Асыл сөздер


– Мама, Мама! Мен бүгін ас ішуге Машаның үйіне барсам болады ма? – деп Айша үйге жүгіре кірді.

– Сені шақырған оның мамасы ма? – деп төрдегі бөлмеден мамасы дауыстады.

– Иә, – деп жауап берді Айша. – Олар Машамен бірге мені түстік асқа шақырды. Оларда шошқа еті болмайды, олар біздің шошқа етін жемейтінімзді біледі, сондықтан оларда бүгін түстік аста қуырылған балық пен картоп.

– Жақсы, бара ғой, – деп мамасы рұқсат берді.

– Алақай! – деп айқайлап Айша қайтадан ауызғы есікке қарай жүгірді.

– Мен сені алып кетуге бір сағаттан кейін кіремін, – деді мамасы есікке қарай жүгірген қызына. – Бірге дүкенге барып саған киім аламыз.

Айша дарбазадан жүгіре шықты. Маша көрші тұратын. Бірер минуттан соң Айша Машаның үйінің жанында тұрды.

– Төрлет, – деді, терезеден досын көрген Маша.

Айша ас ішетін бөлмеге кірді.

– Бәрі жақсы, маған сендерден түскі тамақ ішуге рұқсат берді, – деді Айша.

– Тамаша, – деді Машаның шешесі.

– Мені мамам бір сағаттан кейін алып кететін болып уәделестік, біз дүкен жабылғанша үлгеруіміз керек.

– Мынаны қарашы! – деді Маша Айшаға.

Оның қолында жануарлар туралы кітаптың жаңа томы болатын. Кітап киттер жайлы екен. Кітаптың мұқабасында үлкен кеме мен оның жанында киттің суреті салынған. Қыздар ас үйдегі кілемге отырып кітаптағы суреттерді қарауға кірісті.

– Қыздар, ас дайын, қолдарыңды жуып дастарханға келіңдер, – деп Машаның мамасы оларды шақырды. – Маша, тоңазытқыштан сусын ала қойшы.

Сәлден соң, қолдарын жуып, қыздар дастархан басына отыра қойды. Маша стақандарға сусын құйып, ал оның мамасы қыздардың алдына екі үлкен тостаққа қуырылған балық пен буы бұрқыраған картоп салып берді.

– Рахмет, – деп Айша ризалығын білдіріп жатты.

Сосын ол: «Бисмилләһ», – деп тамақ жеуге кірісті.

– Ал балықтан соң шоколад жағылған балмұздақ жейсіңдер, – деді шешесі.

– Ура! – деді қуанып Маша. Бірақ ол кітабын тізесінен түсірместен әлі суреттерді қарап отырды.

– Маша, қолыңдағы кітапты қойып, тамақ іш, – деп мамасы ескерту жасады.

Маша қолындағы кітабын қимастан сөреге қойды да тамақ ішуге кірісті.

Тәтті тамақты жеп болысымен, мамасы дастархан басындағыларға балмұздақ бөлуге кірісе бастады. Сол кезде үйдің қоңырауы шырылдады. Бұл келген Айшаның мамасы болатын.

– Сәлем, Гүлнар, төрлет, – деп оны Машаның шешесі қуана қарсы алды. – Дастарханға отыр, біз балмұздақ жеуге жаңа кірістік. Әлде саған бірінші балық берейін бе?

– Жоқ, жоқ, рахмет, Катя,- деп Гүлнар рахметін айтты. Мен жаңа ғана тамақ ішіп алдым. Мен сенің сұраған кітаптарыңды алып келейін, деп ерте кірдім. Мүмкін сенің кітаптарға байланысты сұрақтарың болып қалар.

Катя орыстың жесір әйелі болатын, сондай-ақ бұл үйге жақында көшіп келген. Гүлнармен және басқа көрші мұсылмандармен танысып, өзі де Исламға қызыға бастаған және одан бастаушылар үшін оқуға әдебиет сұраған болатын.

– Рахмет, саған, Гүлнар, – деп Катя қуанып қалды. – Кішкене күте тұршы, мен қазір қыздарға шәй құйып берейін.

