Білімді адамға берілген 10 қасиет

       Сүннетке сәйкес, ғылым, даналық – мұсылманның жоғалтқаны, оны қайдан болса да табу қажет. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өзінің бір хадисінде: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз»,  – деген. Бұл хадис шариғи һәм зайырлы білім алуды әрбір ер мен әйелге бірдей парыз екенін білдіреді. Сол үшін де шынайы мұсылман өмірінде діни білімнің де, зайырлы білімнің де алатын орны ерекше. «Тек діни білім алу парыз, ал зайырлы білім маңызды емес» – деген қате түсінік. Себебі, бізден бұрын өткен мұсылман ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын меңгерген. Қазіргі таңда озық мұсылманға діни білім мен зайырлы білімді ұштастырса, алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ және адал жолмен ризығын табуына, ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады.

       Білімді адамға берілген он қасиет:     

1)Білімділер пайғамбарлардың мирасқорлары: Егер сен бұл заманда ілім алушылардан немесе ілім берушілерден болсаң, пайғамбарлардың мирасқорлары деген мәртебеге жеткенің. Бұл турасында пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ اْلأنْبِياءِ، إِنَّ اْلأَنْبِياءَ لَمْ يُورِثُوا دِيناراً وَلَا دِرْهَماً إِنَّمَا وَرَثُوا الْعِلْمَ فَمَنْ أَخَذَهُ أَخَذَ بِحَظٍّ وافِرٍ.

Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды.Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені .

2) Ілім таусылмайтын қазына, дүние қолдың кірі: Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге апаратын оның дүние-мүлкі емес, бәлкім оның артында қалдырған білім қазынасы. Сахабалардың ішіндегі Әбу Һурайра ең кедей сахабалардың бірі еді, тіпті кейде қарны қатты ашқанынан құлап қалатын кездері болатын. Алайда оның есімі пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мүбарак хадистерін келтіргенде жиі қайталанады. Осы орайда Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде былай деп айтылған:

  إِذَا مَاتَ اْلِإنْسَانُ، اِنْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثِ، صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٌ صَالِحٌ يَدْعُو لَهُ

«Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жәрия берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салихалы ұрпағы» .

3-Ілім қарауылға мұқтаж емес:

Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алған адам жиған ілімі біреудің қолында кетеді деп еш уайым шекпейді, оған қарауыл қоймайды,  құлыптамайды, өйткені ілімнің мекені ол жүрек. Жүрегін күнәмен ластамаса ол ілім оны ешуақытта тәрк етпейді. Ал дүние жиған адам болса, сол тірнектеп жинаған байлығын біреу қолды ете ме деп күні-түні уайымдап, соны сақтап қалудың қамын ойласа, ілім адамды өмір бойы неше-түрлі қауіп қатерден сақтайды.

4-Ғалымдар туралыққа куәлік беруші Алланың сүйікті құлдары:

Бұл турасында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

شَهِدَ اللَّهُ أَنَّهُ لَا إِلَـٰهَ إِلَّا هُوَ وَالْمَلَائِكَةُ وَأُولُو الْعِلْمِ قَائِمًا بِالْقِسْطِ

«Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып, (осынау ақиқатқа куәлік етті)»  .

Алла және оның періштелерінен кейін ғалымдардың куәлік беруі –  ғалымдарға берген Алланың үлкен сыйы, әрі мәртебесі.

5-Алла ғалымдарға бағынуды әмір етеді:

Алла Тағала адам баласын ең алдымен өзіне және пайғамбарына (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және әмір иелеріне бағынуды бұйырады. Оған дәлел Алла  Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنكُمْ ۖ

«Уа иман еткендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар» .

Құран аятында келген «Улул амр» (басшы) жайында ғалымдарымыз  «олар ел басқарған  басшылар мен үммет ғалымдары», – деген.

6-Алла кімге қайыр қаласа, ғұламалардан етеді:

Адамның Алла разылығы үшін ілім жолына түсуі оған деген Жаратушының ерекше ілтипатынының нышаны. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мүбарак хадисінде:

مَنْ يُرِدِ اللَّهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ فِي الدِّينِ

«Алла егер кімге қайыр қаласа дін ілімін үйретеді» , – деген.

7-Ілім жолы жәннатқа апарар жол:

Ілім жолына түскен пенденің Алла Тағала жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді. Оған дәлел пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі:

وَمَنْ سَلَكَ طَرِيقاً يَلْتَمِسُ فِيهِ عِلْماً سَهَّلَ اللهُ بِهِ طَريقاً إِلَي الْجَنَّةِ

«Кімде-кім ілім алу мақсатында жолға шығатын болса, оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді» , – делінген.

8- Ілім иелері ақыретте де, дүниеде де дәрежесі жоғары болады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ ۚ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» , – деген. 

Білімді адамның дәрежесі ақыретте биік болғандай бұл дүниеде мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтатады. Ол бейне қараңғы қапаста шырақ ұстаған адам секілді.

9- Ғалымдар Алладан шынайы түрде қорқады.

Раббысын танып, Алла алдындағы өзінің міндетін түсінген адамның Аллаға деген қорқынышы да көбірек болады. Ақиқат ілімінен дәм татқан аталмыш пенденің харам істерге баруға қарсы иммунитеті қалыптасады. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ ۗ

«Шынында Алладан құлдарының арасында тек ғұламалар ғана шынайы қорқады»  , – деу арқылы ғалымдардың шынайы тақуа құлдар екенін меңзеуде.

10-Ғалымдар мен қарапайым адамдар арасындағы алшақтық:

Алла Тағала қасиетті Құран аятында:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ ۗ

«Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп, айт,  – делінген. Білімділер мен білімсіздердің ара жігін пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)мына хадисі айқын баяндап тұр:

فَضْلُ الْعَالِمِ عَلَى الْعَابِدِ كَفَضْلِي عَلَى أَدْنَاكُمْ

«Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді» .

Құрметті бауырым!

–         Аллаға деген сеніміңде селкеу болмасын, сенімінде селкеуі бар жастар болашаққа сенімді қадам баса алмайды;

–         Ар-абыройыңды, ожданыңды үлкен күнә жасаумен кірлетпе, оны жуып-шаю өте қиын;

–         Сен тек жеке қарныңның қамын ойлаумен шектеліп қалма, айналаңа да пайдаң тисін;

–         Күнделікті жаңа нәрсені үйренуге жалықпа! Жеті қаруың сай болғанда ғана мына өмірдің әртүрлі сынақтарына төтеп бере аласың. Үйренуді әдетке айналдырған адам күн өткен сайын қадыр-қасиеті артады;

–         Бойдақтық өмір сен үшін өте қауіпті, тек үйленумен ғана нәпсіңді тежей аласың. Ерте үйленген адамның санасы да ерте жетіледі;

–         Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру жастық кезеңде аяқталуы тиіс;

–         Жас кезіңде ілімнің немесе кәсіптің бір түрінде маман атануың ләзім.

Return to Top ▲Return to Top ▲