғана еді.

Ол жылдары Куфадағы оқу-ағарту істеріне Хаммад ибн Сүлеймен жетекшілік ететін. Әбу Ханифа хадис пен фиқһ ілімін сол заманның ең атақты ғалымдары – Шағби және Хаммад сияқты ғұламалардан үйренді. Куфада хадис ұстаздары, араб тілі және әдебиеті мамандары, шариғат ғалымдары жеткілікті болатын.

Ибн Шиһаб әз-Зуһри: «Әлемде беделді ғұламалар төртеу. Олар: Мәдинада Ибн әл-Мусәйиб, Куфада әш-Шағби, Басрада Хасан әл-Басри (642–728), Шамда Мәкхул», — деп сол кездің ең үлкен ғалымдарын атайды.

Әбу Ханифа ұстазы Хаммадтың қолында жүйелі түрде 18 жыл оқыған. Ұстазы дүниеден өткенге дейін, одан ажырамаған. Өйткені, ол ұстазын жақсы көріп, оның асыл қасиеттерін, даналығын, парасаттылығын, тақуалығын, әсіресе кеңпейілділігі мен жомарттылығын өзіне үлгі тұтқан.

Хаммад бай болғанымен, мал-мүлкін туған-туысқандарына, жетім-жесірлерге және шәкірттеріне жұмсайды екен. Бұл жайлы: «Хаммад ғұламалар ішінде ең жомарты еді, жылда келетін қасиетті рамазан айында күнде 500 адамға ауызашар беретін, жағдайы нашар шәкірттеріне ақшалай көмектесіп тұратын еді», — деп риуаят етіледі.

Хаммад ибн Сүлеймен дүние салғаннан соң, оның ісі баласы Исмаилға тиді. Жұрт та оның бойынан әкесінің ілімі мен асыл бейнесін көргісі келді. Өкінішке орай, Исмаил бірақ халық көңілінен шыға алмады. Сол себепті ұстазының оқу-ағартушылық істерін әрі қарай жандандырып, дамытуды шәкірті Әбу Ханифа мойнына алды. Халықтың қалағаны да сол болатын. Ол кезде оның жасы қырықта еді.

Әбу Ханифаның есімі мен білімі кеңінен тарай бастайды. Оған жер-жерлерден білім алу мақсатымен мыңдаған талабалар келіп жатты. Оның дәрісханасы Куфадағы ең үлкен, әрі берекелі білім ошағына айналды. Шәкірттердің ғылыми сұхбаттары мен қуанышты үндері мешіт сыртынан да естіліп тұратын.

Әбу Ханифа ақылды, өткір, парасатты кемел ой иесі еді. Осы ерекшелігімен ол тез арада өз дәуірінің ең ұлы ғалымдарының біріне айналды. Ол – ислам фиқһінің үлкен мүжтаһид ғалымы болды. Құран кәрім және сүннеттен басқа нақты дәлел ретінде ол сахабалардың, табиғиндердің алқалы пікірін, сондай-ақ қияс (салыстыру), истихсан(дұрыс санау, жақсы деп білу) және ғұрып-дәстүр сияқты фиқһ қағидаларын пайдалана отырып, шариғат шеңберінде үкімдер шығара білді.

Әбу Ханифа түн бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын, тілін жалған сөзден сақтап, тәнін пәк ұстайтын, жағымсыз іс–әрекет пен ойын-сауықтан аулақ жүретін, Аллаһ Тағаланың разылығын табуды өзіне парыз санайтын. Имам Ағзамның имандылығы мен тақуалығы, білімділігі мен парасаттылығы туралы имам әш-Шафиғи: «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ғалымы болмағаны», — дейді.[2]

Абу Ханифаның атақты шәкірттері:

1.Абу Юсуф. Толық аты жөні Яқуб ибн Ибраһим әл-Әнсари, һижра бойынша 113 жылы дүниеге келген. Жастайынан хадис іліміне ерекше мән берді. Алғашында фиқһ ілімін Ибн Әби Ләйләдан алса, кейін Әбу Ханифадан ала бастады. Кейіннен Хиджаз аймағына ауысып, Имам Мәликтен де дәрістер алды, кейбір мәселерде Имам Мәликпен келіспей жеке ойларын алға тартты. Имам Абу Юсуф Әбу Ханифа шәкірттерінен бірінші болып, хадис мектебі мен «әһлу рай» (пікір) мектебін жақындатқан ғалым ретінде танылды. Мәһди, Һарун Рашидтің кезінде қазылық қызмет атқарды. Сол кездегі деректер бойынша оның еңбектері 40 қа жеткен алайда біздің заманға тек төртеуі ғана жеткен солардың атақтысы «әл-Хараж».

