Өлең мен ән тыңдау

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар. (Абай)

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген[1]. Алла Тағала Құран Кәрімде ақындар жайында:

وَالشُّعَرَاءُ يَتَّبِعُهُمُ الْغَاوُونَ (224) أَلَمْ تَرَ أَنَّهُمْ فِي كُلِّ وَادٍ يَهِيمُونَ (225) وَأَنَّهُمْ يَقُولُونَ مَا لَا يَفْعَلُونَ (226) إِلَّا الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَذَكَرُوا اللَّهَ كَثِيرًا وَانْتَصَرُوا مِنْ بَعْدِ مَا ظُلِمُوا وَسَيَعْلَمُ الَّذِينَ ظَلَمُوا أَيَّ مُنْقَلَبٍ يَنْقَلِبُونَ

        «Ал шайырларға (ақындар) келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайып, бетімен кеткен азғындар ғана ереді. Олардың сезімге беріліп, (бірде жақсылықты жырласа, бірде жамандықты жырлап, бірде мақтау, бірде даттау жаудырып) сай-салада бет бетімен лағып жүретінін көрмеймісің. Сондай-ақ олар өздері істемейтін істерді сөз қылады. Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алып, оған көп құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін ақындардың жөні бөлек (яғни, дін дұшпандары өзіне, (дініне, пайғамбарға немесе діндес бауырларына тіл тигізгенде, қарап қалмайтын от ауызды, орақ тілді жүрегінің түгі бар ақындардың жөні бөлек). Ал (шайтан мен нәпсінің жетігінде кетіп өздеріне һәм өзгелерге зұлымдық қылғандар (және адасқан ақындар) болса, өздерінің ақырын не боларын, әрі қандай  төңкерісті бастан кешіретіндіктерін әлі-ақ біледі»[2].

         Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бір хадисінде:

عَنْ الرُّبَيِّعِ بِنْتِ مُعَوِّذٍ قَالَتْ دَخَلَ عَلَيَّ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ غَدَاةَ بُنِيَ عَلَيَّ فَجَلَسَ عَلَى فِرَاشِي كَمَجْلِسِكَ مِنِّي وَجُوَيْرِيَاتٌ يَضْرِبْنَ بِالدُّفِّ يَنْدُبْنَ مَنْ قُتِلَ مِنْ آبَائِهِنَّ يَوْمَ بَدْرٍ حَتَّى قَالَتْ جَارِيَةٌ وَفِينَا نَبِيٌّ يَعْلَمُ مَا فِي غَدٍ فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا تَقُولِي هَكَذَا وَقُولِي مَا كُنْتِ تَقُولِينَ

Муғаууиз қызы Рубайғдан риуаят етілді. (Алла Тағала одан разы болсын!). Ол былай деді: Неке түнімнің ертесіне маған Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  кірді. Сөйтіп сенің отырған жеріңдей арақашықтықта менің төсегіме отырды. Жанымда кішкентай қыздар даңғара (тамбурин) шалып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жатыр еді. Іштеріндегі бір қыз: «Біздің арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр деген» еді, Пайғамбарымыз(Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай деп айтпа, не айтып жатқан болсаң соны жалғастыр»,  – деді[3].

Егер жалпылай музыка аспабы харам болғанда Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  ондай жерде отырмас еді.

Басқа хадисте:

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا دَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَعِنْدِي جَارِيَتَانِ تُغَنِّيَانِ بِغِنَاءِ بُعَاثَ فَاضْطَجَعَ عَلَى الْفِرَاشِ وَحَوَّلَ وَجْهَهُ فَدَخَلَ أَبُو بَكْرٍ فَانْتَهَرَنِي وَقَالَ مِزْمَارَةُ الشَّيْطَانِ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَقْبَلَ عَلَيْهِ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ دَعْهُمَا فَلَمَّا غَفَلَ غَمَزْتُهُمَا فَخَرَجَتَا قَالَتْ وَكَانَ يَوْمُ عِيدٍ يَلْعَبُ السُّودَانُ بِالدَّرَقِ وَالْحِرَابِ فَإِمَّا سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَإِمَّا قَالَ تَشْتَهِينَ تَنْظُرِينَ فَقَالَتْ نَعَمْ فَأَقَامَنِي وَرَاءَهُ خَدِّي عَلَى خَدِّهِ وَيَقُولُ دُونَكُمْ بَنِي أَرْفِدَةَ حَتَّى إِذَا مَلِلْتُ قَالَ حَسْبُكِ قُلْتُ نَعَمْ قَالَ فَاذْهَبِي

