Мұсылман адамның бір күндік жоспары

       Мұсылман адамның ісінде тәртіп болмаса, жоғарғы мақсаттарға жете алмайды, өмірінің де мәні кетеді. Мұсылман адам санасында екі жоспары бар: бірі – күнделікті оқуына, жұмысына байланысты өзгеріп тұратын жоспар, екіншісі – санасында қалыптасқан өзгермейтін мұсылман адамға тән жоспар. Адам күнделікті жоспарын бір күн бұрын кешкі уақытта белгілеп қойғаны абзал. Қолмен жазылып, көзбен бекітіліп, дыбыстап оқылып құлақпен тыңдалған жоспардың шешімі жылдамырақ болмақ. Кешкі уақытта жасалған жоспарлар көп жағдайда адам ұйықтап жатқан кезде де өз шешімін іздестіріп жатады. Адам оянған кезде, не болмаса түннің бір уақытында керемет идеялар келіп, мәселені оп-оңай шешіп кетуі мүмкін.

        Ертеңгі күнге жоспар құру барысында А,B,C,D жүйесі бойынша жоспар құру ең танымал жоспарлардың бірі. Сізге негізгі 60-70 %  пайда әкелетін істі А деп белгілейсіз, олар бірнешеу болса А1, А2 деп белігілейсіз. Бұл істерді сіз сол күні істеуіңіз қажет. Егер ол күні істемесеңіз сіз ұтылудасыз, өзіңізге зиян келтіргеніңіз.  Екінші сатыда 20-30 % пайда әкелетін істер кіреді. Бұл өз кезегінде істелгені абзал, бірақ бүгін жасалмаса сізге үлкен зиян келтірмеуі мүмкін, бірақ ол ертеңгі күннің міндетті амалдарына кіреді. Үшінші сатыдағы амалдарға істегені абзал, бірақ істемесеңіз сізге жақын күндері зиян келтірмейтін амалдар. Бірақ болашақта ол қажетті амалдарға кіруі мүмкін. Төртінші сатыға сізге пайдасы бар, бірақ болашақта еш зияны жоқ амалдар кіреді. Алғашқы екеуіне міндетті түрде уақыт қойылуы қажет. Уақыт қояр сәтте ол істің маңыздылығын, күрделілігін және алатын уақытын ескергенің жөн.

         Бір күндік жоспардың мысалы. Мұсылман адам үшін өзгермейтін күнделікті жоспарға келетін болсақ, ол оның рухани істері оған да темірдей тәртіп қажет. Қазақ мәтелінде «Сөздің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма» дейді. Ия, адам күнін Аллаға мадақ айтумен бастаса, ол күні істеген істің де берекесі мол болмақ. Мадақ айтудың ең жоғарғы деңгейі – ол бес уақыт намазға мұқият болу. Адам күнін осы намазбен бастайды және намазбен аяқтайды.

        1-Бес уақыт намазға мән беру. Намаз – Ислам дініндегі ғибадаттардың шыңы. Жаратушы мен құлдың арасын байланыстырушы негізгі көпір. Бұл көпірдің берік болуы үшін де тәртіп қажет. Намаз мұсылман үшін тек белгілі әрекеттерден, айтылатын дұғалардан құралған құлшылық түрі болмау керек. Намаз адамға шабыт, күш беретін қасиетке айналмайынша намазды толық орындай алмаймыз. Намаз оқығаннан кейін адам жаңаша серпіліс алып, күнделікті ісіне белсенді кірісуі керек. Адамның жұмысының алға баспауы оның денесінің қалжырағандығынан емес, көп жағдайда адамға рухани серпіліс жетіңкіремейді.  Адам әр намаздың уақытында оқылуына, сүннеттерінің толық болуына, намаздарының жамағатпен оқылуына мән беруі қажет.

          2-Күнделікті дұғалар. Дұға – мұсылман қорғаны, сол себепті әр кез таңертең оянғанда, жұмысқа шығарда, ұйықтар алдында т.б кезеңдерде дұғада болуы – сауапты іс. Намаздан және басқа да құлшылықтардан кейін өзіңізге, жанұяңызға, жақындарыңызға дұға жасауды әдетке айналдырыңыз.