Ол қыздардың кеселеріне шәй құйып, алдарына балмұздақтың бөлігінен қойып, Айшаның мамасымен төрдегі диванға отыра кетті.

Қыздар дастархан басында жалғыз қалды. Айша: «Бисмилләһ», – деп балмұздағын жей бастады.

– Ол не? – деп сұрады Маша.

– Сен не туралы сұрап жатсың? – деп Айша түсінбеді.

– Мен сенің тамақ ішер алдында айтатын құпия сөздерің жайлы сұрап жатырмын, – деп түсіндірді Маша.

– Е, түсінікті, – деді Айша. Ол бір секундке ойланып. – Бұл дегеніміз: «Енді жей беруге болады», – деген сөз. Бұл арабша.

Сосын олар балмұздақ жеуін жалғастырды.

Бірер уақыттан соң Айша мамасымен, қонақжай үй иелерімен қоштасып, дүкенге кетті.

– Мен сенің Машаға берген жауабыңды естідім, – деді күлімдеп мамасы. – Сен шынымен-ақ «Бисмилләһ» деген «Енді жей беруге болады», деп ойлайсың ба?

– Әрине, – деді Айша. – Біз бұны әрқашан тамақ жердің алдында айтамыз.

– Бірақ та мен бұл сөздерді үйден шығарда да айтамын, – деді мамасы.

– Иә, шынымен-ақ солай, – деп ойланып қалды Айша.

– Ал «Әлхамдулилләһ», сөзінің мағынасы сеніңше қалай болады? – деп мамасы сөзін жалғастырды.

– Бұл болса өте жеңіл, – тезінен жауап берді Айша. – Бұл дегеніміз «тамаша», «өте жақсы» деген сөз.

Мамасы ұнатпаған сыңай танытып басын шайқады.

– Қызық екен, ал сен «Астағфируллаһ» деген сөздің мағынасын білесің бе?

– Білемін, деп ойлаймын, – деді Айша, бұл жолы даусында алғашқыдай сенімділік болмады. Мамасының жүзінің өзгергеніне қарай жауабының дәл еместігін аңғарып.

– Бұл дегеніміз «кешір» деген сөз шығар. Дегенмен, жоқ, бұл дегеніміз «нашар қыз» болар.

Мамасы күрсініп ойланып қалды. Сосын, бір нәрсе есіне түскендей күлді.

– Жауабың толық емес, – деп қызына қарап күлімдеді мамасы. – Саған бұл мәселеде кішкене көмек керек екен. Дегенмен, бұл сенің кінәң емес. Бұл жөнінде үйде сөйлесейік.

Гүлнар жолдасы екеуі Айшаға дін төңірегінде көп әңгімелер айтып түсіндіретін. Бұл сөздердің мағынасын қызына түсіндірмеуі мүмкін емес. Ал Айшаның бұл сөздердің мағынасын ұмытуы Гүлнарды қынжылтты. Үйде сөйлесейік дегені, Айшаның әкесі сол сөздердің мағынасын баланың есінен шықпастай байлап түсіндіріп береді деген ой еді.

Сол күннің кешінде Гүлнар жолдасымен сөйлесті.

– Біз бұл сөздердің мағынасын жақсылап түсіндіріп беруіміз керек, – деді ол. – Ал ол болса оларды айтып жүрсе де толық мағынасын білмейді. Мысалға Айша «Астағфируллаһ» дегенді «нашар қыз» деп ойлайды.

Әкесі күліп жіберді.

– Біз өзіміз ол бір нәрсе бүлдірген кезде «Астағфируллаһ» дейміз ғой. Бұл біздің кінәміз. Мен оған қазір бәрін дұрыстап түсіндіріп беремін.

Айша аулада әткеншекте тербеліп отырған болатын.

– Әке мені тербетші, – деді әкесін көрген қыз.

– Кәнеки, – деп әкесі әткеншектің арқанынан ұстады.

Ол «Бисмилләһ» деп әткеншекті тербете бастады. Әткеншек самғай жөнелді.

– Тамаша! – деп Айша қуанып айқайлады.

