ОРАЗАНЫ БҰЗАТЫН ЖӘНЕ БҰЗБАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР

Бір істі көркем түрде жасауға бел буған адам осы жолда аянбай еңбек етері белгілі. Оразаның да өзіндік шарттары, міндеттемелері, әдептері бар.Ораза басталар алдында біліміңізді жаңартып, фиқһ кітаптарына үңілгеніңіз абзал. 

Біріншіден: Оразаны не бұзбайды?!

1. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;

2. Ұйқыдан жүніп болып ояну;

3. Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;

4. Әйеліне қолын тигізбесе де оған қарағанда шәһуәты қозып, бірақ мәни шықпаса;

5. Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;

6. Аузына келген қақырықты жұту;

7. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;

8. Құлаққа су кіру, бұлық ағу;

9. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;

10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды;

11. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;

12. Қан алдыру немесе сүлік салдыру;

13. Көзге, құлаққа дәрі тамызу;

14. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;

15. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;

16. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;

17. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны не бұзады? 

1.Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;

2. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;

3. Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; 

Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».

4.Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейінгі аралықта, аузы берік кезінде жақындасу оразаны бұзады);

5.Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

6.Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай қатарынан күн салмай ораза ұстау, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады). 

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?

 Жолаушы (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды);

 Жүктілік пен бала емізу (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса, ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады);

 Ауру-сырқау (сенімді дәрігер оразаныңденсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты зерттепайтса, жазылған соң ұстауға болады);

 Кәрілік (қарттыққа ұласқан кісі ораза ұстауғаденсаулығы көтермейтін болса, бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе тәубе етеді);– Хайыз (етеккір) бен нифас (әйел кісі ораза кезінде етеккір көрсе немесе босанса ораза бұзылады. Мұндай жағдайда тоқтаған соң қазасын өтейді). 

Оразада жиі қойылатын сұрақтар

С: Ислам дініндегі оразаның үкімі қандай?

Ж: Рамазан айында ораза тұту әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар»,  деген. Рамазан айынан басқа уақытта тұтылған ораза ерікті болып есептеледі. Мұнан өзге міндетті ораза түріне нәзір (серт) етіп, бірақ уақытында тұта алмаған ерікті оразаның қазасы ғана жатады. Ораза араб тілінде саум деп аталады.

С: Саум – ораза сөзінің анықтамасы қандай?

Ж: Саум араб тілінде барлық нәрседен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішуден, жеуден және төсек қатынасынан тыйылу.

С: Жағдайларына байланысты ораза тұта алмаған жолаушы немесе науқас қайтыс болып кетсе, сол ораза мойнында қарыз болады ма?

Ж: Жоқ, қарыз болмайды.

С: Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазаларын тұтулары керек пе?

Ж: Иә, тұтуға тиісті.

С: Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа адамға ораза тұтпауға рұқсат жоқ па?

Ж: Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауларына болады. Бірақ кейін қазасын өтеулері парыз.

С: Рамазан айында кімге ораза тұтуға рұқсат етілмейді?

Ж: Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

С: Рамазаннан кейін қазаларын тұта ма?

Ж: Иә, ораза тұтпаған күндерінің қазасын өтеуі тиіс.

С: Ораза тұтпай, қазасын да өтемей, оның орнына фидия беруге бола ма?

Ж: Өте кәрі кісілерге ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады.

С: Өте кәрілер деген кімдер?

Ж: Рамазан айында да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер.

С: Рамазан айы кезінде балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам не істеуі қажет?

Ж: Олар оразаның қалған күндерін тұтады.

С: Мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұтуы керек пе?

Ж: Ол күннің қазасын тұту шарт емес.

С: Рамазан айында есінен танған адамның үкімі қандай?

Ж: Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, күндіз есі ауса бұл күннің қазасын өтеу парыз емес. Есінен тануы көпке созылса, айыққан соң кейінгі күндердің қазаларын өтейді.

С: Рамазан айында жынды адамның ақылы кірсе не істейді?

Ж: Қалғанын тұтып, өткен күндерінің қазасын өтейді.

С: Рамазан айында күндіз оразаға ниеттенбеген жолаушы оқыс үйіне оралса немесе етеккірі бар әйелдің етеккірі тоқтаса не істейді?

Ж: Бұл рамазан айының құрметі үшін сол күннің қалған бөлігін тұтады.

С: Оразаның мәкруһтері қандай?

Ж: Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады. Әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі (Баласын тамақтандырудың басқа лажын таппаса,солай істеуіне болады) мәкруһ. 

 С: Рамазан айының қазасын үздіксіз түрде тұту керек пе?

Ж: Үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз жалғастырып тұтады.

С: Келесі рамазан айы келгенше кешіктірсе не істейді?

Ж: Бірінші келіп тұрған рамазан оразасын тұтады. Бұл рамазаннан соң алдыңғы рамазанның оразасының қазасын ұстайды. Кешіктіргені үшін айып төлемейді.

С: Рамазан айының қазасын өтей алмай ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан фидия беруді өсиет етсе, артында қалғандар не істеуі керек?

Ж: Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының оразасы үшін марқұмның мұрагері әрбір күнге бір міскінді жарты сағ (1,625 кг) болатын бидай не бір сағ (3,25 кг) болатын арпа не құрмамен тамақтандыруы керек.

Return to Top ▲Return to Top ▲