Күнделікті оқылатын дұғалар :

Таңертең ұйқыдан тұрғанда оқылатын дұға:

اَلْحَمْدُ ِللهِ الَّذِى اَحْيَاناَ بَعْدَ مَا اَمَاتَنَا وَاِلَيْهِ النُّشُورُ

Оқылуы: «Әлхамдулилләһи әлләзи ахяна баъда мә әмәтәнә уә иләиһин-нушур».

Мағынасы: «Өлгеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мадақ болғай! Өлгеннен кейін қайта тірілуіміз тек Оған ғана тән».

Төсекке жатқанда оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ بِاسْمِكَ اَمُوتُ وَاَحْيَا

Оқылуы: «Аллаһуммә бисмикә әмуту уә әхя».

Мағынасы: «Аллаһым! Тек Сенің есіміңмен өлеміз және тірілеміз».

Уайым-қайғыдан құтылу үшін оқылатын дұға:

ياَ حَىُّ يَا قَيُّومُ بِرَحْمَتِكَ اَسْتَغِيثُ

Оқылуы: «Я хайю, я қайюуму. Бирахматика әстағису».

Мағынасы: «Уа, мәңгі тірі тұрушы және әр нәрсені толық меңгеруші Раббым! Сенің мейіріміңе сиынып, сенен жәрдем тілеймін».

Қатты қиналғанда оқылатын дұға:

لاَ اِلَهَ اِلاَّ اَنْتَ سُبْحَانَكَ اِنِّى كُنْتُ مِنَ الظَّالِمِينَ

Оқылуы: «Лә иләһә иллә әнтә. Субханәкә, инни кунту миназ-залимин».

Мағынасы: «Сенен басқа Тәңір жоқ. Сені кемшілік атаулыдан пәктеймін. Расында, мен өз-өзіме зұлымдық етушілерден болдым».

Үйден шығарда оқылатын дұға:

بِسْمِ اللهِ تَوَكَّلْتُ عَلَى اللهِ، وَلاَ حَوْلَ وَلاَ قُوَّةَ اِلاَّ بِاللهِ

Оқылуы: «Бисмилләһи, тәуәккәлту ала Аллаһи, уә лә хәулә, уә лә қууата иллә билләһи».

Мағынасы: «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Күш-қуат тек Алладан».

Бір нәрсе жоғалтқанда оқылатын дұға:

عَسَى رَبُّنَا اَنْ يُبْدِلَنَا خَيْرًا مِنْهَا اِنَّا اِلَى رَبِّنَا رَاغِبُونَ

Оқылуы: «Аса Раббунә ән юбдиләнә хайран минһә, инна илә Раббина рағибун».

Мағынасы: «Раббымыз бізге бұдан да жақсысын береді. мүмкін. Расында, біз Раббымызға бет бұрдық».

Ас ішерде оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِيمَا رَزَقْتَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ بِاسْمِ اللهِ

Оқылуы: «Аллаһумма бәрик ләнә фимә разақтәнә уа қина азәбәннар, бисмилләһи».

Мағынасы: «Аллаһым! Бізге берген ризық-несібелеріңе береке бер және бізді от азабынан сақтай гөр! Аллаһтың есімімен».

Астан кейін оқылатын дұға:

اَلْحَمْدُ ِللهِ الَّذِى اَطْعَمَنِى هَذَا وَرَزَقَنِيهِ مِنْ غَيْرِ حَوْلٍ مِنِّى وَلاَ قُوَّةٍ

Оқылуы: «Әлхамдулилләһилләзи атамани һәзә, уә разақаниһи мин ғайри хаулин минни уә лә қууатин»

Мағынасы: «Менен ешбір күш-қуат жұмсамай бұл тағамды жегізген және оны маған ризық етіп берген Аллаға мадақ болғай».

 Жақсы түс көру үшін оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ اِنِّى اَسْئَلُكَ رُؤْيًا صَالِحَةً صَادِقَةً غَيْرَ كَاذِبَةٍ نَافِعَةٍ غَيْرَ ضَارَّةٍ

Оқылуы: «Аллаһумма инни әс-әлукә руян салихатән, садиқанғайра кәзибатин, нәфиатин ғайра дарратин».

