АҚСАҚАЛДАР ФОРУМЫНЫҢ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумында Үндеу қабылданды.

Форум Үндеуін Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрбек Есмағанбет оқып берді.

«Біз, «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумына қатысушылар, бүгінгі сөзімізді қазақ елінің барша үлкендері мен жас буын өкілдеріне арнаймыз.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халқымыздың ұлағатты қағидасын алға тарта отырып, өмірден көргені мен түйгені мол қариялардың қоғамдағы ақсақалдық тұлғасы мен тарихи рөлін, абырой-беделін арттыруға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі бастамаларын қолдаймыз.

Елдің қамын ойлап, ағайын арасы мен жұртшылықтың береке-бірлігін, ырыс-ынтымағын ақыл-парасатымен, үлгілі өнегесімен жарастырып келген қариялардың орны біз үшін қашан да бөлек.

Асыл дінімізде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету – әрбір мұсылманның міндеті. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім қарияны құрметтесе, қартайған шағында өзі де құрметке бөленеді», – делінген. Сондықтан қарттарға құрмет көрсету – ата-анаңды сыйлағанмен тең.

Ақсақалдарымызды ардақтап, қарияларымызды құрметтеу, үлкендердің айтқан ақыл-кеңестері мен өсиеттерін зер сала тыңдау – баршамызға ортақ міндет.

Біз, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен бүгінгі форумға қатысушылар, барша қарияларымызды елдің бірлігі мен берекесінің ұйытқысы болуға, халқымызды асыл дініміз бен ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауға шақырамыз.

Сондай-ақ жастарды еліміздің тарихи-рухани мұраларын қадірлеуге, ұлттық болмысымызға жат түрлі теріс іс-әрекеттер мен діни жат ағымдардың ықпалынан сақтануға, имандылық пен адамгершілікке, отансүйгіштік пен патриотизмге, білім мен адал еңбекке үндейміз» делінген форум Үндеуінде.

Айта кетейік, «Қариялар – ел қазынасы» І республикалық ақсақалдар форумына мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысып, баяндама жасады.

Return to Top ▲Return to Top ▲