2.Зафар ибн әл-Һузейл. Толық аты-жөні Зафар ибн әл-Һузейл ибн Қайс әл-Куфи һижра бойынша 110 жылы дүниеге келген. Арғы аталары арабтың атақты тайпасы Бану Тамимнан. Ата анасы дәулетті адамдардан болған соның нәтижесінде жастайынан алаңсыз Құран жаттаумен, хадис ілімін үйренумен айналысқан. Абу Ханифаның шәкірті болуға итермелеген басты себеп Абу Ханифаның дінді терең түсінгендігінде, шамамен ұстазының қасында жиырма жылдай бірге болады. Ұстазы Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін орнына дәріс беруін жалғасырады. Һижра бойынша 158 жылы қайтыс болады.

3.Ибн әл-Хасан әш-Шайбани. Толық аты Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шайбани һижра жыл санауы бойынша 131 жылы Иракта дүниеге келеді. Куфа қаласында өсіп жастайынан Абу Ханифаның, Абу Юсуфтан дәріс алады. Бұнымен шектелмей Имам Мәлиике барып, оның атақты кітабы «Муата» кітабы бойынша сабақ алады. Имам әш-Шайбани алғашқылардан болып, фиқһ ілімін ауқымды ғылыми түрде жазып қалдырған адам. Сол секілді қоғамтану саласында мемлекетаралық қатынастар тақырыптарына арнап, «әс-сияр әл-кәбир» кітабын жазып шығарған. Бұл да жоғарыдағы ғалымдар секілді мужтаһид ғалым болып саналады.

4.Әл-Хасан әл-Лулуи. Толық аты-жөні әл-Хасан ибн Зияд әл-Лулуи әл-Куфи  жастайынан хадиске ден қойған кейін фиқһ іліміне ауысады. Атақты еңбектерінің бірі «әдәбу әл-Қадый», Куфа қаласында қазылық қызмет атқарған.

Ханафи мазһабының кең таралу себептері:

  • Шәкірттерің көптігінің арқасында оның берген пәтуалары кең көлемде бүкіл әлемге жайыла бастады.
  • Орнатқан фиқһ ережелері
  • Мемлекет тарапынан қолдау жасалған. Аббиситтер, Салжұқтар, Ғазнауилер, Осман халифаттары кезінде мемлекет ісінің негізгі бөлігі ханафи мазһабына сүйенді.
  • Ханафи мазһабы басқа мазһабтарға қарағанда жеңіл әрі негіздері берік.

Жоғарыдағы аталған мәліметтерден байқағанымыздай Ханафи мазһабының негізі ұлық пайғамбарымыз (с.а.у) мадақтаған дәуірге қайтады. Исламның бірінші ғасырында дүниеге келген, сахабалардың көзін көрген Әбу Ханифа ибн ән-Нұғманнан бастау алады. Бұл ұлы тізбек еш үзілместен біздің заманымызға шейін көптеген мүжтаһид ғалымдардың еңбектерімен жеткен орасан зор ауқымды ғылыми қор болып табылады. Сол себепті Ханафа мазһабы деп айтылғанда ол тек Әбу Ханифаның ғана ижтиһады емес, он ғасырдан астам өмір сүрген ғалымдардың еңбектерінің жиынтығы. Ақыл есі дұрыс, санасы ояу  әрбір мұсылман өзінің діни ұстанымында беріктілік, сенімділік болғанын қалайды. Бұл жерде он ғасырлық фиқһ базасы бар, жүздеген мужтаһид ғалымдардың еңбегі жиналған ислам мемлекетінің ресми мазһабы болған жолды таңдаған дұрыс па әлде бір ғасырдан асар аспас шашыраңқы негізі бар күмәнді ислам әлеміне белгісіз тұлғалардың негізін ұстанған дұрыс па?! Әлбетте дұрыс сана бірінші жолды ұстанары анық өйткені ол жолды сан ғасырлар бабаларымыз ұстанып келді.

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

 

 

[1] http://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B8%D1%8F%D1%81

[2] Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1

Return to Top ▲Return to Top ▲