РАМАЗАН- ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЙЫ

Қайырымдылық – адамның бойындағы  ізгі қасиеттерден.  Айналадағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді.

Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), екіншісі — іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды «қайырымды адам» дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды «қайырымсыз» деп атайды. Қайырымдылықты – мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайыр садақа берумен де көрініс табады.

لَّيْسَ عَلَيْكَ هُدَاهُمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ يَهْدِي مَن يَشَاءُ ۗ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَلِأَنفُسِكُمْ ۚ وَمَا تُنفِقُونَ إِلَّا ابْتِغَاءَ وَجْهِ اللَّهِ ۚ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْ لَا تُظْلَمُونَ

«(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)»[1].

Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Бұл жайында қазақ халқының салт-дәстүрінің сонау белестерінде де көптеп айтылған.

«Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің», –  демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен. Шағырай шешен өз кезегінде:

Өзін ғана ойлаған,

Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.

Үлгілі сөз білмеген,

Надандықтың белгісі.

Бар-жоғына қарамас,

Анық жомарт, ер кісі.

Осы өлең жолдарымен адам санасына жомарттықтың қандай екенін жеткізген. Қоғамда да  күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің  мәніне үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – дегенін  ұмытпайық. Бес күндік пәни дүниеде қайырлы іс жасап, көп балалы отбасына, балалар үйіне, қарттар үйіне аса көңіл бөлейік.

   Қасиетті Құранда:

فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ ۗ وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَىٰ ۖ قُلْ إِصْلَاحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ ۖ وَإِن تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ ۚ وَاللَّهُ يَعْلَمُ الْمُفْسِدَ مِنَ الْمُصْلِحِ ۚ وَلَوْ شَاءَ اللَّهُ لَأَعْنَتَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Сенен жетімдер туралы да сұрайды. Оларды пайдалы және жақсылап жетілдіру қайырлы іс. Егер олармен бір жерде өмір сүрсеңіз, олар сіздің бауырларыңыз. Алла жетімдерге қамқор (болмақ) болғандар мен пасықтық жасағандарды біледі»[2], – деп мәлімделген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға — іні) боламыз», — деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен.

Пайғамбарымыз ﷺ өз хадисінде:

إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلا مِنْ ثَلاثَةٍ : إِلا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: Садақа жария, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ»[3]дегенін жеткізеді.

Рамазан айында сенің ең жомарт болатын кезеңін Алланың саған берген дүниесінің бір бөлігін пақырларға, кедейлерге, жетім-жесірлерге беруің өміріңде жасаған ең тиімді саудаң.

كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ع أَجْوَدَ النَّاسِ وَكَانَ أَجْوَدُ مَا يَكُونُ فِي رَمَضَانَ

  «Пайғамбарымыз адамдардың ішінде ең қайырымдысы еді, ал рамазан келгенде ерекше қайырымдылық танытатын»[4].

   Садақ беру арқылы адам Алланың ашуынан алыс болады. Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде:

   وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады»[5].

Алла разылығы үшін садақа берсең өзің жақсы көрген нәрседен садақа беруіміз қажет. Алла Тағала ол жайында:

لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады»[6].

Ораза кезінде ауыз аштыру – қайырымдылық амалдарының бірі. Ауыз аштырған кісі ораза ұстаған кісідей сауап алады. Сахаба Зәйд ибн Халид әл-Жуһани  пайғамбарымыздың ﷺ  былай деп айтқандығын жеткізеді:

 مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ 

«Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады»[7].

Алла разылығы үшін шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын Алла еселеп береді. Бұған қатысты аяттарда:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّائَةُ حَبَّةٍ ۗ وَاللَّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاءُ ۗ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші»[8] .

Басқа аятта:

مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» [9]

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ …

«Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады»[10].

Қазақ халқы ежелден қайырымдылықты қастерлі ұғым ретінде санап келген. Айлардың сұлтаны болған әр ісімізге шексіз сауаптар жазылған қасиетті айда жасаған игі амалдарымызды Алла қабыл етсін!


[1] «Бақара» сүресі, 272-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 220-аят.

[3] Муслим хадистер жинағы.

[4] Бұхари хадистер жинағы.

[5] Тирмизи хадистер жинағы

[6] «Әли-Имран» сүресі, 92-аят.

[7] Тирмизи хадистер жинағы

[8] «Бақара» сүресі, 261-аят.

[9] «Әнғам» сүресі, 160-аят.

[10] «Сәбә» сүресі, 39-аят.

Return to Top ▲Return to Top ▲