– Қызым, мен қазір неге «Бисмилләһ» деп айттым, сен соны білесің бе? – деп сұрады.

– Біз бұны бір іс бастар кезде әрдайым айтамыз, – деді Айша.

– Дұрыс айтасың. Демек сен бұның «мен жеуді бастадым», деген емес екендігін түсінген шығарсың?

– Әрине. Бұл дегеніміз «Мен бастадым».

– Жоқ, айналайын, – деді папасы. – Бұл сөзде саған таныс сөздер бар, арабтың «исми» дегені қазақтың «есім», не болмаса «ат» деген мағынасын береді. Бұл сөз біздің тілге арабшадан кірген. Байқайсың ба, өздері бір-біріне өте ұқсас «исми» және «есім», ал «бисми» дегені қазақша «есімімен», не болмаса «атымен» деген мағынада аударылады. Ал енді «Илләһ» деген сөз Аллаһ деген сөзден құралады. Сонымен маған «Бисмилләһ» сөзінің мағынасын айтшы.

– «Аллаһтың есімімен», не болмаса «Аллаһтың атымен», – деді Айша қуанғанынан көзі күлімдеп.

– Тамаша, – деді қызының түсінгеніне қуанған папасы. – Ал мағынасын дәлірек аударсақ «Аллаһтың атымен бастаймын» болады.

– Әке, сен кейбір кезде, мысалға Құран оқырдың алдында «Бисмилләһи Рахман Рахим», дейсің. Сонда сен неге «Рахман», «Рахим» сөздерін қосасың? – деп қызы сұрақ қоя бастады.

– Тамаша, – деді әкесі қызының осыны сұрағанына қуанып. – Рахман, Рахим дегеніміз Аллаһ Тағаланың Қамқор, Мейірімді, деген көп есімдерінің бірі.

– Папа, тоқтай тұр, мен түсіндім, – деп Айша тербеліп тұрған әткеншегінен секіріп түсті. – «Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен бастадым» болады.

– Әлхамдулилләһ, – деді қуанғанынан әкесі. – Ал сен болсаң «мен жеуді бастадым» дейсің.

Айша өзнің айтқан сөзінің күлкілі екендігін енді түсініп әкесімен қосыла күліп қайтадан әткеншегіне отырды.

– Мұсылмандар бұл сөзді кез-келген істі бастар алдында айтады, – деді әкесі сөзін жалғастырып. – Бұл сөздер адамға Аллаһ Тағала тарапынан үлкен көмк пен игілік. Сондықтан енді сен бір нәрсе бастасаң «Бисмилләһ» деп жай айтпай, Аллаһтың атын айтып бастауға ниеттенуің керек.

– Әке, сен жаңа менің жауабым дұрыс болған кезде «Әлхамдулиллаһ», дедің – деді Айша әткеншекте тербетілуін қайтадан бастап. – Демек ол сөзді бір нәрсе дұрыс болған кезде айтады ма?

– Бұл сөзді, тек бір нәрсе дұрыс болған кезде ғана емес қуанған кезде, барлық жақсы істер болып жатқан кезде айтады, – деді әкесі қызының сұрақтарына қуанып. – Сен өзің қалай ойлайсың бұл сөдің мағынасы не?

Айша ойланып қалды. Ол осы жолы дұрыс жауап бергісі келді. Оның көп ойланғаны сонша әткеншегі тоқтағанын байқамай да қалды. Бұл сөз «Фатиха» сүресінің басында кездеседі, ал әкесі болса оны бір кісіге түсіндіріп жатқанын естіген.

– Есіме түсті, есіме түсті, – деді қуанып Айша. – Бұл дегеніміз «Барлық мақтау Аллаһқа».

– Әлхамдулилләһ! – деп қуанды әкесі. – Дұрыс! Біз бұл сөзді бізбен біреу сәлемдесіп, халің қалай? – деп сұрағанда да айтамыз, яғни Аллаһқа көп шүкір, Оған мақтаулар болсын, жағдайым жақсы, деген сөз.

Әкесі біраз үндемей, қызының әткеншегін тербетті де әңгімесін жалғастырды.