Мағынасы: «Аллаһым сенен шын салиқалы жалғандықтан ада, пайдалы, залалы болмайтын түс (көруімді) сұраймын».

Ауызашар дұғасы:

ذَهَبَ الظَّمَأُ وَابْتَلَّتِ الْعُرُوقُ وَثَبَتَ اْلاَجْرُ اِنْ شَاءَ اللهُ تَعَالَى

Оқылуы: «Зәһәбәз-замау уәбталлатил-уруқу уә сәбәтәл әжру. Инша Аллаһу Таала».

Мағынасы: «Шөл басылып тамырларға қан тарады. Сауап та Алла Тағаланың қалауымен орнықты».

Жұма күні таңертең оқылатын дұға:

اَسْتَغْفِرُ اللهَ الَّذِى لاَ اِلَهَ اِلاَّ هُوَ الْحَىُّ الْقَيُّومُ وَاَتُوبُ اِلَيْهِ

Оқылуы: «Астағфируллаһәлләзи лә иләһә иллә һуәл хайюл қайиуму уә әтубу иләйһи».

Мағынасы: «Өзінен басқа ешбір тәңір болмаған, әрдайым тірі, әр нәрсені толық басқарып тұрушы Алладан күнәларыма кешірім сұраймын және оған тәубе етемін».

Ұйқысыздық кезінде оқылатын дұға:

اَعُوذُ بِعِزَّةِ اللهِ وَبِقُدْرَتِهِ مِنْ شَرِّ مَا اَجِدُ وَ اُحَاذِرُ

Оқылуы: «Аъузу би иззәтилләһи уә би қудратиһи мин шәрри мә әжиду уә ухазиру».

Мағынасы: «Тартқан азабым мен мазасыздығымның жаманшылығынан Аллаһтың ұлықтығы мен құдіретіне сиынамын».

Әжетханаға кірерде оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ اِنِّى اَعُوذُ بِكَ مِنَ الْخُبْثِ وَالْخَبَائِثِ

Оқылуы: «Аллаһумма инни аъузубикә минәл хубси уәл хабаиси».

Мағынасы: «Уа, Алла! Жын-шайтанның кесапаттарынан және барша жамандықтардан Өзіңе сиынамын. Мені олардан қорғай гөр».

Әжетханадан шығарда оқылатын дұға:

اَلْحَمْدُ ِللهِ الَّذِى اَذْهَبَ عَنِّى اْلاَذَى وَعَافَانِى

Қазақша оқылуы: «Әлхамдулилләһилләзи әзһәбә анил-әзә уә афани».

Мағынасы: «Жанымды азаптайтын қиыншылықтан құтқарып, маған амандық пен саулық берген Алла Тағалаға мадақ болғай».

Намаздан кейін оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ أَعِنِّى عَلَى ذِكْرِكَ وَشُكْرِكَ وَحُسْنِ عِبَادَتِكَ

Оқылуы: «Аллаһуммә аинни алә зикрикә уә шүкрикә уә хусни ибадәтикә».

Мағынасы: «Уа, Алла! Өзіңді еске алуға, Өзіңе шүкіршілік етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге маған жәрдем ете гөр».

Жаңбыр жауғанда оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ صَيِّبًا نَافِعًا

Оқылуы: «Аллаһуммә сайибән нәфиған».

Мағынасы: «Уа, Алла! Нөсерлетіп пайдалы жаңбыр жаудыр».

Садақа бергенде оқылатын дұға:

رَبَّنَا تَقَبَّلْ مِنَّا اِنَّكَ اَنْتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ

Оқылуы: «Раббанә тақаббәл миннә иннәкә әнтәссәмиғул алим».

Мағынасы: «Раббымыз бізден қабыл ет! Күдіксіз Сен естушісің және білушісің».

Әлдебір шығынға ұшырағанда оқылатын дұға:

عَسَى رَبُّنَا اَنْ يُبْدِلَنَا خَيْرًا مِنْهَا اِنَّا اِلَى رَبِّنَا رَاغِبُونَ

Оқылуы: «Аса Раббуна ән юбди ләнә хайран минһә иннә илә раббинә рағибун».