«Бір күні маған Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  кірген еді. Жанымда екі (кішкентай) қыз (немесе күң) «Буғас» өлеңін айтып жатқан болатын. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  төсекке жатты да, жүзін ары қаратты. Сосын Әбу Бәкір (Алла Тағала одан разы болсын) кірді де: «Алла Елшісінің жанында шайтанның сырнайы ма?» – деп маған ренжи сөйледі. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  оған қарай жүзін бұрды да: «Оларға тиіспе», деді. Ол (Әбу Бәкір Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бен сөйлесіп) бізге қарамай тұрғанда мен оларға ишарат етіп едім олар шығып кетті. Бұл күн айт күні болғандықтан қара нәсілділер (Басқа риуаятта олардың эфиопиялық мұсылмандар екендігі білдірілген) «қылыш-қалқан» биін билеп жатыр еді. Мен өзім Алла Елшісінен (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  сұрадым ба, жоқ әлде ол өзі «Тамашалағың келеді ме?» деп айтты ма есімде жоқ. Мен «Әрине» дедім. Ол мені өзінің артына тұрғызды. Бетім оның бетіне таянған күйде болды. Сосын ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Уә, Әрфида ұрпақтары, қанеки!» – деді. Мен жалыққанға дейін осылай тұрдық. Сосын менен «Жетеді ма?» – деп сұрады. Мен: «Иә», – деген едім, «Олай болса, жүре бер» – деді»[4].

Хадисте Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  әуен аспабының сүйемелінде айтылған әнді тыңдаған, тіпті, Әбу Бәкірдің «Шайтанның сырнайы Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жанында ма?» – деп кейіс білдіре қызы Айшаға айтқан ренішін құптамай, «Оларға тиіспе!» – деп ескертуі  зияны жоқ әуеннің харам еместігіне дәлел. Бұған қоса хадисте Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «қылыш-қалқан» биін билегендерді «қанеки!» деп қолдауы – шариғатқа қайшы емес ойын-сауықтардың дұрыстығына дәлел бола алады.

Алайда өлең мәтінінде Алланың харам еткен заттарын халалға шығарып, күнәға батуға итермелейтін сөздер болса, харам шеңберіне кіріп кетуі мүмкін. Сол секілді өлең тыңдау арқылы Алланың парыз еткен құлшылықтары кешіктіріліп немесе орындалмай жатса, күнәға батады.Осы орайда өлең-жырдың шамадан тыс адам бойына демдеп кетуі аса қауіпті екенін Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мына хадисінде қатаң түрде ескерткен:

لِأَنْ يَمْتَلِئَ جَوْفَ أَحَدِكُمْ قَيْحاً حَتَّى يُرِيَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَمْتَلِئَ شِعْراً

«Сендердің қайсы бірлерің іштерін тек өлең-жырмен толтырғанынан іріңмен толтырғаны абзалырақ»[5], – деген. Бұл адам өмірі тек өлең-жырға құмартумен өтпеуі тиіс дегенді білдіреді.

Ғалымдар арасында музыкаға байланысты пікірдің әртүрлі болуының себебі – музыканы тыңдағанда және айтқандағы ниетке байланысты. Бұл жерде музыканың тікелей өзіне емес оның орындалу тәсіліне, мазмұнына мән берген жөн. Егер музыка сіздің құлшылығыңызға, жақсы амалдарыңызға, еңбек етуіңізге кедергі болса, бүкіл есіл-дертіңіз соған ауған кезде харам шеңберіне кіресіз. Ал егер керісінше сізге жақсы игі амалдар жасауға шабыт біріп, сізді сергітсе, құлшылық жасауға кедергі болмаса, еш айыбы жоқ.

Абайдың:

«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй»– дегеніндей, кейбір әуендердің адам жанына берер азығы мол.

Бабаларымыз әнге, әуенге құмар болғанымен өмірдің мәні ретінде қарамаған. Дәстүріміздегі өлең-жырлар тәрбие, өнеге, білім тетігі болып келген. Кей кезде сағаттап айтылған уағыздан төрт-бес шумақ діни жырдың әсері көбірек болатыны да жасырын емес.

Мұсылман ақындар

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде ақиқатты жырлайтын күміс көмей, жез таңдай ақындар болған. Олар Алланың бірлігін жырлап, Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілікті дәріптеген. Әрі сол уақытта мүшрік ақындарға да тойтарыс берген. Солардың бірегейін атар болсақ: Хасан ибн Сәбит, Кағб ибн Мәлик, Абдулла ибн Рауаха. Исламды ұлықтап жырлаған бұл ақындарды Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына тартып, ерекше құрметтеген. Ақындықтарымен қатар Пайғамбарымыздан (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір елі қалмай ғазауаттарында бірге болған талай хадистерді риуаят еткен.


Return to Top ▲Return to Top ▲