Үшінші хадис: Ихсан деген не?

أَنْ تَعْبُدَ اللَّهَ كَأنَّكَ تَرَاهُ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فإِنَّهُ يَرَاكَ

Оқылуы: «Ән таъбудаллаһа кә-әннәкә тәрааһу, фа-ин ләм тәкун тәрааһу фа-иннәһу яраак».

Аудармасы: Аллаға көріп тұрғандай құлшылық қыл, сен Оны көрмесең де Ол сені әрбайым көріп тұр.

(Бұхари хадистер жинағы)

Құрметті Алланың құлы! Жоғарыдағы хадисте келгендей ихсан ол Аллаға көріп тұрғандай құлшылық қылу, өзіңді Раббыңның құзырында тұрғандай сезінуіңді айтады. Иә, Алла сенің істеріңнен ғана емес, ойларыңнан, сезімдеріңнен хабардар. Ол ерніңнің қыбырлағанын да, иненің жасуындай-ақ кіп-кішкентай жәндіктің жыбырлағанын да біледі. Алла, тіпті, құмырсқалардың да аяқ сыбдырын естиді, көзге көрінбейтін ең әлсіз тіршілік иелерін де көреді.

Егер саған мектептегі ұстазың бүгін сабағымызды басынан аяғына дейін елдің президенті бақылайды десе, сен қандай күйде болар едің? Әрине өзіңді басқаша ұстар едің, сөйлеген сөзіңе, жүріс-тұрысыңа мән беретін едің, өйткені сен ел президентінің назарына ілінгенді қалайсың…

Сол секілді біз де әр сәт Алланың бақылауындамыз, әр сөзіміз, әрекетіміз Алланың назарында. Мұсылман адам қандай да бір істі қолға алғанда оны соңына дейін апарып, көркем түрде жасайды. Мейлі ол дүниелік іс, ақыреттік іс болсын, өйткені мұсылман үшін дүние де ақырет те маңызды, құстың екі қанаты секілді.

Бір істі мойнына алса, ерекше жауапкершілікпен қарайды және оны уақытында сапалы, кемеліне келтіріп орындауға тырысады. Оны тек жалақы, атақ-абырой үшін орындамайды. Бір іс жасарда тек жалақыны мақсат ету – ол құлдық сана сезімдегі адамның әрекетінен. Адам алдына әрдайым жоғары мақсаттар қоя білуі тиіс. Алдына жоғары мақсаттар қоя білген адам ғана жетістікке жетеді.

19-ғасырда өмір сүрген американдық философ Джон Дьюи «Мақсатты тек азат, ерікті адам қоя біледі, құл мақсат қоя алмайды» – деген екен. Демек, ерікті тұлға мен еркі жоқ адамның айырмашылығы да олардың мақсаттарында жатыр. Сол себепті де құл өз әрекеттерінің мәнді болуына еш мүдделі емес, өз жұмысының нәтижесі де оны қызықтыра қоймайды. Оған бәрібір: іс атқарылып жатыр ма, жоқ па?! Құлға ең бастысы –  уақыт өтсе болғаны.  Берілген уақытты пайдаға асыруға емес, керісінше жылдам өткізіп, сол уақытқа бөлінген напақасын алуға көбірек мүдделі.

Сүт сатушы қыздың оқиғасы

       Хазреті Омардың (Алла одан разы болсын) ел билеген заманында халықтың арасында сүтке су араластырып сатушылар көбейгендіктен олардың әрекеттерін айыптап, ондай істің харам екендігі жайлы жарғы шығарады. Бірде түн жамылып елдің жағдайынан хабар алмақшы болып көшеде келе жатады. Бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, іштегі анасы мен қызының әңгімесін құлағы шалып қалады.

Анасы:
– Кәне қызым, тұрып сүтке бiраз су араластыр.
Қызы:
– Халифаның сүтке су қосып сатуға тыйым салғанын бiлмейсiз бе?
Анасы:
– Иә, бiлемiн.
Қызы:
– Олай болса, халифа тыйым салған нәрсенi қалай орындаймын.
Анасы:
– Тұр да сүтке су қос, Омар сенi қайдан көрсiн.
Қызы:
– Омар көрмесе де, Алла көрiп тұр ғой, ант етiп айтамын: мен Омар көретiн жерде жасамайтын iсiмдi, ол көре алмайтын жерде де жасамаймын. Халифа бiлмеуi мүмкiн, бiрақ Алла әрдайым бiздi көрiп, сөздерiмiздi естiп, ойларымызды бiлiп тұр ғой. Ертеңгi күнi Алла сұрақ етсе, мұның жауабын қалай беремiз? – деп анасына наразылық бiлдiрiптi қыз.

Осы сөздерден әсерленген Омар дереу үйіне балаларын жинап: « Сендердің қайсы бірің сүт сатушының қызына үйленесіңдер?», -деді. Балалары үндемеді. Сонда Омардың өзі Құдай ақы, егер сендерден ешкім ол қызға үйленгісі келмесе, оған Өзім үйленейін дегенде,  Омардың Асим деген баласы әкесінің батасымен ол қызға үйленеді. Олар бақытты ғұмыр кешеді. Екеулерінен Ләйлә есімді қыз бала дүниеге келді. Ол қызға Маруанның ұлы АбдулАзиз үйленеді. Осы қыздан Умауилердің халифаларының бірі, әділдігімен танылған  Омар ибн Абдул Азиз һижри жыл санауы бойынша (61-101) дүниеге келеді. Осылайша хазреті Омар (Алла одан разы болсын) ұрпағының текті болуына мән беріп Өзінің Асим деген баласын аманатқа берік болған сүт сатушының қызына үйлендіреді.

Түйіндеме:

Шынайы сезім болмаса,

Бәрі бекер.

Өзіңе бір пайда жоқ,

Күнің өтер.

Сезінген күні-түні Хақтың барын

Міне пенде мұратына сонда жетер.

Он сегіз мың ғалам Алла назарында

Көрсетеді жұмақтың ғажабын да

Күнәң болса тозаңның салмағындай

Берілері ол анық жазаның да.

Return to Top ▲Return to Top ▲