Мағынасы: «Алла бізге оның орнына одан да жақсысын береді. Біз Раббымызды қалаймыз».

Шипа үшін оқылатын дұға:

اَللَّهُمَّ رَبَّ النَّاسِ مُذْهِبَ الْيَأْسِ اِشْفِ اَنْتَ الشَّافِى لاَ شَافِىَ اِلاَّ اَنْتَ اِشْفِ شِفَاءً لاَ يُغَادِرُ سَقَمًا

Оқылуы: «Аллаһумма раббан нәси музһибәл яси. Ишфи әнтә әш-шәфи лә шәфия иллә әнтә. Ишфи шифә-ән лә юғадиру сәқәмән».

Мағынасы: «Уа, адамзаттың Раббы! Қиындықты жоюшы. Дерттерге шипа беруші. Өзіңнен басқа шипа беруші жоқ. Ауру-сырқат түгілі аурудың ізі де қалмайтындай шипа бере гөр».

        3-Құран оқу: Құран – әлемдердің Раббысының нұры, Оның құлдарына деген тура жолы, әрбір мұсылманның өмірдегі темірқазығы, аяттарына ой жүгіртіп ойлану – құлшылық. Оның әмірлеріне бойұсыну – уәжіп. Мүмін үшін үздіксіз келіп тұратын ризық. Құран есіктерін ашқан сайын мұсылман үшін білім есіктері ашыла түседі. Әр ашқан есігінде баға жетпес нығмет бар. Мұсылмандар үшін шипа. Одан алыстаған адам рухани ауруға шалдығады. Құран оқудың негізгі пайдаларына тоқталар болсақ:

–         Санасы тазарады;

–         Құранды жаттаған адамның жаттау қабілеті шыңдалып, есте сақтау қабілеті артады.

–         Құранмен жолдас болған адамның жүрегі тыныш табады;

–         Адамға қуаныш сыйлайды;

–         Құран аяттарының мағынасына мән бере оқыған адамның жүріс-тұрысында оң өзгерістер байқалады;

–         Ризығы кеңейіп берекесі артады;

–         Жүзінде нұр пайда болып, басқа адамдар тартылады;

–         Алланың алдында мәртебесі өседі;

–         Жаман ойлардан арылады;

–         Қиямет күні Құранның шапағаты нәсіп болады.

       4-Бір хадис оқу.  Ұстазыңыз ұсынған бір хадис кітабын таңдап, күнделікті бір хадисті оқып амал етсеңіз, пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін орындаған боласыз.

        Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннетін білу – әрбір мұсылман үшін баға жетпес қазына. Аптаның бір күнінде жаңа хадистерді оқып оған күнделікті өміріңізде амал етсеңіз өміріңіз гүлденіп, береке есіктері айқара ашылар еді.

          Садақа беру.  Садақа тек ақшалай ғана жүзеге аспайды. Жолдан бір тасты болсын алып тастауыңыз, мұсылман бауырыңызға күлімдеп амандасуыңыз сіздің садақа бергеніңіз.

Садақа берудің 10 пайдасы бар: осы дүниедегі 5 пайдасы:

1.       Мал-дүниені тазартады;

2.       Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» «Садақа тәкәппарлықты жояды» .

3.       Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» .

4.       Мұқтаж жанды қуантады;

5.       Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді:

«Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» .

       Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы:

1.       Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» .

2.       Тозақтан құтқарады:

3.       Таразыда сауабы басым болады;

4.       Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ;

5.       Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

        Жақындарымен байланысу хал-жағдайын сұрасып тұру. Алла Тағаланың осы дүниеде адам баласына берген сыйлықтарының бірі – бұл ағайын-туыстары. Жылағанда жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің,  қуанғанда қуанышыңды бөлісетін,  өкпелесек  назыңды көтеріп  қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз  ғана.  Адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық.

Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған.  Әйгілі ағартушы, ғалымы Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады».Сондықтанда бала тәрбиесінде туыс-туғандарға деген мейрімділік, жанашырлық көрсетіп тәрбиелеу басты міндет. Себебі туысқандық қарым-қатынасты нығайту дініміздегі негізгі қағидалардан, ал олармен қарым-қатынасты үзу дінімізде қатаң тиым салынған істерден болады. Жалпы Жаратқаннан шынымен қорқатындар туысқанын сыйлап, олармен тығыз байланыста болғандар.

Туыстық қарым-қатынасты бекем сақтаған ағайындылар мына пайданы көреді:

1. Алла ризалығына ие болады. Өйткені Алла туысқа қарайласуды әмір еткен.

2. Туысын қуантса, жақсы амал болып жазылады.Себебі, Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифте «Ең жоғарғы амал – бір мүминді қуанту» деп бұйырған.

3. Періштелердің қуануына жол ашады.

4. Мұсылмандардың мадақтарын алады.

5. Лағнет етілген шайтанды қуады.

6. Өмірін ұзартады.

7. Рызығы берекеттенеді.

8. Өлілерді қуантады. Туыстарына қарайласқанда ата-бабалары қуанады.

9.Туыстар арасында сүйіспеншілік артады. Өйткені адамның басына қиыншылық келген кезден емес қуаныш болған кезде бірге бөліскен заманда сүйіспеншілік артуына себеп болады.

10. Өлімнен кейін сауап алуына себеп болады. Туыстары жақсылықтарын айтып, еске алады және дуа жасайды.

Олай болса, ағайын арасындағы ынтымақты арттырып, туыстық байланысқа бекем болайық, ардақты ағайын!

        Жұмысқа деген ұқыптылық. Кәсібіңізде сәтті болғанды қаласаңыз, әрдайым өзіңіздің біліміңізді дамытуға тырысыңыз. Жаһандық өзгерістер мен жаңа технологиялардан хабардар болуыңыз оны игеруіңіз сізді табысты қызметкерлер қатарынан қылады. Біліп қойыңыз жұмысқа уақытында баруыңыз, жұмыс барысында жұмысқа қатысы жоқ істермен айналыспауыңыз сіздің мұсылмандық міндетіңіз. Сізге мемлекет немесе белгілі мекеме тарапынан жалақы бөлінгендіктен сол мекемеге тиесілі уақытта жұмысқа еш қатысы жоқ іспен айналысуыңыз қиянат болып саналады.

        Кітап оқу. Егер адам күніне он бес минутын кітап оқуға арнаса бір айда бір кітап, жылына 12 кітап тамамдайды. Жылына он екі кітапты оқып, тоқыған адамның ой өрісі, орташа айкюі әлдеқайда жоғары болмақ.

         Тілдің кесапаттарынан емделу. Он пәленің тоғызы тілден деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Әр адам тілден қателеседі. Біреу мақтаншақ, біреу сөзіне өтірік қосып сөйлейді, енді біру уәде бергіш, біреулер бар ант-су ішкіш, бәз біреулер бар адамның қадір-қасиетін айтамын деп асыра дәріптейді. Адамның ғайбат айтуы, өсек тасуы, боқ-ауыз сөзді қолдануы, келеке етуі осы тіл кесапаттарына кіреді.

        Екінші күнге жоспар құру. Екінші күнге жоспарды бір күн бұрын құрған абзалырақ. Өзіңіздің жеке жоспарларға арналған күнделігіңіз болса, сол күні атқаруы тиіс біраз істеріңіз жазулы екенін көресіз. Жоспарды толықтырып, істің күрделігіге, маңыздылығын ескере отыры, уақыттарын белгілейсіз. 

Арасына жоспардан тыс тосын істерге орай бос уақытқа да орын калдыруыңыз қажет. Оның мөлшерін орташа бір жұмадағы бес күндік жұмыста қанша мәрте осындай жағдайларға тап болдыңыз соның уақытын есептеп беске бөліп сол шыққан уақытты күнделікті жұмыс жоспарында тосын жағдайларға арналған уақыт деп қалдырасыз. Егер бір күні ондай тосын істер орын алмаған жағдайда үлгермеген істеріңізді немесе ертеңгі істеріңізді жасаумен айналысасыз.  

Return to Top ▲Return to Top ▲