ИМАННЫҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ

Құранда Жаратушыға иман ету мен иман келтірмеу тұрғысынан адамдардың діни дәрежесі әр түрлі болатындығы анық түрде баян етілген. Сондықтан біз де бұл жерде сенім тұрғысынан адамдардың ислам діні бойынша, қалай аталатындығын аят пен хадис аясында қарастыра отырып, олардың діни дәрежелеріне қысқаша анықтама берейік.  

  1. Мүмин

     Аллаға, Оның Елшісіне (с.ғ.с) және ислам дінінің әкелген барлық діни үкімдеріне күмәнсіз, сенімді түрде иман етіп, ислам дінінен басқа дінді қабыл етпеген кісіге мумин, не мұсылман дейміз. Жүрегінде иманы болып дүниеден өткен момын пенделерге Алла о дүниеде сый ретінде жәннәттан орын беретіндігін көптеген аятта айтып өтеді. Мумин пенделер көзге көрінбеген, көрмеген, адам қиялынан тыс болған нәрселерге сенетіндігімен айқындалады. 

   Мумин пенделердің барар жері жайында аятта былай дейді: «Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендер үшін Фир- даус жәннәты қонақ үй болады. Олар онда мәңгі қалады да өздері одан ауысуды қаламайды» (18.Кәһф-107).

 Муминдер Аллақа және дінге шынайы сенгендіктері үшін еш күмәнсыз ақыретте астынан өзендер аққан Алланың суреттеуге тіл жетпес жәннәтына барады. Себебі, бұл Алланың муминдерге берген уәдесі екендігі мына аятта: «Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлары бар. Бұл Алланың уәдесі. Алла уәдесінен таймайды» (39.Зумәр-20) –деп бекітіледі.

  • Кәпір және күпірліктің түрлері

 Аллаға және пайғамбарларына сенбеген, діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келген, жаратылыс ақиқатын мойындамаған кісіге «қабыл етпеуші, қарсы келуші, жоққа шығарушы» деген ұғымдарға келетін «кафир» (кәпір) атауын береді. Күпірлік тек Аллаға, пайғамбарына сенбеу ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орындалады. Адамзат тарихындағы Алланың бар және бір екендігіне сенбеуші, пайғамбардың хақ екендігін қабыл етпеуші «материалист» немесе «атеист» жандар діни тұрғыдан алғанда кәпір болып есептеледі. Құран Кәрім кәпірлер жайында өте көп сөз қозғайды. Құранда Аллаға сенбеушілер, Оған қарсы келушілер туралы айтылмаған сүрелер кемде‑кем десек артық айтқандай болмаспыз.

    Алла Тағала өзіне сенбеген яки қарсы келген пенделерге ақыреттегі азабын баян ете келіп, олардың жан түршігерлік азапқа душар болатындығын аяттарында нақты айтады. Кәпірлер жайында айтылған кейбір аяттарды келтірер болсақ:

«Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті әрі періштелердің және барша адамдардың лағынеті болады» (2.Бақара-161).

«Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-56).

 «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды. Олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәһарларды осылай жазаландырамыз. Оларға оттан төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз» (7.Ағраф, 40 – 41).

«Әй, пайғамбар! Кәпірлермен және мунафиқтармен күрес. Оларға қатаң бол. Олардың орны тозақ, қайтып барар орны қандай жаман» (9.Тәубе-73).

«Сөзсіз күнәһарлар тозақтың азабында мәңгі қалады. Олардың азабы жеңілдетілмейді де, олар онда күдер үзген түрде қалады» (43.Зухруф, 74-75).

Пайғамбарымыздың да өмір бойы Алла Тағалаға сенбеушілермен күресіп келгендігі мәлім. Бірақ, Алла дінсіздерге үгіт-насихат дарымайтындығын айтып, олар үшін қайғырмауды мына бір аятпен түсіндіріп өтеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрібір. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар» (2.Бақара, 6 – 7).

Оқырмандарымыз бұл жерде: «Аллаға иман етпегенімен мұсылмандардан да жақсы мәміле жасаған, қолынан келген жақсылығын аямаған басқа дінде де адамдар баршылық, бұлардың жасаған жақсылығы ақыретте есептеле ме, әлде олар да кәпірлер секілді азапқа ұшырай ма? Азап шегетін болса жазығы не?» деген сауал қоюлары мүмкін.

Бұл сұраққа төмендегіше жауап беруге болады:

Біріншіден: Аллаға және иман негіздеріне иман етпегендігі үшін олардың жасаған жақсы амалдары ақыретте өздеріне ешқандай пайдасы болмайтындығы мына аяттан белгілі болып тұр: «Негізінен қарсы келіп, кәпір күйінде өлгендер олардың әрбіреуі жер беті тола алтын төлесе де әсте қабыл етілмейді. Міне солар үшін күйзелтуші азап бар. Сондай-ақ оларға ешбір жәрдем жоқ» (3.Али Имран-91).

Екіншіден: Әлгіндей кісілер Әбу Тәлібтің Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) жасаған жақсылығындай жақсылық жасамаған болар? Әбу Тәліб Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) пана болып, ислам дінінің қуат алуына едәуір көмек көрсеткенімен бұл дүниеден имансыз кетті. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кісіге өлер алдында қаншама рет жалбарынды:

– Уа, көкешім! Өлместен бұрын кәлимә шахадат айтшы. Ертең ақыретте Алла Тағаланың алдында сенің мұсылмандығыңа куәлік етейін,- деді.

Сонда Әбу Тәліб:

 – Мен ата-бабаларымның ұстанған дінімен өлемін. Егер мен сенің дініңді қазір қабыл етсем, Құрайыштар мен өлген соң Әбу Тәліб өлімнен қорыққандықтан, Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін қабылдады деп, сөз айтатындығын білемін, – деп иман етпеген еді. (Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Дамира Өмірзаққызы Ибрагим, Адамзаттың асыл тәжі, 226-228-бет)

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) иман етпестен дүниеден өткен көкесі үшін Алладан истиғфар тілеп, дұға еткенде мына аят түседі: «(Мұхаммед с.а.у.) расын- да жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады. Сондай-ақ Ол тура жол табатындарды жақсы біледі» (28. Қасас-56). Артынан мына аят тағы түседі: «Пайғамбарға және муминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да мүшриктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды» (9.Тәубе-113). Бұл аят қаншама жақсылық жасаған, 8 жасынан бастап, 50 жасына дейін мүшриктерден қорғап өткен Әбу Тәлібтің тозақтық екендігін білдіреді. Олай болса иман етпеген соң, салих амалдың ешқандай пайдасы жоқ екендігін ұмытпайық.

Айыртау аудандық « Қайрош ата»                                   Садуов Табиғат

Мешітінің бас имамы

Return to Top ▲Return to Top ▲