– Ал егер сен бір нәрсені сындырып алсаң не деуің керек?

– «Астағфируллаһ»

– Ал бұл сөздер нені білдіреді?

– «Кешір», не осыған ұқсас сөздер шығар.

– Жобаң дұрыс. Дәлірек айтсақ «Аллаһ, кешір мені». Бұл сөзді егер сен бір нәрсені дұрыс істемесең айтуың керек.

– Дәл айтасың. Мен бұны білдім ғой!, – деді Айша.

– Сондай-ақ бұның мағынасы «Нашар қыз» емес, солай ма?

– Жоқ. Бірақ сендер мамам екеуің бұл сөзді мен бір нәрсе бүлдірген кезде айтасыңдар ғой, мінеки сондықтан мен бәрін шатастырып алдым.

– Білемін, білемін, – деді әкесі. – Бұл біздің қателігіміз, сондықтан бүгіннен бастап егер бұны біз тағы да дұрыс қолданбасақ онда бізді ескертіп отырасың, келістік пе?

Бұл Айша үшін жаңалық болды, демек әкем мен мамам да қателеседі екен. Әкесінің өзі қателессем түзет деп жатыр. Бұл ой Айшаға ұнады.

– Әрине, әке.

Әкесі күлімдеді.

– Ал мамаң саған бір нәрсені уәде бергенде не деу керек екендігін үйретіппе еді? – деп әкесі қызының жауабының толық болуын талап етті.

– Иншаллаһ, қателессеңдер түзетемін. Мен бұл сөздің мағынасын білемін, ол «Аллаһ жазса», не болмаса «Аллаһ қаласа» деген сөз – деп Айша әкесінің сұрағанын күтпестен тез сөйлей бастады, – Өткенде Бауыржан ағаның Мариямы босанғанда, ол қуанып «Иншаллаһ», деп айтып жатқанда, сен бұндай жағдайда «Әлхамдулиллаһ» дейді, ал «Иншаллаһ» деген «Аллаһ жазса», не «Аллаһ қаласа» деген мағынаны білдіреді, деп айтқаныңды естігенмін. Сонда мен Бауыржан ағаның: «Аллаһ қаласа, Мариям ұл туды», – деп айтқанының ерсі екендігіне күлген болатынмын.

Бұл уақытта әткеншек те тоқтаған болатын. Әкесі бұл сөздің Айшаның ойында осылайша байланғанына қуанды.

– Білесің бе, мен саған не ұсынғым келеді?

– Не?

– Біз былай келісейік: егер біз осы сөздерді керек кезінде айтуға ұмытып кетсек, не болмаса дұрыс қолданбасақ, сен біздің есімізге саласың, ал біз болсақ сенің есіңе салып отырамыз. Қалай келістік пе?

– Иншаллаһ, – деп Айша келіскендігін мақұлдады.

– Әлхамдулиллаһ! – деп әкесі өздерінің келісіміне қуанғандығын білдірді.

Осы уақытта Айша өзін ересек сезінді. Әрине, енді ол ата-анасына көмектесе алады. Олар да бұған алдағы уақытта қателеспеуге көмектеседі. Әкесі қызының арқасынан қақты.

– Ал енді үйге жүр, ақшам намазының уақыты келді.

– Бұл да еске алу ма, әке? – деді Айша.

– Иә, бұл да өзінше бір еске алу, – деді папасы.

Кешкі тамақтан кейін әкесі Айшаға өзі бір парақ қағазға жазып берген дұғаны оқуын айтты. Бәрі дастархан басына отырды. Тамақ әкелінген соң, Айша: «Бисмилләһ» деді де дұғаны оқи бастады. Ал қалғандары оның артынан қайталап отырды: «Аллаһумма, бәрик ләнә фи мә разақтәнә уа қинә азабан-нар» (аудармасы: «Иә Аллаһ, бізге бергеніңнің берекесін бер және бізді Тозақтың отынан сақта»).

Бұл кеште Айшаға тамақ ерекше тәтті сезілді.

 

Исмайл Құттықожаев.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