ТҮРКИЯДА «ТӨТЕНШЕ» ЖИЫН ӨТТІ

Ыстамбулда Ислам ынтымақтастық ұйымы атқарушы комитетінің министрлер деңгейіндегі төтенше жиыны өтті. Оған аталған ұйымның бас хатшысы Э.Ихсаноглу, Сомали президенті Ш.Ахмед, Түркия премьер-министрі Р.Ердоған, сонымен қатар осы ұйымға мүше елдердің министрлері қатысты.

Төтенше жиынның мақсаты белгілі, аштыққа ұшырап жатқан Сомали халқына тез арада жәрдем беру. Өйткені жедел көмек берілмесе, қазіргі таңда Сомали қиын жағдайда қалып отыр.

Аталған жиында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов сөз сөйледі.

– Африка мүйісіндегі бірқатар аумақтарда қуаңшылықтың салдарынан азық-түлік тапшылығы орын алуда. «60 жылдың ішіндегі ең ауыры» болып есептелетін бұл қуаңшылық Сомалиде, Эфиопияда және Кенияда байқалып тұр. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 12 миллионнан астам халықтың тіршілігіне қауіп төнуде. Африка мүйісі маңайындағы және ондағы елдер, соның ішінде Джибути, Судан, Оңтүстік Судан елдері және Уганданың бірқатар бөлігі, азық-түлік тапшылығына ұшырып отыр.

Бірақ ең күрделі жағдай Сомалиде орын алып, оның оңтүстігіндегі 2, 8 млн халық аштықты, қиыншылықты бастан кешіруде. Алдағы айларда әлемде дағдарыс қиындай түседі деген болжам бар. Кең ауқымды деңгейде көмек көрсету әрекеті кем дегенде 2011 жылдың желтоқсан айына дейін қажет етеді. Сондықтан аталған елдің халқын аман алып қалу біздің ұйымның жауапкершілігі деп білемін. Астанада өткен ИЫҰ-ның министрлік кездесуінде Сомалидегі жағдайға қатысты жағдайды шешу және осы елге арналған Сенім қорын құру туралы ИЫҰ екі дербес қарар қабылдағаны белгілі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мүше мемлекеттерге ИЫҰ азық-түлік қауіпсіздігі бойынша қауырт көмек көрсету мен қуаңшылыққа қарсы ұзақ мерзімді қор құруды ұсынған болатын. Біздің еліміз қасиетті Рамазан айында Бас хатшының Сомалидегі ашаршылыққа ұшырап жатқан халыққа көмек көрсетуге кең ауқымда атсалысу жөніндегі ұсынысын үлкен ықыласпен қолдады. Бұл – ислам тілектестігінің ізгі көрінісі. Біздің кездесуіміздің мақсаты -мүше мемлекеттерді гуманитарлық операцияға іс жүзінде көмек көрсетуге ынталандыру болды. Сонымен бірге, ИЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, мемлекеттік емес ұйымдарына және қарапайым халыққа Сомалидегі қуаңшылыққа ұшырағандарға нақты және үлкен көмек көрсеткендері үшін зор алғысымды айтқым келеді. Сөзімді аяқтай келе, ИЫҰ СІМК төрағасы ретінде, біздің Сомалимен бірге тілектестігімізді көрсететін ортақ күш-жігерімізде бас қосуға мүмкіншілік берген осы маңызды кездесуді уақтылы ұйымдастырғаны үшін Түркия үкіметіне жоғары баға бере отырып, жеке түрде жоғары мәртебелі Ресеп Тайп Ердоган мырзаға және Ахмет Давутоғлу мырзаға ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов.

Кездесудің нәтижесі бойынша аталған елдің берекелі болашағын құру жөніндегі міндеттемелерді айқындайтын қорытынды коммюнике қабылданды.

Қазіргі таңда Сомалиге Сауд Арабиясы 60 миллион, Түркия 37,7, Иран 25, Кувейт 10 миллион доллар аудару жөнінде шешім қабылдады. Ал Судан 100 мың доллар, Қазақстан 500 мың доллардай көмек көрсетпек.

Еркін ҚАЛДАН

www.aikyn.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