РАМАЗАН – ҰЛЫ ЖЕҢІСТЕР АЙЫ

Ұлық айдың ғажайыптары көп. Бұл айда жасалған әрбір жақсылықтың орны ерекше. Имам Бәйһақи таратқан риуаятта Пайғамбар ﷺ:

لو يَعَلَم العِبادُ مَا في رَمَضَان  لَتَمَنت أُمَتي أَن تَكُونَ السَنَةُ كُلَهَا رَمَضَان

«Егер Алланың пенделері осы айдың берекесі мен артықшылығын білсе, рамазан айының жыл бойы болғанын қалар еді»[1], – деп берекелі айдың баға жетпес биік мәртебесін анықтап берген.

Ислам тарихында нақ осы Рамазан айында мұсылмандар көптеген жеңістерге қол жеткізген. Солардың ең біріншісі – Ислам тарихындағы ең алғашқы жеңіс Бәдір шайқасы болатын. Бұл имандылық пен күпірліктің алғаш рет бетпе-бет келген кезі. Бәдір шайқасы Пайғамбар ﷺ Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін екінші жылы рамазан айының екісі күні орын алды. Бұл шайқас туралы былай баяндалы.

Бәдір шайқасы

Алланың Елшісі ﷺ Мәдина қаласының жанындағы керуен жолынан Меккедегі құрайыш тайпасының сауда керуені өтетіндігін біледі. Аталған  керуенде Меккеден хижрет (жер аударған) сахабалардың дүние мүлкі бар еді. Өздерінің адал дүние мүліктерін кері қайтару үшін Пайғамбарымыз ﷺ керуенге қарай бет бұруды әмір етеді.

Алайда Әбу Суфиян мұсылмандардың жоспарларын біліп қалып, Меккедегі құрайыштықтардан қарулы көмек шақыртып алады да, өзі басқа жолмен өтіп кетеді. Сөйтіп, мүшріктер керуені мұсылмандардың құрған торынан сытылып кетеді. Әбу Суфиян аттанар алдында керуенді мұсылмандардан қорғау үшін келген меккелік жасақтарды қайтарып жібереді.

Дегенмен, меккелік мүшріктердің әскербасы Әбу Жәһл Бәдірде той-думандатып, арақ-шарап ішіп, үш күн боламыз деп шешеді. Мақсаты – мұсылмандар мен басқа араб тайпаларына қыр көрсету.

Арада көп уақыт өтпей Мәдинадан Пайғамбар ﷺ бастаған мұсылман әскері шығады. Мұсылман жасағының құрамында 316 жауынгер, 70 түйе, 3 ат болады. Ал мүшріктердің әскерінде 950 жауынгер, 700 түйе, 100 ат бар еді.

Екі әскер жолыққан шақта шайқас басталады. Алла Тағала мұсылмандардың жүректерін орнықтыру үшін көмекші періштелер жібереді. Ақырында иләһи қолдаудың арқасында мүміндер тобы жеңіске жетеді. Мұсылмандардан он төрт жауынгер шәһид болады, ал мүшріктерден жетпісі жер жастанып, тағы жетпісі тұтқынға түседі. Осы жолы Алланың дұшпаны Әбу Жәһл мен құрайыш тайпасының кейбір шонжарлары өлім құшады. Алла Тағала бұл оқиға туралы:

وَلَقَدْ نَصَرَكُمُ اللَّهُ بِبَدْرٍ وَأَنتُمْ أَذِلَّةٌ ۖ فَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Алла сендерді Бәдірде өте аз болғандарыңда да жеңіске жеткізген еді. Алладан қорқыңдар, бәлкім, шүкір етерсіңдер.[2]


            Осы оқиға арқылы мұсылмандар жеңістің әскер мен қару-жарақтың көптігімен емес, тек бір Алланың қалауымен ғана болатындығын жете түсінді. Бұл кейінгі мұсылмандарға да үлкен сабақ болды. Қара қылды қақ жарған әділ халифа Омар ибн Хаттаб (р.а): «Біз ешкімді күш-қуатпен, қарумен жеңбейміз. Біздің басты қаруымыз – Аллаға деген иманымыз, тақуалығымыз», – деген.

Меккенің ашылуы

Ислам тарихындағы ең үлкен жеңіс – Меккенің мұсылмандардың қолына өтуі десек қателеспейміз. Өйткені Қасиетті Мекке қаласының мұсылмандардың қолына өтуі ең шешуші шайқас, ең үлкен жетістік. Осы жеңісі арқылы Алланың Елшісі ﷺ қасиетті қаланы көпқұдайшылдардан азат етіп, пұт тастарынан тазартты.

Алла Тағала бұл ұлы жеңіс туралы Насыр сүресінде:

﴿إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ ﴿١﴾ وَرَأَيْتَ النَّاسَ يَدْخُلُونَ فِي دِينِ اللَّهِ أَفْوَاجًا ﴿٢﴾ فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَاسْتَغْفِرْهُ ۚ إِنَّهُ كَانَ تَوَّابًا ٣﴾

 «Егер Алланың көмегі мен жеңісі келгенде адамдардың Алланың дініне топ-топ болып кіргендерін көресің. Сонда Раббыңды пәктеп, кешірім тіле, шындығында, Ол тәубені қабыл алғыш»[3] – деген.

Айн Джалут соғысындағы ұлы жеңіс

Айн Джалут – Палестинадағы Назарет қаласының маңындағы елді мекен. Байсан қаласының солтүстік-батыс жағында, Джалут өзенінің бойында орналасқан. Осы елді мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі. Құтыз сарбаздарының саны қырық мыңдай, Кетбұқа ноян әскері шамамен он мың болатын. Һижраның 658 жылы рамазан айының 15-і күні, яғни 1260 жылдың 3 қыркүйегінде таңертең екі жақ шайқас алаңында бетпе-бет келеді. Мұңғұл әскерінің алдына ақбоз ат мініп, мұңғұл әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақта шұбар ат мініп, Құтыз сұлтан тұрады.  Тарихшылар шайқас мұңғұлдардың ұранымен басталғанын жазады. Әл-Мақризи: «Мұсылмандардың жүрегінде үлкен қорқыныш бар еді», – дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып, шайқасқа кіруге белгі береді.  Кескілескен ұрыстан соң Құтыз мәмлүктері мұңғұл әскерінің сол қанаты мен ортасынан бөліп, сол қанатын толық қоршауға алады. Сөйтіп, сан жағынан аз мұңғұл әскері екіге бөлініп, қоршауда қалады. Мұңғұл жаяу әскерін мәмлүк атты әскері қуып жүріп қырады. Сол күні мұңғұл әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген мұңғұлдар Палестина жерінде жусап қалады.[4] 
         Дініміздің тарихында мұсылман жауынгерлерінің рамазан айында қол жеткізген бұдан да басқа жеңістері көп болған. Мысалы, һижраның 91-жылы рамазан айында мұсылман әскерлері Испанияға кіреді. Ал келесі 92-жылы рамазан айында мұсылман қолбасшысы Тариқ ибн Зияд өзінің аздаған әскерімен Испания королінің мыңдаған әскерін талқандайды.

Һижраның 584-жылы рамазан айында мұсылмандар айбынды қолбасшы Салахуддин Аййубидің басшылығымен Құдыс қаласын крест жорықшыларынан азат етеді.

Мүбәрак ай тарихта осындай жеңістермен айшықталыпты.


[1] Байһақи хадистер жинағы.

[2] «Әли-Имран» сүресі, 123-аят.

[3] «Наср» сүресі.

[4] https://e-history.kz/kz/publications/view/1455

Return to Top ▲Return to Top ▲