ЖАРЫСА АЯТ ОҚУ, КӨЙЛЕК ТАРАТУ ысырапшылдыққа бастайды

Шүкір ете білуді өмірінің мәніндей көрген халқымызда қазіргі таңда ысырапшылдықтың кең етек жайып бара жатқаны ешкімге де құпия емес. Қарапайым мысал ретінде жаназа асына жайылатын дастарқанды келтіруге болады. Бүгінгі күні ас пен тойға жайылған дастарқанның айырмашылығын тану қиын. Марқұмды соңғы сапарға шығарарда көйлек, жыртыс тарату да осы ысырапшылдықтың бір көрінісі болса керек. Қоғамда қалыптасқан өзекті мәселе “Солтүстік Қазақстан” газетінің 2015 жылғы 8 қаңтардағы №3 санында жарияланған “Кісі жөнелткенде жарыса аят оқып, көйлек тарату тыйылмай тұр” деген мақалада көтерілді. Мақала авторы, Кәрібай Мұсырман кісі жерлеу кезінде зират басында жарыса аят оқу мен аста көйлек, жыртыс тарату мәселесін орынды қозғап отыр.

Шариғи ұстанымдарға келер болсақ, жаназа намазы марқұмның дүниеден өткенде тірілердің дұға қылып оқитын намазы. Бұл – парыз кифая. Парыздың өзі екіге бөлінеді: парыз айн және кифая. Біріншісі – әрбір мұсылманға жекелей парыз болған амалдар. Мысалы, намаз оқу, ораза ұстау сынды. Парыз кифая дегеніміз – мысалы, бір ауылдың ішінде мұсылмандардың бір тобы оқыса, қалған барлық мұсылмандардың мойнынан түсетін амал. Жаназа намазы парыздың осы түріне жатады.

Ал, кісі жөнелткенде төрт негізгі міндетке сүйенеміз. Олар: мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу және жерлеу. Міне, ертең Махшарда осы төрт міндет үшін Алла Тағаланың алдында әрбір пенде жауап береді. Бұдан басқа жаназа рәсімінде оқып жатқан Құран аяттары (бейіт басында не болмаса үйде), ас беру, нәфіл, яғни, қосымша амалдар болып саналады. Яғни, орындаса мұстахаб (мұстахаб дегеніміз – істесе сауап, істемесе күнәсі жоқ) амалдарға жатады. Мақалада мысал келтірілген жаназадағыдай қабір басында аятты ескі әдетпен оқу, дастарқан басында пакетке салынған көйлек яки жыртыс тарату міндетті амалдардың қатарына жатпайды.

Тіпті кейбір “молдалар” қабір басында “Мүлік” сүресін түгел оқу керек деген пікірде. Әрине, аят оқыған сауапты іс. Бірақ, аталмыш сүре екі жарым беттен тұрады. Оны тыңдап тұрған адамдардың жағдайын да ойлау керек. Марқұмды ақырғы сапарға шығарып салушылардың арасында қарттары да, жолаушылары мен сырқаты бар адамдар да болуы мүмкін. Осыны ескеріп, жаназада қабір басында қысқа сүре оқып тарқаса, нұр үстіне нұр.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): “Жеңілдетіңдер, әсте ауырлатпаңдар, қуантыңдар, адамдарды қайғыға салмаңдар” деп ескертеді. Себебі, Алла барлық парыз қылған ғибадат түріне жеңілдіктер беріп қойған. Мәселен, төрт бастан тұратын намазды жолаушы екі бас етіп қысқартып оқиды. Ораза ұстаған жолаушыға да, жолға шыққан күндері аузын бекітпей, басқа күндері ұстауына рұқсат етілген. Олай болса, жаназада нәфіл болған Құран бағыштауда неге жеңілдік жасалмасқа? Тіпті, намаздың үстінде “Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар”, – деп, Алла Тағала құлдарына осындай жеңілдік берген.

Ал көйлек, жыртыс тарату мәселесіне келер болсақ, облыс бойынша өкіл имам Кенжетай қажы Байкемелұлының бастамасымен біріздендіру жұмысы жүріп жатыр. Облыс, қала және аудан мешіттерінде кісі жөнелткенде өткізілетін діни рәсімдерде жыртыс таратуға тыйым салынды. Бас имамның тапсырмасымен, әсіресе, марқұмның жаназасында, жетісінде, қырқында, жыл дұғаларында жыртыс таратпаудың артықшылықтары жөнінде уағыз-насихат жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, бұл жоралғы орындалмай қалса, “Жұрттан менің қай жерім кем?!” деп күйзелетін адамдар да кездеседі. Десе де, осы мәселе турасында дін қызметкерлерінен ақыл-кеңес сұрап келетіндер де жоқ емес. Имамдардың айтқанына құлақ түріп, ешкімге қажеті жоқ, матаға кететін қаражатты мұқтаж жандарға таратып жатқандары да, осы істі дұрыс деп санайтындары да бар.

Аталмыш жоралғы ертеде сыйлы аталарымыз дүниеден озғанда олардың киімдерін тәбәрік етіп, шүберек қылып, жыртып таратқан сәттен туындағанын ұмытпаған жөн. Кей жағдайда киімдерін жетім-жесір жандарға сауап үшін үлестіріп берген. Осылайша, марқұмның заттары текке қалып, ысырап болуынан сақтанған. Сондай-ақ, жасын берсін немесе көзіндей көріп жүрсін деп ырымдап та алған. Ал қазіргі таңда мақалада айтылғандай көршілес елдің сапасы төмен, бағасы арзан, бүгінде ешкім кимейтін көйлегін, жылтыраған матасын сатып алып, таратқаннан ешқандай пайда жоқ. Керісінше, сол жыртысқа (ол мейлі, орамал, тақия, жайнамаз болсын) кеткен қаражатты жетім балалар үйіне, не болмаса, жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде марқұмның атынан үлестірсе, сауабы түгесілмейтін амал болып табылады. Әйтпегенде, түкке қажеті жоқ жыртысқа кеткен қыруар қаржы ысырап болады. Алла Тағала ысырап жайында Құранда: “Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер, шын мәнінде Алла ысырап етушілерді сүймейді”, – деп ескертеді.

Олай болса, елдегі бірлікті сақтай отырып, қай істе болсын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық, ағайын!

Әбілхан ЖӘПІШЕВ,

Петропавл қалалық “Нұр”

мешітінің бас имамы.

Return to Top ▲Return to Top ▲