Жомарттық

«Жомарт – халыққа, жұмаққа, Аллаһ тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң – халықтан, жұмақтан, Аллаһ тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын»

(Хадис)

Жаратушыға тән ұлық есімдердің бірі – жомарттық. Ол адам баласының игілігіне не нәрсені де сұратпай-ақ үйіп-төгіп берген. Біз күнді сұрадық па? Айды, ауаны, суды, топырақты сұрадық па? Жеміс-жидек, тіршілік шарттарын, денсаулықты, тағы басқаны сұрадық па? Сұратпай-ақ бізге керектінің бәрін Өзі берген, Абайша айтқанда «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған». Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өте жомарт жан болған. Ол алуды емес, үнемі беруді ұнатқан. Хадистерінде береген қолдың – алаған қолға қарағанда жоғары тұратындығын айтқан. Ол біреу бір нәрсе сұраса, өзінде болмай қалған кездің өзінде кейін тауып беруге уәде ететін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әсіресе, Рамазан айында өте-мөте жомарттық жасаған. Садақаны көп үлестіріп, жоқ-жітіктерге қолынан келгенше қарасатын. Онда: «Өзіме жетпей қалады-ау» деген ой атымен болмайтын. Бірақ жомарттықта ешқашан ысырапшылық пен дарақылыққа жол бермеген. Әйгілі әл-Фараби бабамыздан: «Жомарттық деген не?» деп сұралғанда, «Ол – ысырап пен сараңдықтың ортасы»,– деп әдемі жауап бергені белгілі. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көріп өскен сахабалар да аса бір дархан мінезділікпен өмір сүрді. Шайтан оларды дүниеге қызықтыра алмады. Әбу Талха сияқты сахабалар өздері жоқшылық қысып аш отырғанына қарамастан қонағын тойындырды. Жарлы болса да, жомарт мінезділігімен үлгі көрсетті.
Жомарттық – қазақтың төл мінезі. «Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, ертесі жүген ұстап отыра беретіні де» сол мінезінен.
Ертеде бір хан өзінен өткен Атымтай деген жомарт барын естіп, қызғаныштан соның басын әкелуге жендетін жіберіпті. Есесіне мол сый-сияпат бермек бопты. Жендет арып-ашып келе жатса, бір жақсы кісі жолығып үйіне апарып бір апта әбден күтіпті. Қатты разы болған әлгі жігіт қайтпақ боп қамданып, өзінің не шаруамен жүргенін айтқанда, әлгі кісі қуанып: «Сен іздеген Атымтай мен болам. Жолың боп тұр жігітім, міне басым, кесіп ал да апарып беріп сыйлығыңды ала ғой»,– деп басын тосыпты. Қатты ұялған жендет кешірім сұрап, кері қайтыпты. Келген бойда ханға көрген-білгенін айтып: «Оның басын алғызғанша мына менің-ақ басымды алыңыз»,– депті. Сонда ойланған хан: «Ойпыр-ай, өз басын кесіп беріп жіберуге де бейіл бұл не деген жомарттық! Қой, онымен таласқаным орынсыз болар. Мен өзімді қанша жерден қолым ашық десем де, біреуге өз жанымды қиятындай жомарт емеспін ғой»,– деп ақылға келген екен.

Қайрат Жолдыбайұлы

Return to Top ▲Return to Top ▲